Пятница, 29 марта, 2024

Басқада

БҰРЫНҒЫ ӘКІМ «ЖҰМЫСТАН ШЫҒАРАМЫН» ДЕСЕ, ҚАЗІРГІ  ӘКІМ «КІТАБЫҢДЫ ШЫҒАРАМЫН» ДЕДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауынан кейін осыдан 30 жыл бұрын  Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевпен жүздесіп, сұхбат алу бақытына ие болған Әлем Халықтары Жазушылар және Қазақстан Журналистер одақтарының мүшесі, Қазақ журналистикасының қайраткері, Балқаш ауданының Құрметті азаматы, ардагер журналист ЕСІЛБАЕВ Зарыққан Әбілқасымұлымен әңгімелесудің сәті түскен еді.

 -Зарыққан Әбілқасымұлы жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған кезекті Жолдауына байланысты жазған пікіріңізде осыдан 3 жыл бұрын Қапшағай қаласына   Дінмұхамед Қонаев есімін беру жайында мақала жазғандықтан жазықты болғаныңызды айтыпсыз. Соның жай-жапсарына тоқтала кетсеңіз.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Қапшағай қаласына Дінмұхамед Қонаевтың атын беруді қолдауға дайын екенін айтқанында көзімнен жас ыршып кеткен еді. Мен үшін Д. Қонаевтай заңғар тұлғаның үзіліп қалған дәуірі шығыстан күн болып қайтадан көтеріледі деген үлкен үміт пайда болды. Ақжолтай хабар қапшағайлықтарды ғана емес, барша қазақстандықтардың көңіліне қуаныш ұялатқаны анық.

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев елімізді билеген 30 жылда оның қаһарынан қорыққан биліктің төңірегіндегілер Ұлы Даланың дана перзенті, кемеңгер тұлға Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың қазақ еліне сіңірген өлшеусіз еңбегі мен көрсеткен көл-көсір қамқорлығы жайында жария айтуға батылдары бармады. Ал Қонаев хақында қандай да бір пікір білдірген журналистер абақтының ар жағынан шықпаса да, біраз теперішті бастарынан кешірді. Ол құқай менің де басымнан  айналып өтпеді.

2019 жылы тамыз айының басында қалалық «Нұрлы өлке» газетіне жазған «Қапшағай — Қонаевтың қолтаңбасы» деген мақалам мені біраз уақыт сергелдеңге түсіргені бар. Газетте жарияланып, әлеуметтік желілерге шыққан аталмыш мақаладағы «Қапшағай — Қонаевтың қолтаңбасы екендігі шүбәсіз ақиқат. Ел экономкасының сан қырлы мәселелерін шешуде мәмілегерлігімен Мәскеуді мойындатқан Димаш аға саясаткерлігінің арқасында Қапшағайдың етегіндегі Іле өзені бөгеліп, ірі өндірісті қала салынды. Қапшағай ГЭС-і арқылы Жетісу өңірі электр жарығымен қамтылды. Шеңгелді мен Ақдала алқабы игеріліп, бұрынғы құлазыған сайын дала бау-бақшалы өңірге айналды.

 Алматыға қанаттас Қапшағай қаласы — Дінмұхамед Қонаевтың бастамасымен өмірге келген шаһар. Қалай айтсақ та Қапшағай қаласы ұлы тұлғаның төл перзентіндей өнегелі өміріндегі бір өрнегі десек, Қапшағай қаласының  50 жылдық мерейтойы қарсаңында Қонаев атауы берілсе деген үкілі үміт қайта маздай түскендей. Оның да сәті келіп тұрғандай. Қонаев — тек Қапшағайды емес, күллі Қазақстанды өркендетіп кеткен ұлы тұлға. Көзі тірісінде 43 қала салдырған Димекеңе әлі күнге бір қаланы қимай келе жатқанымыз елдігімізге сын. Қапшағай қаласының 50 жылдығында шырайлы шаһарға Қонаев есімі берілсе нұр үстіне нұр болар еді» деген ұсыныс-пікірім  үшін жазықты болып шыға келдім.

