Пятница, 29 марта, 2024

Басқада

ҚОНАЕВ АТАУЫН ҰСЫНЫП ЖАЗЫҚТЫ БОЛҒАНМЫН

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 16 наурыз күнгі Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауындағы «Қапшағай қаласы халқымыздың біртуар перзенті – Дінмұхамед Қонаевтың есімімен тығыз байланысты. Егер жұртшылық Қапшағайға Қонаевтың есімін беру керек деп ұсыныс айтса, мен бұл пікірге қосыламын» деген сөзін естігенімде көзімнен жас ыршып кетті. Бұл қуаныш жасы еді. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев елімізді билеген 30 жылда оның қаһарынан қорыққан биліктің төңірегіндегілер Ұлы Даланың дана перзенті, кемеңгер тұлға Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың қазақ еліне сіңірген өлшеусіз еңбегі мен көрсеткен көл-көсір қамқорлығы жайында жария айтуға батылдары бармады. Ал Қонаев хақында қандай да бір пікір білдірген журналистер абақтының ар жағынан шықпаса да, біраз теперішті бастарынан кешірді. Ол құқай менің де басымнан айналып өтпеді.2019 жылы Қапшағай қалалық «Нұрлы өлке» газетіне жазған «Қапшағай — Қонаевтың қолтаңбасы» деген мақалам мені біраз уақыт сергелдеңге түсіргені бар. «2020 жылы Қапшағай қаласының құрылғанына 50 жыл толу мерейтойы қарсаңында Қапшағай қаласына Қонаев есімі берілсе» деген ұсынысымның газетте жарияланып, әлеуметтік желілерге шыққандығы үшін жазықты болғанмын. Мақаламның жарық көруі сол-ақ екен қала әкімдігіндегі шенеуніктер шақырып алып, «шаңымды» бір қағып алды. Олар маған жоғарыдағы «үлкен кісіге» ұнамайтын мақала жазғанымды айтып, саяси-ағарту жұмысын жүргізіп, «қателігімді мойындап» кешірім сұрауым керектігін талап етті. Айтқандарына көне қоймайтынымды аңғарған шенеуніктер «Облыс әкімі Амандық Баталов осы мақаланы жазған журналистен түсінік алып, шара қолданыңдар деп тапсырды Түсінік жазбасаңыз қызметтен босатыласыз» дегенді алдыма тартты. Шенеуніктердің «сілкілеуі» салдарынан жүйкем әбден жұқарған кезде «сендерге керегі түсінік қой» деп, оны қолдарына ұстатып тұрып: «Егер ғайыптан тайып Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күндердің бір күнінде «Қапшағай қаласына Қонаев есімі берілсін» деп Жарлық шығарса, маған қандай уәж айтар едіңдер?» деген едім. Амал нешік, сауалыма жауап болмады.Мен үшін Президенттің Қапшағай қаласына Қонаев атын беруді қолдауға дайын екенін айтуы заманымыздың заңғар тұлғасының үзіліп қалған дәуірі шығыстан күн болып қайтадан көтеріліп келе жатқандай әсер қалдырды. Ақжолтай хабар қапшағайлықтарды ғана емес, барша қазақстандықтардың көңілдеріне қуаныш ұялатқаны анық. Зарыққан ӘБІЛҚАСЫМҰЛЫ,Әлем Халықтары Жазушылар одағы мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,Қазақ журналистикасының қайраткері,Балқаш ауданының Құрметті азаматы

Жаңалықтар | Новости