Четверг, 25 апреля, 2024

Басқада

Қонаев атауын қапшағайлықтар қолдауда

Еліміздің Президенті Қ. Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа арнаған кезекті Жолдауын жолдағаны баршаға мәлім. Маңызды құжатта Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстанды» құру жолындағы өзекті мәселелерге тоқталды. Қасым – Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын билікке жеткізуде бұқаралық ақпарат құралдарының алар орнының маңызылығын, журналистердің бәсекеге қабілетті болуы керектігін, қоғамымызды ыдырату үшін сырттан берілетін тапсырыстармен жұмыс істеуге немесе көлеңкелі қаламақы үшін саяси кландардың астыртын тартысына қатысуға болмайтындығын, журналистердің өз еліне және азаматтарына шынайы жанашыр болуға тиіс екендігін қадап айтты. Сонымен бірге БАҚ туралы заңды қайта қарау керектігін атап өтті. Сондай-ақ, Президенттің «Қапшағай қаласы халқымыздың біртуар перзенті – Дінмұхамед Қонаевтың есімімен тығыз байланысты. Егер жұртшылық Қапшағайға Қонаевтың есімін беру керек деп ұсыныс айтса, мен бұл пікірге қосыламын» деген сөзін естіген Қапшағай жұртшылығының қуаныштарында шек болмады десек, артық айтқандық болмас. Жолдауды теледидардан тыңдап отырған қапшағайлықтардың бір-бірлеріне телефон шалып, сүйінші сұрап, ақжолтай хабарды жеткізуге асыққандары мен қала тұрғындардың орталық алаңдағы Д. Қонаев ескерткіші жанында митинг өткізіп, Қапшағайға Қонаевтың есімін беруді қолдайтындықтарын білдіргендіктері соның айқын дәлелі бола алады. Тарихқа жүгінсек, Қапшағай қаласы Д. Қонаевтың бастамасымен салынғаны белгілі. Сол кездегі Іле аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Қазтай Ұлтарақовтың естелігінде Болашақ қаланы қандай жерге оналастыру жайлы ұзаққа созылған жиналысты қорытындылаған Д. Қонаевтың «Мынау Қапшағай деген азғантай жер, көлемі үлкен емес. Бірақ, осындай жерде үлкен жұмыс жүріп жатыр ғой. Егер де, замана деңгейімен өлшем жасасақ, істеліп жатқан істер жиырма бірінші ғасырдың үлесіне тиетін жай бар емес пе? Бірінші – экономикалық өзегі және қозғаушы күші болып есептелетін электр стансасы салынып жатыр. Екінші – автомашина жүретін жол мен көпір. Үшінші Іле өзені бөгеліп, су қоймасы жасалып жатыр. Ең негізгісі оңтүстіктегі ірі шөл даланың ортасында орналасқан су молшылығы ірі жер байлығын игеруге мүмкіншілік туады. Солай болса, осы кешеннің ортасына неге қала салмаймыз? …Өмір талабынан қалыспас үшін Алматы қаласындағы ірі өндіріс орындары көбеймек. Міне, осы айтылған жаңадан қосылатын өндіріс орындарын Алматыға салмай, осы жаңа қаланың үлесіне береміз деген ойымыз бар. Соған қосымша Алматыда орналасып жұмыс істеп тұрған кейбір өндірістерді осы жаңа қалаға аудару мақсаты жоспарымызда тұр. Бұл ойлар — іске асатын ақиқат шындық.Осы көлді халықтың демалыс орнына айналдыруымыз керек қой. Алматының көк түтініне тұншығып жатқан халқы көлдің жағасында бойларын жазып, сергитін мүмкіндіктер жасалынады.Бітірген жұмыстарымыздың ішіндегі маңыздысы жаңадан қаланың орны белгіленді, қаланың аты Қапшағай болып аталды»,- деп қаланың жарқын болашағы жайындағы өзінің арман-мақсаттары жөнінде әңгіме жібін сабақтағаны жазылған екен. Осылайша, қазақтың ұлы тұлғасының үлкен арманынан туған арман қала Қапшағай шаңырақ көтерген. Сондықтан Қапшағай қаласының атауын оның салынуына бастамашы болып, іргетасын өз қолымен қалаған Дінмұхамед Қонаевтың атымен атау тарихи әділеттік болатыны даусыз.Айжарық КӨПТІЛЕУОВ, Қапшағай қалалық «Нұрлы өлке» газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Жаңалықтар | Новости