Мақаланың жарық көруі сол-ақ екен қала әкімдігіндегі шенеуніктер шақырып алып, «шаңымды» бір қағып алды. Сол кездегі қала әкімі Талғат Қайнарбеков пен оның «нөкерлері» маған жоғарыдағы «үлкен кісіге» ұнамайтын мақала жазғандығымды  айтып, саяси-ағарту жұмысын жүргізіп, «қателігімді мойындап» кешірім сұрауым қажеттігін талап етті. Тіпті, қала әкімі Т. Қайнарбеков осы мақаланың салдарынан  өзінің «үлкен кісіге» қарсылардың санатына қосылып,  қырына ілініп кетуі мүмкін екендігін жеткізді.  Айтқандарына көне қоймайтынымды аңғарған қала әкімдігіндегі жоғары лауазым иелері  «Облыс әкімі Амандық Баталов осы мақаланы жазған журналистен түсінік алып, шара қолданыңдар деп тапсырды Түсінік жазбасаңыз қызметтен босатыласыз» дегенді алдыма тартты. Солардың «сілкілеуі» бір себеп болса, екінші жағынан зейнеткерлікке шығуыма небәрі сегіз ай қалғандықтан жүйкемді жұқартқым келмей «сендерге керегі түсінік қой» деп, оны қолдарына ұстатып тұрып: «Егер ғайыптан тайып Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күндердің бір күнінде «Қапшағай қаласына Қонаев есімі берілсін» деп жарлық шығарса, сол кезде маған қандай уәж айтар едіңдер?» деген едім. Амал нешік, ешқайсысынан тұщымды жауап ала алмадым. Сондағы менің бар жазығым Қапшағай қаласына Дінмұхамед Қонаев атауы берілсе деген ұсынысым ғана болатын.

-Президенттің Жолдауынан кейін 18   наурыз  күні қапшағайлықтардың қатысуымен  қаланың орталық алаңындағы Д. Қонаев ескірткішінің жанында өткен митингке өз кабинетіңізде ілініп тұратын Димаш атаның портретін ұстап шықтыңыз. Сол жерде әлдекімдерге кенепке майлы бояумен салынған портреттің тарихы бар деп жатқаныңызды құлағымыз шалып қалды.  Бұл портретті  қайдан алдыңыз және оның қандай тарихи сыры бар?

Е, ол ұзақ әңгіме ғой, қысқартыңқырап айтайын.1986 жылдың қыркүйек айында Балқаш аудандық «Балқаш еңбеккері» газеті редакциясының бір топ журналистері аудандық партия комитетінің хатшысы Майданкүл Әбдікованың қырына ілігіп, редакциядағы ахуал ушыққандықтан жұмыстан өз еріктерімен кетуге мәжбүр болды. Газет редакторы Сайлаубек Байдүйсеновтың принциптілігін тезге салу үшін редакторлығынан босатылып, партияның тапсырмасы деген желеумен «Ақкөл» совхозы кәсіподақ комитетінің төрағалығына қызметке жіберілді. Қалғанымызға екі қолға бір күрек дейтін сәт туды. Мен болсам Бақанас су жүйесі мекемесіне слесарь болып жұмысқа орналастым. Сол арада Желтоқсан дүрбелеңі дүниежүзін дүр сілкіндіріп, әркім аяғын санап басатын, сөз аңдитын, сөз таситын «37 жылдың» науқаны қазақ даласында шыркөбелек айналып жүре бергендей нәубет басталды.

