Бейсенбі, Сәуір 21, 2022

Нұрлан КЕНЖЕАХМЕТ: ҚАРУМЕН ҚОРҒАЙ АЛМАҒАН ЖЕРДІ, ҒЫЛЫММЕН ҚОРҒАУҒА БОЛАДЫ

Басқада

Сейсенбі күні Қапашағай қаласының әкімі Нұрлан Құматаев тарих ғылымдарының докторы, профессор, АҚШ-тағы Гарвард университетінде ғылыми зерттеуші Нұрлан Кенжеахметпен бірге Гарвардтық кейспен жұмыс істейтін STEAM  білім беру мекемесінің құрылтайшысы Эльвира Амангелдіқызын және осы білім беру мекемесі құрылтайшысының кеңесшісі Раиса Ешімованы қабылдады.

Нұрлан Кенжеахмет ҚХР, Шыңжаңдағы Арасан ауданы, Қарабұқа кентінде дүниеге келген. Докторлық дәрежесін тарих саласы бойынша 2005 жылы Мәскеуде және археология саласы бойынша 2007 жылы  Бейжіңде қорғаған. Орталық Азия археологиясы, тарихы және тарихи географиясы бойынша көптеген ғылыми еңбектердің авторы. Қазақстанға келген соң,  Р. Сүлейменов атындағы шығыстану институтында және Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қызмет еткен. 2021 жылдың басынан бері АҚШ-тағы Гарвард университетінде Еуразияның тарихи географиясын сызуға атсалысып келеді. Оның зерттеу жұмыстарына XVII-XIX ғасырлардағы Қазақ хандығының географиялық жер атаулары мен Қазақ хандығының құрылу тарихы кіреді.

 Кеңпейілді рәуіште өткен әңгіме барысында тарихшы ғалым ертедегі географиялық карталарды зерттейтін ғалым болғандықтан, Қытай архивінен 1730 жылғы Қапшағай картасын көргенін тілге тиек ете отырып, тарих қойнауынын өте құнды тақырыпта сөз қозғады.

– Қазіргі жұмысым – Орта Азиядағы, соның ішінде Қазақстандағы да  тарихи жер-су аттарын анықтап, географиялық картада көрсету. Біз көбіне көне жер-су аттарын білмейміз, оны білмеген соң бұрынғы шекарамыз қалай бекітіліп, қай кезде, кімдердің белгілегенінен де бейхабармыз. Оны жайдан-жай ешкім мойындамайды. Оны мойындату үшін ағылшын тілінде монография шығарып, азулы елдердің мықты-мықты ғалымдарының пікірін қалыптастыру қажет. Қазір халықаралық ғылыми айналымда Қазақстан жайлы тарихи ақпараттар өте аз. Сондықтан бізге қазақ тарихы жайлы көбірек зерттеу жұмыстарын жасап, халықаралық деңгейде жариялау керек. Сонда ғана бүкіл дүниежүзі назар аудара бастайды,-деді әңгімесінің арасында.

STEM мектебінің құрылтайшысы Эльмира Амангелдіқызы Нұрлан Кенжеахметпен бірлесіп, «Тайқазанның таңғажайып тарихы» аталатын қазақ тарихына қатысты мега-жоба аясында деректер топтастырылған балаларға арналған топтама шығаруды жоспарлап отырғанын әңгімелеп берді.

 Кездесу соңында  қала әкімі Нұрлан Орынбасарұлы тарихшы ғалым Нұрлан Кенжеахметпен тығыз ғылыми байланыста болуға және алдағы уақытта STEAM  білім беру мекемесімен  бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты.

«Шет елде ана тіліңді білмесең,

сені ешкім сыйламайды»

Бұдан кейінгі «Тағылымы таусылмас тарих: кеше, бүгін, ертең» тақырыбы аясындағы кездесу қалалық орта-мектеп гимназияда жалғасты. Кездесуге білім беру ұйымдарының тарих пәнінің мұғалімдері, 9,10 сыныптың оқушылары, БАҚ өкілдері, қаланың белсенді жастары қатысып, сұхбат, пікір алмасу форматында өтті.

