Вторник, 14 мая, 2024

Басқада

Алматы облысында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған митинг өтті

Бүгінгі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Алматы облысы, Талғар ауданы, Жаңалық ауылында арнайы іс-шара өтті. Осы атаулы күнге орай мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Twitter-дегі парақшасында «Біз бүгін саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске аламыз. Тоталитаризмнің бұл қырғыны халқымызға орасан зор қасірет әкелді. Тарихымыздың қайғылы кезеңдерін терең зерделеп, жазықсыз жапа шеккен боздақтарды ақтау ісін жалғастыру – өте маңызды мәселе» дей отырып, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу, жазықсыз құрбан болған тұлғаларымыздың есімін ардақтау жөн екенін айтқан болатын.

Сондықтан Алматы облысында өткізіліп жатқан бұл шараның маңызы зор. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған шараға сол тұстағы солақай саясаттың құрбанына айналған тұлғалардың ұрпақтары да қатысып, осы атаулы күнге арналған кітаптың тұсауын кесті. Аталмыш шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі, «Тіл – құрал» оқу-әдістемелік, ғылыми зерттеу орталығының директоры Райхан Имахамбет, қазақтың көрнекті саяси және қоғам қайраткері, алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі, Мұхаметжан Тынышбайұлының немересі Тынышпаева Нұршекен, қоғам және мемлекет қайраткері Ыдырыс Көшкіновтың шөбересі Ыдырыс Дархан, шет елден келген тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Байдилдеев Жумагул, Қырғыз Республикасының «Ата – бейит» ұлттық тарихи мемориалдық комплекс директоры Боромбаев Рыскул, тарихшылар әрі мемлекеттік комиссия мүшелері Әбжанов Хангелді мен Қойгелдиев Мәмбет және өңірлік саяси құғын-сүргін комиссиясының мүшелері қатысып өздерінің лебіздерімен бөлісті. Және ескерткішке гүл шоқтарын қойып, марқұмдарға құран бағыштады.

Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев еске алу шарасының маңызды әрі келешек ұрпақ үшін құндылығы жоғары екенін атап өтті. «Қасіретті жылдардың құрбандарын ақтау жұмысы жалғасуда. Бұл ретте облысымызда арнайы комиссия жұмыс істеуде. Комиссия мүшелері азаматтарды ақтау үшін архив құжаттарымен жұмыс істеп, «Қастек көтерілісі. 1928 жыл», «Империялық-полицейлік қадағалаудың тарихы», «Алатау өңірі: Алаш қайраткерлері», «1928: Мүлікті тәркілеу тарихынан – Балқаш ауданы» сияқты құжаттар жинақтарын шығарды. Тарихтағы осындай қиын кезең бірлігімізді берік, бүгінгі тірлігімізді тату ететін фактор екені сөзсіз» — деп облыстық комиссияның жұмысына баға берді.  Сонымен қатар, шара барысында 2018 жылы жұмысын бастаған музей ұжымы түрлі тарихи экспонаттарды қонақтар назарына ұсынды. Шарада тұсауы кесілген «1928: Мүлікті тәркілеу тарихынан – Балқаш ауданы» және «Алатау өңірі: Алаш қайраткерлері» атты кітаптарының презентациясы өтіп, жиналғандар сатып алды.
Репрессия құрабандарын ақтау бойынша арнайы құрылған мемлекеттік комиссияның мүшесі, профессор М. Қойгелдиев: «Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының жарлығымен бүгінгі күні құрбандарды ақтау бойынша үлкен жұмыс жасалынып жатыр. Атап айтсақ, қазір 12 томдық құжаттар жинағы дайын болды. Бұл өте ауқымды жұмыс. Қазақтың 20-ғасырдағы қасіретін тарих бетінде айқын қалдырамыз» — деп қазіргі таңдағы атқарылып жатқан істер жайлы мәлімдеді. Өткізіліп жатқан жиынның халық үшін маңызды екені атап өтіп, ризашылықтарын білдірді.
Атап өтер жайт, Алматы облысының аумағында 250 мың адам саяси репрессияның құрбаны болып, 15 мың адам атуға кесілген.
Жазықсыз жазаланған адамдардың көпшілігі Жаңалық ауылында, Қандысайда жерленген.

Еркенұр Қонысбай

Жаңалықтар | Новости