Арада біраз уақыт өткенде жаңадан жұмысқа орналасқан әріптестеріммен танысайын деп, «Балқаш еңбеккері» газеті редакциясының табалдырығынан аттағанымда жаңа редактордың қолтаңбасын аңғардым. Өзгеріс көп сыңайлы. Қабырға газеттері, түрлі стендтер ауыстырылып, қайта жасалынған. Демалыс бөлмесіне жолай соққанымда, бұрындары төрінде ілініп тұратын Дінмұхамед Қонаевтың майлы бояумен кенепке салынған үлкен портреті көзіме шалына қоймады. Колбиннің «қаһарлы қылышы қиып түсіргенін» ішім сезді.

Газет редакторы Шархан Қазығұловтың кабинетіне кіріп, сәлем беріп біраз отырғаннан кейін Димаш ағамыздың портретін сұрап едім ол: «Жоғары жақтан пәрмен келген соң алуға тура келді. Ол архив сақтайтын бөлмеде»,-деді кібіртіктей сөйлеп. «Димаш ағаның портретін қайта орнына ілуге болмас па?» деп едім Шәкең: «Бас екеу емес қой» деп күмілжіді. Әрине, ол кезде редакторды да түсінуге болатын-ды.

Сол бір жылдары Қазастанды Колбин, Кеңес Одағын Горбачев билеген тұста Қонаевтың атын атауға қатаң тыйым салынғанын аға ұрпақ өкілдері ұмыта қойған жоқ. Қуғын-сүргіннің алып машинасы қазақтың біртуар перзенттерінің басына қара бұлт үйіріп, ұлтжанды азаматтарды бірінен кейін бірін ақ-қарасын айырмастан жұмыстан қуғындап, түрмеге тоғыта бастады. Ал, билік тізгінін ұстап, халықтың сөзін сөйлейді  деп үміт күткендер шыңғырған шындыққа араша түсе алмады.

-Архивте шаң басқанша ол портретті маған бер, мен үйге алып кетейін,-деп едім Шархан қарсы болмады. Үйге қуанышым қойныма сыймай Димаш ағаның портретін құшақтап оралдым. Араға төрт жыл салып, 1990 жылы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы ауысқаннан кейін аудандық газетке жұмысқа қайта шақырылдым. Бұл тұста республикадан Колбин кетіп, Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшылығының тізгінін Нұрсұлтан Назарбаев ұстаған, газетке Сайлаубек Байдүйсенов редактор болып қайтадан тағайындалған шақ еді. Димаш ағаның портреті үйден жұмыс кабинетімнің төріне көшті.

 Жариялылық деген аты ғана болмаса, саясаттың салқын ызғары әлі де жыли қоймаған тұс. Редакцияға қазіргі кездегідей емес, күнделікті келіп-кетуші жергілікті тілшілер мен газет оқырмандары аса мелжемді болатын. Есіктен кіргендердің бәрінің көзі ең бірінші төрдегі Димекеңнің портретіне түседі. Біреуі: «Жарайсың!» десе, екіншісі: «Алып таста. Ертеңгі күні құрисың!» дейді. Портрет бәрінен де аудандық партия комитетіндегі нұсқаушылардың көзіне күйік болды. Ауызша да, телефонмен де бірнеше рет ескерту де жасады. Бірақ Димекеңнің портреті сол орнынан қозғалмады. Уақыт өте келе нұсқаушылар ұмытып кетті ме, әлде басқалай себеп-салдары болды ма, мазалауын доғарды. Менің де көңілім орнына түсті.

1994 жылы аудан әкімінің оспадар қателігінен 60 жылға жуық тарихы бар «Балқаш еңбеккері» газеті редакциясы мүлдем жабылып қалды. «Жазған құлда шаршау жоқ»,  «шындықты жазғыштығым» басыма таяқ болып тиіп, тағы да жұмыссыз қалған мен үйге Димекеңнің портретін құшақтап оралдым. Ол кезде бұл күнгідей жосыған жұмыссыздық жоқ. Қайда жұмысқа орналасамын десең де жол ашық. Бірақ басқаларға ашық болғанымен, маған келгенде мың сылтау алдымнан «маңырап» шығады. Мені жұмысқа қабылдаған мекеме басшысы сол күні-ақ жылы орнымен қоштасатындығы туралы аудан әкімінен берілген қаһарлы бұйрықтың сырын кейінірек естідім.

