Суббота, 25 мая, 2024

Басқада

spot_img

 Халық қалаулылары – шекарада

«OS-ЧР»

Ел шебіне нәр берген сапар

Осы аптада Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Алматы облысының өңірлеріне жасаған жұмыс сапарларында шекарашылардың жағдайымен танысты.

Халық қалаулылары Жанарбек Әшімжан, Әлия Абсеметова және Мақпал Тажмағамбетовалар ағымдағы жылдың 21-24 ақпаны аралығында ҰҚК Шекара қызметінің Алматы облысы бойынша департаментіне қарасты Райымбек, Панфилов, Алакөл, Қарасай аудандары бойынша шекара басқармаларында болды.

Атап айтар болсақ, Әлия Абсеметова Алакөл ауданы бойынша шекара басқармасында болып, мәдениет үйін, спорт залын, офицерлер құрамының үйін, шекарашылардың казармасын аралап көрді. Сарбаздармен кездесіп, сұхбаттасты.

Ал Мәжіліс депутаттары Жанарбек Әшімжан, Мақпал Тажмағамбетовалар алдымен Райымбек, Панфилов ауданы бойынша шекара басқармаларына ат басын тіреп, шекарашылардың ой-пікірлерін тыңдап көрді. Әскери ұжымның жағдайымен танысты.

…Халық қалаулысы Ж.Әшімжанның өзі де тау ұлы. Бүкіл ғұмыры Алатау баурайында өтіп келеді. Ал тау ұлының мінезі мәрт, намысшыл болып келетіні белгілі. Әрі қаламы қарымды журналист, өткен жылдың қаңтарынан бастап, халықтың үлкен мінбердегі өкіліне айналып, депутат болып сайланғанға дейін еліміздің танымал газеттерінің бірі «Ана тілін» басқарып, ҚР Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасарына дейін көтерілген азамат шекарашылардың атқаратын қызметін терең түсінетініне бек сенімдіміз.   

Бұл туралы қадірлі қонағымыз бізге берген сұхбатында былай дейді:

— Біз іссапар барысында күні кеше Жаркент өңірінен бастап, Райымбек Кеген аудандарында, жер жаннаты Жетісудағы Алакөл қаласында орналасқан шекарашылардың жағдайын көрдік. Біздің бірінші кезекте шекарамыз мығым болмаса, бұл тәуелсіздігімізге сын. Сондықтан біз шекарашылар тұрып жатқан ғимараттарды қарап, жағдайларымен таныстық. Тіпті олардың ішетін астарына дейін қарадық. Бұл – шын мәнінде бізді ойландырды. Қару асынып, ел шебін, біздің тыныштығымызды күзетіп жүрген шекарашыларға қатысты көзқарасымызды түбегейлі өзгертуіміз керек. Өйткені олар шын мәнінде Отанымыздың нағыз патриоттары.

Тәуелсіздігіміздің 30 жылының ішінде көрші елдермен арадағы шекарамызды заң жүзінде бекіттік. Әйтсе де шекарашылардың матреиалдық базасы әлі толық реттелмеген. Ал мынадай жағдайда бізге Шекара қызметіне жалпы ұлт болып, азаматтарды тартып, шекараға деген ұмтылыстарын, патриоттық сезімдерді ояту қиындау. Осы сапарымда шекара басқармаларының, бөлімшелерінің басшыларымен сөйлестім. Олар да өз кезектерінде өздерінде қордаланған мәселелерді көрсетті.  

Сондықтан депутат ретінде айтарым, біз Шекара қызметін түбегейлі өзгертуді қарастыруға тиіспіз. Себебі, Отан алдындағы анттары бар. Бірақ қызметтеріне жағдай жасалмаса, олардың басшылары бағыныштыларынан анттарына адалдықты талап ету үшін жүздері жарқын болуға тиіс. Сосын да бірінші кезекте, шекарашылардың әлеуметтік жағдайын, материалдық базасын жөндеуіміз керек. Бұл үшін ішінде барлық жағдай жасалған соңғы үлгідегі кешендер қажет. Шекарадан ғана емес, қақпасынан да бөгде адам кіре алмайтын болуға тиіс.  

Осылай деген халық қалаулысы өзінің осыған дейін шет елдерде болып, ондағы әріптестеріміздің жағдайымен етене танысқанын тілге тиек етті:

— Мұнда олардың қызметке қажетті техникасынан бастап, ішетін астарына дейін  назардан тыс қалмаған. Санға емес, сапаға жұмыс істейтіндеріне көзіміз жетті, Осындай тәжірибе бізге де керек. Алдағы күндері біз Алматы облысы әкімінің алдында осы мәселені көтеретін боламыз.

Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты «Жалаңаш» шекара бөлімінің аумағындағы «Саты», «Рабат» шекара бөлімшелерінің өмірімен егжей-тегжейлі танысқан Мәжіліс депутаты кездесу соңында шекарашылармен естелік суретке түсіп, ел шебіндегі жауапты қызметтері үшін алғыс білдірді.

Журналист Т.ДӘУЛЕТБАЕВА, «OSЧР».

Суреттерді түсірген автор.   

Жаңалықтар | Новости