Воскресенье, 12 мая, 2024

Басқада

Депутат Жигули Дайрабаевтың басы тағы дауға қалды: ол «үйімді тартып алды» деген ер адамға жауап берді

Әлеуметтік желіде Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаевқа қатысты тағы бір дау шықты. Жамбыл облысының тұрғыны депутат заңсыз түрде құны 100 миллион теңгеден асатын үйін алып алғанын айтады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Желіде тараған видеода Мерке тұрғыны сот талқылауына депутат Жигули Дайрабаев заңсыз араласып, құны 140 миллион болатын үйін өз атына аударып алғанын мәлімдеген.

Депутат осы мәселеге қатысты пікір білдірді. Жигули Дайрабаевтың айтуынша, Меркедегі үй заңды түрде алынған, үй иелерінің құқықтары сақталған.

«Мені екі эпизод бойынша кінәлап жатыр екен. Біріншісі Меркеде сатып алынған үй болса, екіншісі —  Кеңес ауылындағы жер. Жауабым мынадай:

  1. Үйге байланысты: Жалпы, кез келген адам құнды зат сатып алғанда жеті рет өлшеп барып шешім қабылдайды. Отбасыма деп сатып алған үй уақыт өткен соң заңсыз деп есептелгені кімге керек? Мұндай тәуекел ешкімге де қажет емес. Өзіңізге осы бір сұрақты қойып көрсеңіз, бірден түсінесіздер деп ойлаймын. Нотариус арқылы жасалған келісімшартымыз заңды, үй иелерінің құқықтары сақталған. Ақша талап етіп жүрген азаматты танымаймын да. Білуімше, ол үй сатқан әйелдің бұрынғы жұбайы (ажырасқан). Ерлі-зайыптылардың арасына кірісетін адам емеспін. Ол азамат менің осы лауазымымды пайдаланып, бопсалау жолын таңдаған. Айта кетейін, мұндай әрекет бірінші рет емес. Осыдан біраз уақыт бұрын мені кінәлаған адам мені қаралағаны үшін соттың шешімімен жазаланып, айыппұл төлеген болатын. Бұл әрекетін тоқтатпаса, қайтадан сотқа жүгінуіме тура келеді», — дейді ол.

Жигули Дайрабаев дау болып жүрген Кеңес ауылындағы жер мәселесіне де қатысты да пікір білдіріп, бұл мәселе бұрын басталғанын айтты.

«Бұл жағдай 20 жыл бұрын болған. Жерге қатысты компанияның иелері — ағайынды Иембердиевтер (Ерлан мен Нұрлан Ергешбайұлдары). Олар қазір Қазақстанда. Шатаспасам, Алматыда тұрады. Жердің де, ақшаның да иесі — осылар. Менің бұл іске ешқандай қатысым жоқ. Кезінде мен тек жалдамалы қызметкер болдым. Меркі ауданында 1 метр де жерім жоқ. Сондықтан да ауылдағы наразы адамдардың арыздары жер иелері Иембердиевтерге жолдануы тиіс деп есептеймін. Ауыл тұрғындары мені негізсіз кінәламай, қайта көмегіме жүгінгені дұрыс еді. Әлі де кеш емес», — дейді Дайрабаев.

Айта кетейік, Жигули Дайрабаевтың бұған дейін де басы дауға қалған еді. 

Еске салайық, Мәжіліске «Ауыл» партиясынан сайланған Жигули Дайрабаевтың екі ұлы Марат Дайрабаев пен Дидар Молдақалық 550 миллион теңгеден аса субсидия қаржысын жымқыру туралы іс бойынша шартты мерзімге сотталған болатын. Бұл ақпаратты Жамбыл облыстық сотының судьясы Ғалым Күлекеев растады.

Тараз қаласы №2 соты субсидияларды ұрлау туралы іс бойынша үкім шығарды. Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы алаяқтық, яғни адамдармен алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену бойынша 4 адамға қатысты қылмыстық іс қаралған. Олардың қатарында «Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы» ММ басшысының өсімдік шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары болған Ерлан Күлкеев, кәсіпкерлер Елжан Елібай, Марат Дайрабаев және Дидар Молдақалық бар.

Депутат Жигули Дайрабаев ұлдарына қатысты даудан кейін мандатын тапсыра ма? «Ауыл» фракциясы мүшесі жауап берді

Кейінірек депутат Жигули Дайрабаев ұлдарының сотталуына қатысты Мәжілісте мәлімдеме жасап, оларды кінәлі деп есептемейтінін айтқан еді. 

Жаңалықтар | Новости