Арада алты ай өткенде Бақанас су жүйесі мекемесінің бастығы Мұқанғали Қожабеков үйіме арнайы іздеп келді.

-Бұрын үш жыл бірге жұмыс істедік. Су құбыры жүйесін білесің. Маған инженерлік жұмысқа кел,-деп ойда-жоқта мен күтпеген ұсыныс жасады..

-Аға, менің қоңырауым бар ғой. Ертеңгі күні сізге зардабым тиіп кетер. Ниетіңізге рахмет!-деп едім, Мұқанғали аға болмады. Келісімімді беріп жұмысқа шықтым.

Димаш ағаның портреті де Бақанас су жүйесі мекемесінің төрінен орын алды. Келген-кеткен адамдар портретті көріп, Димекеңді аса ризашылықпен еске алып, Балқаш ауданына жасаған шексіз қамқорлығын, өлшеусіз еңбегін тамсана айтып жүрді. Алайда мені жұмысқа қабылдағаны айналып келгенде Мұқанғали ағаның маңдайына соққы болып тиді. Байқаймын, Мұқаң аудан әкімшілігіне көңілді барғанымен, ол жақтан қабағы салыңқы қайтатындығы жиіледі. Жіптің ұшы маған тіреліп жүргенін сезіп, бір күні алдына жұмыстан өз еркіммен шығу жөнінде арызымды қойдым. Жібергісі келмеді, бірақ көнді. Үйренген соқпақпен Димекеңнің портретін алып, үйге қайттым. Одан кейінгі екі күз, екі қысты Балқаш аудандық тұрғын үй және коммуналды шаруашылық мекемесінде бу қазандығында от жағумен өткіздім.  «Білімің жоғары ғой, жұмысқа кел» деп шақырған жан болмады. Мен де жалынып ешкімнің есігін қағып, өтініш жасамадым. Ал, Димаш ағаның портреті үйімнің төрінде ілулі тұра берді.

1997 жылдың жазында Балқаш ауданына Әмір Күлмаханов әкім болып келгенен кейін «Балқаш еңбеккері» газеті «Балқаш өңірі» деген жаңа атаумен қайтадан ашылып, от жағушыдан газет редакторының орынбасары қызметіне қайта тағайындалғанымда, Димекеңнің портреті менімен бірге үшінші рет редакцияның табалдырығын аттады.

Колбиндердің сол кезде Дінмұхамед Қонаевтың өзі тұрмақ, оның суретінен қорқуының басты себебі, Димаш ағаны халықтың шексіз құрметтейтінін, бағалайтынын терең түсінді. Сондықтан суреттерін барлық жерден алғызып тастады. «Балқаш  еңбеккері» газеті редакциясының төрінен архивке өтіп, одан кейін менің қолыма тиген портреті сол лаңды басынан кешті. Өкініштісі, тәуелсіз ел атансақ та, «бір адамның» көңіліне жалтақтаған биліктегілер әлі күнге дейін Д. Қонаевтың атын атауға келгенде тым жалтақ.  1987 жылдан бері, яғни 35 жыл бойы осы портретті көзімнің қарашығындай сақтап келемін.  9 жылдан бері «Нұрлы өлке» газеті редакциясындағы жұмыс  кабинетімнің төрінде ілулі тұр.

-Сізді Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевпен жүздесіп, сұхбат алу бақыты бұйырған журналистің бірі деп естимін. Оның сәті қашан, қай жерде түсіп жүр?

