Пятница, 29 марта, 2024

Басқада

АШУДЫ САБЫРҒА ЖЕҢДІРДІ

Қаңтардағы бейбіт шеру тасадан тас атушы күштердің ықпалымен бүлікке ұласты. Сол сойқанда оқ атылды, әсем қала Алматы оққа оранды, қарапайым халық жапа шекті, жазықсыз адамдар көз жұмды. Ел тыныштығы бұзылып, халық алаң күйге бөленді. Сын сағаты соққанда Қапшағай қаласының әкімі Нұрлан Құматаев ел алдына шығып,  халықты ауызбірлікке шақырып, қатерлі сәтте бүліншілікке жол бермеді.

Қала басшысы алғашқы күннен Қапшағай аймағына алты блок-бекет қойып, Шеңгелді мен Арна ауылдарының және қаланың 5-ші шағын ауданының айналма жолына, «Фламинго» ойынханасының маңына және №4,7 саяжайларына барар жолдарға бекеттер орнатып, шаһар тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді бірден қолға алды.

Сырттан келер қауіптің алдын алуға еңбек ардагерлері, Тәжік-Ауған шекараларындағы әскери әрекеттер мен Ирак республикасындағы бітімгерлік миссиясы ардагерлер одағы филиалының төрағасы Серік Сәрсембаев, Ауған соғысы ардагерлер одағының төрағасы Қанат Молдабергенов, Қапшағай қаласының бас имамы Алдажар Сейітұлы еріктілер тобын ұйымдастырып, қала басшысының маңына топтасып бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білді. Олар ынтымақ пен бірлікті ту етіп ұстап, ел тыныштығына сызат түсірмеуге үндеп, өз наразылықтарын білдірген азаматтарға басу айтып, сабырға шақырумен болды.

Қала әкімі Нұрлан Құматаев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Беспаев пен Қапшағай қаласының бас имамы Алдажар Сейітұлы жиналған топтың алдына бірнеше рет шығып,  қысталаң сәтте ашуды ақылға жеңдіру жөнінде келелі әңгімелер өткізді. Соның нәтижесінде қалада нысандарды бүлдіру, сауда дүкендерін тонау, өртеу сияқты қайғылы оқиғалар жол берілмеді.

Өткен жұма күні  Тәжік-Ауған шекараларындағы әскери әрекеттер мен Ирак республикасындағы бітімгерлік миссиясы ардагерлер одағы филиалының ардагерлері орталық мешітте «Қаңтар қасіретінде» қайтыс болған марқұмдарға ас беріп, құран бағыштады. Осы іс-шарада аталмыш ардагерлер одағы филиалының төрағасы Серік Сәрсембаев төтенше жағдай жарияланған күннен бастап, көпшілікті сабырлық пен ауызбірлікке шақырып, дүйім елдің ортасында болған Қапшағай қаласының бас имамы Алажар Сейітұлын «Қазақстан патриоты» медалімен марапаттады.

-Ел басына түскен бұл сынаққа да сабырмен, төзіммен қарауымыз керек. Қиындықтар кездессе, оған сабыр ету  болашақта адамға келетін нығметтердің, жетістіктердің басы деп қабылдауымыз қажет. Қазақтың «Әрбір істің қайыры бар» деген сөздері осындайда еріксіз еске түседі. Ұлы Жаратушы қашанда сабырлы пендесіне мейірімін төгеді. Менің азын-аулақ еңбегімді елеп, марапат көрсетіп жатқан ардагерлер ұйымдарына рахметтен басқа айтарым жоқ,-деді Алдажар Сейітұлы өз ризашылығын білдірді.

 Зарыққан ӘБІЛҚАСЫМҰЛЫ

Nurly OLKE газеті

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

Жаңалықтар | Новости