Суббота, 20 апреля, 2024

Басқада

ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ӨТКЕН БАСҚОСУ

Жақында Қапшағай қалалық №2 гимназияның мәжіліс залында Алматы облысының  білім басқармасының ұйымдастыруымен «Қабылдаушы ата-аналарды бейімдеу» атты облыстық семинар болып өтті. Мақсаты — жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастырудың оңтайлы нысандарын іздестіру.

Іс-шараға Алматы облысының  аудандары мен қалаларының қорғаншылық және қамқоршылық органының мамандары, облыстық балалар үйлерінің директорлары, психологтар Шымкент қаласындағы «Ана үйі» қоғамдық қоры, Ұлттық бала асырап алу агенттігінің психологы Ляззат Серимбетова  қатысты.

Семинарды кіріспе сөзбен ашқан Алматы облыстық білім басқармасының қорғаншы, қамқоршы және мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Алиям Молотова өткізіліп отырған шараның мақсат-міндеттеріне тоқталды.

 Шара барысында  Алғашқы сөз кезегін алған «Ана үйі»  Қоғамдық қоры Ұлттық бала асырап алу агенттігінің Шымкент қаласындағы психологы  Ляззат Серимбетова жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген Қазақстан Республикасының азаматтарын психологиялық даярлау курсы туралы сөз қозғады. Ляззат Мирбахытқызы «Ана үйі» қоғамдық қоры мен Бала асырап алу ұлттық агенттігінің  бағыттары жайында мағлұмат беріп, жиналғандарды бала асырап алушы ата-аналар мектебінің бағдарламасымен  таныстырды.

Одан кейін мінбеге шыққан Талдықорған қаласындағы  «Айналайын» балалар үйінің директоры Жадыра Сейсенбаева балалар үйі тәрбиеленушілерін отбасына орналастыру мәселелерін әңгіме арқауына айналдырды. Балалар үйі директорының айтынша, 2017-2022 жылдар аралығында 72 бала отбасына орналастырылыса, солардың 45-і балалар үйіне қайта түскен көрінеді. Ж. Сейсенбаева  бала асырап алуға үміткер ата — аналар көбіне жасы кіші және жалғыз баланы алғысы келетіндігін, өкінішке орай, 6-10 жастағы балалардың барлығы бірнеше ағайынды,  екендігін,  ал, үлкен балаларды алғылары келмейтіндігін тілге тиек етті.

Келесі кезекте облыстық №1 балалар үйінің  психологы Сәуле Мендекулова мен   Жамбыл ауданы бойынша білім бөлімінің бас маманы Серғазы Байғожа сөз алып, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасыларға оналастыру бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстары жайлы баяндады.

 Сонымен қатар, Қапшағай қаласы бойынша білім бөлімінің бас маманы Бану Абраймованың баяндамасы тыңдалды. Бану Әділболатқызы  бүгінгі таңда Қапшағай қаласында 99 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар барлығын, оның 88-іне  қамқоршылық немесе қорғаншылық белгіленгендігін, 6 бала патронаттық тәрбиеге берілгендігін, 3 бала Алматы облысының балалар үйінен Қапшағай көпсалалы колледжінде оқуға келгендігін, 2 бала қорғаншылық рәсімдеу үстінде екендігін, 2020 жылы 23 бала, 2021 жылы 10 бала баспаналы болып,  2022 жылы жыл аяғына дейін 20-25 балаға баспана беру жоспарланып отырғандығын мәлімдеді.

ҚР Президентінің жарлығына сәйкес 2022 жыл «Балалар жылы» болып жариялануына сәйкес қала әкімдгімен бірлесіп «Қапшағай қаласы бойынша білім бөлімі» ММ-мен түрлі іс-шаралар өткізу жоспары бекітіліп, сол жоспар аясында аз қамтылған, әлеуметтік жағдайы төмен отбасындағы және  жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға «Наурыз мейірімі» азық-түлік пен киім-кешекпен қамту акциясы мен XVII қалалық «Жұлдызай» балалар шығармашылық фестиваль-байқауы өткізілгендігін жеткізді. Алдағы уақытта жоспарланып отырған іс-шаралар жайынан да хабардар етті.  

Келелі жиынды Алматы облыстық білім басқармасының қорғаншы, қамқоршы және мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Алиям Молотова қорытындылады.

Айжарық БАҚТЫБАЙҰЛЫ

Жаңалықтар | Новости