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Алматы қаласында мереке күндерінде Дінмұхамед Қонаевты Орталық алаңның мінбесінен алыстан көргеннің өзінде бойымызды ғажап бір мақтаныш сезімі толқытып өтетін. Иықтас отырып сұхбат құрып, қолтаңба алуым 1992 жылы Балқаш ауданының орталығында өткен Димаш ағаның 80 жылдық мерейтойында болып еді. Ұлы адамнан сұхбат алғанымда төбем көкке бір елі жетпеген шығар.

-Қарағым уақытымыз өте тығыз әрі той жасап жатқан ұйымдастыру комитетінің протоколына бәріміз бағынуымыз керек,- деп жымия күлгені әлі күнге есімнен кетпейді. Димаш ағадан алған сұхбатым 1992 жылы қаңтар айының 17  күні «Балқаш еңбеккері» газетінде жарияланды. Ұлы тұлғамен дидарласып,  сұхбаттасып,  суретке түсу мені шексіз қуанышқа бөлеген еді.

Той соңында өзімше ырым жасап, төрде жайылған дастарқандағы Димекеңнің  бокалындағы шарапты сарқып ішіп, көпшілікпен бірге қосыла әндетіп, ақ «Волгасына» мінгізіп, қол бұлғап қала берген сол бір шалқыған күнді есіме алып отырсам, арада 30 жыл өте шығыпты. Сынаптай сырғыған уақыт деген осы.

— Бірнеше тарихи-танымдық кітаптардың авторысыз. Қапшағай қаласының 50 жылдық мерейтойлық кітабында  қолтаңбаңыз қалды. Бұл кітапты  жазуда архивте айлап отырып, жұмыс істегендігіңізді көзіміз көрді. Келешекте Дінмұхамед Қонаев атамыз жайлы кітап жазу ойыңызда бар ма?

-Өзің айтып отырған «Қазыналы Қапшағай» кітабын жазу кезінде Қазақстан Республикасы Президенті, ҚР Орталық мемлекеттік, Алматы облыстық, Қапшағай қалалық архивтерінің қызметкерлерімен бірлесе зерттеу жұмыстарын жүргіздім. Мүмкіндігім жеткенше материалдар жинақтадым. Бірақ оның басым көпшілігі аталмыш кітапқа енгізілмей сырт қалып қойды. Сол кезде Қапшағай туралы еш жерде жарияланбаған тың деректердің басын қосып  кітап жазу ойыма келгенімен, қала әкімі тарапынан нақты қолдау болмады, екіншіден, жоғарыда айтқан мақалам үшін әкімдік тарапынан саяси-ағарту жұмысынан өткенім бар, үшіншіден,  кітап шығару үшін әжептәуір қаражат та керек еді. Ал қатардағы журналисте ондай қаржы қайдан бола қойсын?

