Среда, 15 мая, 2024

Басқада

spot_img

Алматы облысында Жеңістің 78 жылдығына орай іс-шаралар өтті

Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың біткеніне 78 жыл толуын атап өтіп жатырмыз. Елімізде соғыс ардагерлері аз қалғанымен оларға көрсетілетін сый құрмет азайған емес. Осы орайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соғыс ардагерлерін атаулы күнмен құттықтап, өз лебізін білдірді.

«Бұл – еліміздің тарихында айрықша орны бар мереке. Сондай-ақ бейбітшілік пен бостандық үшін күрескен аға буынның жанқиярлығын, қажымас қайраты мен ерік-жігерін әйгілейтін мейрам.

Сұрапыл соғыс жылдарында отандастарымыз қайсарлық пен қаһармандықтың теңдессіз үлгісін танытты. Майданға аттанған жауынгерлеріміздің тең жартысы ұрпақтың болашағы үшін жанын пида етті. Жеңіске тыл еңбеккерлері де өлшеусіз үлес қосты. Олар ел басына күн туғанда халқымыздың жұдырықтай жұмыла білетінін ерен еңбегімен дәлелдеді. Біз бүгінгі бейбіт өміріміз үшін жеңімпаз аға буынға қарыздармыз. Олардың өшпес ерлігі – кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Майдангерлеріміз жан аямай қорғаған азаттық, әділдік, теңдік құндылықтары Әділетті Қазақстан үшін де мызғымас темірқазық болып қала береді» — деді Мемлекет басшысы. 

Сондықтан республикамыздың барлық облысы Жеңіс күні мерекесін атап өтіп, соғыс ардагерлерін де елеусіз қалдырмай жатыр. Солардың бірі Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев те облыс тұрғындарын мерекемен құттықтады. Аймақ басшысы алдымен Қонаев қаласындағы Даңқ мемориалы ескерткішіне гүл қойып, сұрапыл соғыста қаза болған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

 «Бұл соғыста Кеңес Одағының халқы үлкен батылдық пен төзімділіктің ерекше үлгісін көрсетті. Кеңес Одағы қарулы күштерінің құрамында соғыс жылдары барлығы 35 миллион адам болса, бұлардың 1 миллион 366 мыңы қазақстандық болды. Өкінішке орай, ардагерлеріміздің қатары күннен-күнге сиреп, азая түсуде. Бүгінгі күні Жеңіс мерекесін облыс бойынша 10 соғыс ардагері қарсы алуда. Ұлы Жеңістің арқасында бiздiң аспанымыз ашық болып, тыныштықта бейбiт өмiр сүрiп, алаңсыз еңбек етiп келемiз. Сондықтан біздің міндетіміз – әрбір соғыс ардагеріне қамқор болып, олардың өшпес ерлігіне құрмет көрсету», — деді өзінің құттықтау сөзінде Марат Сұлтанғазиев. Сондай-ақ, өңір басшысы Алматы облысында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 78 жылдығын мерекелеу қарсаңында жергілікті бюджеттен 222,7 млн. теңге сомасына біржолғы материалдық көмек көрсетілгенін тілге тиек етті. Айтуынша, Ұлы Отан соғысының 10 ардагерлеріне 1,5 миллион теңге мөлшерінде біржолғы төлемдер қарастырылған. Ұлы Жеңістің 78 жылдығына арналған мерекелік шара балалар шығармашылық орталығының қойылымынан бастау алып, өнер жұлдыздарының концертіне ұласты.

Аймақ басшысы Марат Елеусізұлы Қонаев қаласының тұрғыны Оксана Бетебаеваның үйіне атбасын бұрып, Ұлы Жеңіске 78 жыл толуына орай сый-сияпат көрсетіп, жылы лебізін білдірді.

Сонымен қатар, Марат Сұлтанғазиев қарт майдангер Солтанбай Жарықбасовты Ұлы Жеңістің 78 жылдығымен құттықтады. Қарияны төл мерекесімен құттықтау үшін облыс әкімі Марат Елеусізұлы Еңбекшіқазақ ауданы Алға ауылына арнайы барды. Сый-құрметін көрсеткен облыс басшысы 98 жастағы ақсақалға көзсіз ерлігі үшін алғыс білдірді. «Сіздер қаққан жеңістің темірқазығы тәуелсіз елдің тұғырының берік әрі биік болуына сеп болды. Бүгінгі күнгі мамыражай тірлік кешуіміз өздеріңіз сынды ардагерлердің сұрапыл соғыс жылдары көрсеткен батылдығының арқасы. Әр майдангердің маңдайынан шыққан теріне, жанын қиған ерлігіне қарыздармыз. Сіздерді ұлықтау тұтас ұлтқа парыз»,-деді аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев. Өз кезегінде Солтанбай ақсақал, елеп ескеріп келген өңір әкіміне ризашылығын білдіріп, батасын берді. «Мереке күні ұмыт қалдырмай арнайы келгеніңізге рахмет айтамын. Біз үшін бұдан асқан құрмет жоқ. Заманымыз тыныш, аспанымыз ашық болсын»,-деді соғыс ардагері. Айта кетейік, Солтанбай Жарықбасов 1925 жылы өмірге келген. Ол 1943 жылдың қаңтарында Ташкенттегі мергендер курсында оқып, сәуір айында әскерге аттанған. Жапондықтарға қарсы соғысқан Солтанбай Жарықбасов Забайкал майданындағы 25-ші қызыл тулы механикаландырылған бригаданың құрамында 1-ші батальонының, 1-ші ротасының пулемет бөлімшесінің командирі болған. ҰОС ардагері 1 дәрежелі «Отан соғысы» орденінің иесі. Сонымен қатар, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің мерейтойлық, мерекелік медальдарымен марапатталған.

Еркенұр Қонысбай

Жаңалықтар | Новости