Суббота, 20 апреля, 2024

Басқада

Сарыбұлақтық желтоқсаншы  марапатталды

Дүйсенбі күні Қонаев қаласына қарасты Сарыбұлақ ауылындағы №8 орта мектептің тарих пәні мұғалімі Ақмарал Қожамберлинова Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Желтоқсанның 35 жылдығы» естелік медалімен марапатталды. Желтоқсаншыны марапаттау рәсімі Сарыбұлақ ауылындағы №8 орта мектептің мәжіліс залында болып өтті.

Салтанатты шараға Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болат Құрымбаев, осы қоғамдық бірлестіктің  Алматы қалалық филиалы Алатау аудандық бөлімшесінің мүшесі Күлжамила Ділдабайқызы,  заңгері Гүлім Өзбекова,  Қонаев қаласы бойынша үйлестірушісі Союзхан Мұхамадиева және Қонаев қалалық білім бөлімінің әдіскері Ляйсан Әбенова, ақын, тіл жанашыры, Заречный ауылындағы кәсіптік колледждің директоры Берік Баилов құрметті қонақ ретінде қатысты.

Шара барысында алғашқы сөз кезегін алған Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болат Құрымбаев еліміз көлемінде өзі басшылық жасайтын ұйымның қазіргі таңда патриоттық бағыттағы шараларға белсене атсалысып жүргендігі мен тағы басқа атқарып жатқан жұмыстарына тоқтала келе, өткен жылғы желтоқсан айында әйгілі желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығы аталып өткен кезде әр облыс пен аудандардағы белсенді мүшелердің марапатталғандығын, солардың арасында  А. Қожамберлинованың да болғандығын тілге тиек етті. Бүгінгі күні сол кезде  белгілі себептермен марапатын алуға бара алмай қалған оған «Желтоқсанның 35 жылдығы» естелік медалін табыстау үшін  жұмыс орнына  арнайы келіп отырғандықтарын айта келе, бұны салтанатты шараға айналдырып, құрмет-қошемет көрсетіп жатқан №8 мектеп ұжымына ризашылығын білдірді.

Сахна төрінде жоғарыда аталған қоғамдық бірлестік басшысы Б. Құрымбаев Ақмарал Қожамберлиноваға естелік медаль мен Алғыс хат табыстады.

Одан кейін сөз кезегі  № 8 орта  мектеп директоры Айгүл Қаниеваға берілді.

-Біз желтоқсан оқиғасын ешқашан есімізден шығармаймыз. Ол жылдар өткен сайын айқындала түсуде. Құрбан болған боздақтарымыздың сол жас қалпында есімізде мәңгілік сақтаймыз. Бодандық құрсауынан шығу жолында қыршын болған жастардың ерліктері бүгінгі тәуелсіз еліміздің жарқын істерімен жалғасын тауып жатыр. Елімізге тәуелсіздік алып берген азаматтарымызды біз ұмытпауға тиіспіз,-деген мектеп басшысы Ақмарал Қожамберлинованың марапатына құтты болсын айтып, мерейінің үстем, мәртебесінің биік болуына тілектестігін білдірді.

Келесі кезекте Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің заңгері Гүлім Өзбекова жиналған қауымға Желтоқсан көтерілісі жайында мағлұмат берсе, Қонаев қаласы бойынша үйлестірушісі Союзхан Мұхамадиева көтерілке қатысқан кездегі естелігімен бөлісті.

Сонымен қатар,  қалалық білім бөлімінің әдіскері Ляйсан Әбенова  Ақмарал Қожамберлинованы иеленіп жатқан марапатымен құттықтап, ақжарма тілектердің тиегін ағытса, осы білім ордасының ардагер ұстазы Зәкен Мусабеков желтоқсан көтерілісі болып жатқан тұста өзінің студент болғандығын, сол уақытта Алматыда болған жағдайдан бейхабар болған Өскемен қаласындағы  ұлты қазақ студенттердің үш күн жатақханада қамап ұсталғандығын, кейбір қашып шығуға мүмкіндік алғандардың кейіннен жазаланғандығын әңгіме арқауына айналдырды.

Содан соң, ақын, тіл жанашыры, Заречный ауылындағы кәсіптік колледждің директоры Берік Баилов сөз алып, Желтоқсан көтерілісі жайлы жыр жолдарын оқып, А. Қожамберлинованың құттықтап, өзінің жуырда баспадан шыққан кітабын тарту етті.

Салтанатты шара әрі қарай  мектептің өнерпаз оқшыларының күшімен әзірленген концерттік бағдарламасына жалғасты. 7 «а» сыныбының домбырашыларының өнерлері көрермендерді тәнті еткендігін атап өткен жөн.

Іс-шара соңында қонақтар мектеп ұстаздары мен оқушыларының қойған  сауалдарына толымды жауаптар қайтарды.

Айжарық БАҚТЫБАЙҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Жаңалықтар | Новости