Сөйтіп жүргенде қала әкімдігінде ауыс-күйіс орын алып, қала басшылығына Қанат Құматаев тағайындалды. Зейнеткерлікке шыққан соң  қолға алған «Қапшағай-Қонаевтың қолтаңбасы» атты кітабымның қолжазбасын  жаңа тағайындалған әкімге көрсетуге көпке дейін батылым бармады. Тағы да маңдайым тасқа тиіп, меселім қайта ма деген ішкі сақтық  тұсаулады. Өткен жылдың жазында кітап қолжазбасы біраз жинақталып болды-ау дегенде қала әкімі Нұрлан Құматаевтың қабылдауына бардым. Кітап жобасындағы мұқаба үлгісіне Дінмұхамед.Қонаевтың Қапшағай қаласындағы ескерткішінің тұтастай суреті салынған еді. Ондағы ойым шаһар басшысының Димаш ағаға деген көзқарасын білуден туындаған еді. Қолжазбамен танысқанан кейін Нұрлан Орынбасарұлы «Мұқабаға ешқандай өзгеріс жасамай-ақ қойғаныңыз мақұл болар.  Көш бастап қазақ халқын дүниенің түкпір-түкпіріне танытқан Қонаев атамыз ұзақ жылдар бойы елімізді басқарып, экономикамыздың өркендеуіне, мәдениетіміздің гүлденуіне, халқымыздың тұрмыс дәрежесінің жақсаруына көп еңбек сіңірді. Димаш атамыз қандай құрметке болса да лайықты тұлға. Кітаптың толықтыратын тұстары әлі де баршылық екен, соларды  тиянақтап аяқтаңыз, мен кітапты шығаруға көмектесейін,-дегенде сенер-сенбесімді білмедім. Өйткені, дәл сол тұста Нұрлан Орынбасарұлынан бірден кесімді жауап қайтаратындығын күтпеген едім. Бұдан үш жыл бұрын сол кездегі әкім Т. Қайнарбеков «Д. Қонаевқа қала атауын беру керек» деген ұсынысым үшін «жұмыстан шығарамын» десе, қазіргі әкім Нұрлан Құматаевтың  «Д. Қонаев жөнінде жазған кітабыңды шығаруға көмектесемін» дегені үш ұйықтасам түсіме кірмейтін тосын хабар болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Жолдауынан кейін кітапқа тағы да бірқатар толықтырулар қажеттігі сезілді. Сонымен қоса архивтен әлі де біраз деректерді қосуды аңғарып отырмын.  «Құланның қасуына мылтықтың басуы» демекші, Қапшағай қаласы Дінмұхамед Қонаевтың атымен аталған кезде «Қапшағай-Қонаевтың қолтаңбасы» деген еңбегім қала әкімі Нұрлан Құматаевтың демеушілігімен жарыққа шығады деген үмітім басым.

Димаш аға туралы 2020 жылы «Дінмұхамед Қонаев және Балқаш елі» деген 260 беттік деректі-танымдық кітап жазып, бұрындары еш жерде жарияланбаған фотосуреттерді енгіздім. Бірақ әлі күнге дейін ол кітаптың тұсаукесері аталып өткен жоқ. Соған қарағанда кейбір әкімдер Д.Қонаев деп айтуға әлі күнге жоғары жаққа жалтақтауын қояр емес. Азаматтық мінезден айырылып қалған оларға айтарға сөзім жоқ.             

Әңгімеміздің әлқиссасына оралсам, бүгінгі таңда кабинетімнің төрінде тұрған Дінмұхамед Қонаевтың портретіне көз салған сайын ұлы адамның рухынан нәр-қуат алғандай сезінемін. Ұлы тұлғаны халықтың зердесінен өшірмей, бүгінгі ұрпаққа үлгі етіп ұсыну үлкен әрі жауапты парыз екенін біздер, аға буын өкілдері жақсы білеміз. Көзі тірісінде-ақ әз халқы пайғамбардай сыйлаған Димекеңнің есімін ғасыр өтсе де, әлі талай ұрпақтың айта жүретініне өз басым кәміл сенемін.

Мен дүние қызығын қумадым, байлық  жимадым, ешкімді сатпадым, ешқайсыларының ту сыртынан пышақ қадамадым. Айтсам кімге де болса жасқанбай, жалтақтамай беттеріне айттым. Біраз сергелдеңді басымнан кешірсем — аққа жақ болғандығым. Ал аяғымнан шалып, соңымнан сөз ерткен пенделерді әлдеқашан кешіргенмін. Бәрін ішімде сақтап жүру — менің бойымда жоқ қасиет. Сондықтан қай ортада жүрсем де, кім-кімнің болса да көздеріне тура қарай аламын. Ал ертеңгі күні ұрпағыма қалдырар құнды жәдігерім көзімнің қарашығындай сақтап келе жатқан Димаш ағаның портреті мен  азын-аулақ жазған кітаптарым болар деп ойлаймын.

-Әңгімеңізге рахмет! Сізді Димаш атамыздың рухы желеп-жебеп жүре берсін.

Әңгімелескен Айжарық КӨПТІЛЕУОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Жаңалықтар | Новости