Пятница, 14 июня, 2024

Instagram@nurlyolke

Басқада

spot_img

ХОШ КЕЛДІҢ, КИЕЛІ РАМАЗАН!

Барша мұсылман қауымы асыға күткен Рамазан айы да мархамат есігін айқара ашып, сауаптарға толы амалдарды жасауға шақырып, Аллаға иман келтірген пенделерін бір сәт ойға шомып, адамгершілік қасиеттерін арттыратын, пәндәуи сезімдерін тежейтін амалдарды жасауды ескертеді. Бір жасаған хасан амалың мың еселенетін құтты болған осы айда қандай амалдар жасаған дұрыс?

Биылғы мұсылмандық ай күнтізбегі бойынша қасиетті Рамазан айы 30 күнді құрайды. Ораза сәуір айының 2 жұлдызында басталып, мамыр айының 1 күнінде аяқталады. Оразаны арабша «саум» деп атайды. Бұл нәпсіні қалаған нәрсесінен айыру, яғни нәпсіні тыю деген мағынаны білдіреді. Ораза ұстау дегеніміз  – әр адамның сәресі сәтінен бастап ақшам уақытына дейін ішіп-жеуден және ерлі-зайыптылардың төсек қатынасынан тыйылуы. Ораза тұтқан адам ақшам намазының уақыты болысымен аузын құрмамен немесе сумен ашса сауапты болады. Ораза ұстағысы келген адам ауыз бекіту мен оны ашу уақыты кестесін шаһарымыздың кез келген мешітіне келіп алуына болады. Тарауық намазы құптан намазының парызынан кейін оқылады. Тарауықтың ракағат саны – 20. Пітір – нисап мөлшеріне жеткен мұсылманның беруі тиіс садақасы. Пітір садақаны Рамазан айының басынан Айт намазына дейін беруге болады. Алматы облысы бойынша пітір садақаның мөлшері – 500 теңге. Мамырдың 2-сі күні – Ораза айт намазы оқылып, мерекелік іс-шаралар басталады.

Ораза кімге парыз?

Балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс әр мұсылманға ораза – парыз. Балиғат жасына толмаған балалар, науқастар мен жолаушыларға ораза парыз етілмеген. Өз мекенінен 90 шақырымнан алыс қашықтыққа сапарға шыққан адам ұстап жүрген оразасын қаза ете алады, бірақ кейін қазасын өтеу – парыз.

Ораза ұстауға шамасы келмейтін қарттар мен науқастар оның орнына фидия береді. Фидия дегеніміз – таңертең және кешке, яғни күніне екі мезгіл бір міскінді тойдырып тамақтандыру немесе соған жететіндей мөлшерде қаржы беру. 30 күнге созылатын Рамазан айында әр күнге екі адамнан деп есептеп, 60 міскінге дастарқан жайып, тойындыру да фидия болып есептеледі.

Бала емізіп жүрген аналар мен жүкті әйелдер де оразадан босатылады. Бірақ оларға соңынан оразаның қазасын өтеу парыз етілген.

Ораза неден бұзылады?

Ораза ұстап жүргені есінде бола тұра  бір нәрсенің дәмін тату, шайнау – оразаны бұзатын іс. Ал көпке тамақ істеп жүріп, оның дәмін татып көріп, түкіріп тастаса, яғни жұтпаса, ол оразаны бұзбайды.

Аузы берік адамға сулы мисуакты, сондай-ақ дәрет алған кезде аузына, мұрнына суды көбірек пайдалануға болмайды. Сағыз шайнау да мәкрүһ амалдардан.

Оразаның кезінде дәрумен, басқа да қоректік заттармен егілу оразаны бұзады. Аузы берік адам өз қалауымен ауыз толтырып құсар болса, ораза бұзылады. Ал еркінен тыс құсып қойған жағдайда, ораза бұзылмайды.

Көз бен құлаққа сұйық дәрі тамызу да оразаны бұзбайды. Ал мұрынға тамызса, ораза бұзылады.

Йод, жағымай (крем), сүрме жағу оразаны бұзбайды.

Ораза екенін ұмытып кетіп, бір нәрсені ішіп-жеп қойса, ораза бұзылмайды. Бірақ есіңізге түскен уақыттан бастап ауызашар уақытына дейін аузыңыз берік болуы керек.

Қадір түні

Сәуірдің 27-інен 28-іне қараған түн – қасиетті Қадір түні. Құран Кәрімде Алла Тағала бұл түн туралы былай дейді: «Құранды Қадір түні түсірдік. Сен Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан да қадірлі». Есептеп қарасақ, мың айда 83 жыл 4 ай бар. Демек, Қадір түнінде үміт етіп, оны  ғибадатпен өткізген адамға 83 жыл құлшылық қылғандай сауап беріледі. Мұхаммед пайғамбарымыздың (Оған Алланың тыныштығы мен сәлемі болсын) хадисінде: «Алла Қадір түнін үмметіме сыйлық етіп берген, одан бұрын ешбір үмметке бермеген»   делінген. Осы түні періштелер жер бетіне түсіп, тілек тілеп, дұға жасаған жандардың «тілегін қабыл ете гөр»   деп Аллаға жалбарынады екен.

Ауыз бекітерде айтылатын дұға

«Нәуәйту ән әсума саумә шәһри Рамаданә минәл фәджри иләл мағриби халисан лиллаһи Тағалә, Аллаһу әкбар!»

Қазақша мағынасы:

«Таңертеңнен кешке дейін Алланың разылығы үшін Рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім, Алла ұлық!»

Ауыз ашарда айтылатын дұға

«Аллаһуммә ләкә сумту уә бикә әмәнту уә ғаллейкә тәуәккәлту, уә ғалә ризқикә афтарту».

Қазақша мағынасы:

«Иә, Алла, бір Өзің үшін Ораза ұстадым, бір Өзіңе иман келтіріп, бір Өзіңе сенім арттым, берген несібеңе қанағат еттім».

Құрметті қапшағайлықтар!

Алла Тағаланың мейірім-шапағатынан үміт ете отырып, қасиетті Рамазан айын әз пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетіне сай зор ынта-ықыласпен өткізелік. Тілеген тілектеріміз бен дұғаларымызды, оразамыз бен құлшылықтарымызды Алла Тағала қабыл етсін! Елімізде тұрған тыныштық – Алланың бізге берген зор рақметі. Ол да ата-бабаларымыздың Аллаға қолын жайып, сол алақанға тамған көз жасымен жасалған дұғалары арқылы келді. Біздің жағдайымызда сол тыныштық нәпсімізді кейде астамшылдық пен ысырапшылдыққа, азғындық пен тәкаппарлыққа жетелеп жатады. Қоғамның тыныштығы – адамның жан дүниесінің тыныштығына тікелей байланысты. Бойымыздағы тыныштық сабырлықпен келеді, ал асығыстық оны бұзады. Ал сол сабырлық мектебі – оразадан басталады.  Ендеше біз сол оразаны ұстап, асығыстыққа сабыр, Һәм тыныштыққа шүкір етушілерден болайық!

Алдажар Сейітұлы,

 Қапшағай қаласының  бас имамы

Жаңалықтар | Новости

Instagram@nurlyolke