Нұрлан Кенжеахмет өз сұхбатын «Ұл мен қызымызды білімді де білікті, озық ойлы тәрбиелеу мақсатында болашақты бекемдеп, кемел ету ісінде басты мақсат не болу керек?» деген сауалға жауап беруден бастады. Ғалымның ойынша, күн тәртібінде қазақ қоғамына серпіліс беретін тың ойларды жеткізу, жастарға мотивация, қажет ақпарат беру мәселесі тұруы қажет. Өз-өзімізге сын көзбен қарап, қажет нәрсені үйреніп, қажетсіз, дамуымызға зиян келтіріп отырған мінездерден арылуымыз қажет. Ең бірінші мәселе болашақта Қазақстанның тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін кез келген территориялық даудың туындамауы үшін еліміздегі топинимикалық атаулардың шығу тегін зерттей отырып, тарихи географиялық картасы жасалуы тиіс. Қазақстанның тарихи географиялық картасына бұрын қазақ халқына қатысы болған барлық тайпа және ұлт территорияларының барлығын кіріктіріп сызу керек.

-Қытай ғалымдары Жетісу аймағын жоңғарлар уақытша жаулап алған кезін негізге алып, аймақты өзінің тарихи географиялық картасына енгізіп отыр. Қытай атласына қазіргі Қазақстан территориясында Балқаштың оңтүстігі мен шығыс бөлігі кіріктірілген. Шын мәнінде Жетісу аймағында ертеректен қазақ тайпалары өмір сүрген. XVIII ғасырда Абылай хан Балқаштың оңтүстігі мен шығысын қайта Қазақ хандығына енгізгенде, қазақ тайпалары қайта келіп орнықты. Қазіргі қазақ жері дүние жүзі бойынша тоғызыншы орында тұр, ал халқы 19 миллион ғана. Тарих ұлан-байтақ жерімізді сақтап қалу үшін қазаққа тарихты білу өте маңызды. Сонда ғана еліміздің амандығы мен жеріміздің тұтастығын сақтап қала аламыз. Сондықтан бүгінгі жастар өз білімдерін ұдайы жаңартып отыруға ден қойғанда ғана үлкен жетістіктерге жете алады, – деді ғалым.

Сұхбат барысында ол 18 сәуірде Алматыда  «Eurasian Historical Geography as Reflected in Geographical Literature and in Maps from the 13th to the Mid-17th Centuries» деп аталатын ғылыми монографиясын тұсаукесері болып өткенін еске салды. Ғалымның айтуынша, бұл еңбекті жазуға он жылдан астам уақыт жұмсаған. Өйткені, зерттеу барысында қолданылған карталардың басым бөлігі Жапониядағы құпия мәлімет саналды. Оларды алу үшін арнайы рұқсат алу қажет еді. Рұқсат алуға көп уақыт кетті дейді, ғалым. Сондай-ақ, Нұрлан Кенжеахметтің сөзінше, бұл еңбекте 500-600-ден астам топонимдік атау бар. Олардың кейбірінің атауын дәл табу үшін 5-6 жыл уақыт кеткен. Жалпы, әр топонимдік уақытты зерттеуге әртүрлі уақыт жұмсалды. Сегіз тіл білетін ғалымның сөзінше мұндай карталарды зерттеу үшін араб-парсы, көне қытай немесе шағатай тілдерін білу қажет.

-Сіз сияқты көп тілі қалай үйренуге болады?-деген сауалға ғалым.

 – Алдымен өзіңнің ана тіліңді білу шарт. Онсыз сені шет елде мейлі он тілді біліп тұрсаң да құрметтемейді. Олар өз тіліңді білмейтіндігіңді бетіңе салық етіп айтпайды, бірақ мәңгүрттердің санатына қосатыны анық. Сондықтан балабақшадан, мектеп қабырғасынан бастап мейлі шет елдің қай қиырында қандай жұмыс істеп жүрсең де қазақ тіліңде сөйлеу керек. Қажеттілік туындап жатса, басқа тілді түрлі курстар арқылы еш қиындықсыз үйреніп алуға болады,-деді.

Ғалым кездесуінің соңында Харвард университетінің базасында Абылайхан тұсындағы қазақ хандығының шекарасы туралы ғылыми зерттеу жүргізіп жатқанын, қазіргі қазақ  елінің шекарасы сол Абылайхан тұсында қалыптасқанын кеңінен әңгімелей келе «Ол туралы нақты деректер мен картографиялық мәліметтер бар. Бұл жөніндегі зерттеу де биылғы жылы жарық көреді»,-деді.

Кездесу соңында мектеп ұжымы Нұрлан Кенжеахметтің иығына шапан жауып құрмет көрсетті. Мектептің көркемөнерпаздары концерттік бағдарламасын ұсынды.

Зарыққан ӘБІЛҚАСЫМҰЛЫ

- Advertisement -spot_img
- Advertisement -spot_img

Жаңалықтар