Суббота, 20 апреля, 2024

Басқада

«ӘКЕ — ОТБАСЫНЫҢ ТІРЕГІ» байқауы өз мәресіне жетті

Орта-мектеп гимназияда өтіп жатқан бастауыш сыныптар бірлестігінің онкүндігі аясында мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты нығайту және отбасының әкенің бала тәрбиесіндегі рөлін нығайтуға бағытталған «Әке – отбасының тірегі» байқауы әкені сыйлау, құрметтеу, оның отбасындағы орнын қастерлеп, қадірлеу кез келген баланың борышы екендігін түсіндіруге арналды.  

       «Әке — білек, саусағы – балалары, қан тамырмен жалғасқан аралары». «Ұл әкеден үйренбей сапар шекпес, қыз шешеден үйренбей өнеге алмас» деген екен Қорқыт бабамыз. Ата-ана, оның ішінде әкенің бала  тәрбиесіндегі орны туралы бүгінгі күннің  өзекті мәселесіндегі байқауға Асқарбек, Исажан,  Әбдірейім,  Совхозбай,  Бейсеналы,  Мәди, Нұрлан, Заманбек отбасылары қатысып, бақтарын сынады.

 «Таныстыру», «Сөз тапқанға қолқа жоқ» «Ситуациялық сұрақтар»,  «Қазақстанның болашағы», «Жалғасын тап», «Сабаққа  жиналдық», «Бір қолды өнер», «Білегімді сынаймын» деген тақырыптарға топтастырылған   8 кезеңнен тұратын  байқауда қатысушы әкелер өздерінің тапқырылықтары мен жылдамдықтарын, шығармашылықтарын, білімдерін ортаға салды.

 Байқау барысында әр бала әкелерінің бойынан күш — жігерді, батырлықты, батылдықты, қайсарлықты, білімділік сияқты қасиеттерді көре алды. Олардың әкелерінің бірі ақылды, білімді болса, бірі жігерлі, қайратты екендіктерін байқатты.

Әр кезеңнің арасындағы үзілістерде мектептің өнерпаз оқушылары  әкелердің көңіл-күйлерін көтеріп, ән айтып, би билеп, қошеметтерін көрсетті. Байқау қорытындысында бас жүлдеге  Бейсеналы  отбасы ие болды.  Бірінші орынды Асқарбек отбасы, екінші орынды Әбдірейім отбасы, үшінші  орынды Исажан отбасы жеңіп алды. «Қайратты әке» номинациясымен Совхозбай отбасы,  «Өнерлі әке» номинациясымен Мәди отбасы, «Белсенді әке» номинациясымен Эльдар отбасы марапатталды. Жарыс жеңімпаздарына мадақтама қағаздары, отбасылық құмыра, ал балаларға ертегі кітаптар табыс етілді.

Фариза БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ,

Орта-мектеп гимназияның бастауыш сынып мұғалімі

Жаңалықтар | Новости