Воскресенье, 19 мая, 2024

Басқада

spot_img

Алматы облысы жастарына арналған жобалар үлкен қолдауға ие

Елімізде жастар саясатына, олардың қоғамдағы белсенділігі мен кәсіппен айналысуына барлық жағдай жасалуда. Осы орайда Алматы облысында да бұл бағытта атқарылған жұмыстар жетерлік. Әсіресе қоғамдық кеңестердің ұйымдастыруымен өткен шаралардың қоғам үшін маңызы зор болды.  

Мәселен қаңтар айында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегерлерімен кездесіп, 1 млн. теңгеден сертификаттар табыстады. Барлығы 15 млн.тенгелік сертификаттар жастардың мақсатына бағытталып отыр. Тағы осы қаңтар айында ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі А.М.Омарова Алматы облысында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Ақпан айының ортасында облыс әкімдігінде Кеңес әскерлері шектеулі контингентінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 34 жыл толуына орай Алматы облысындағы ауған соғысы ардагерлерімен кездесу өтті.

20 ақпанда облыс әкімдігінде Алматы облыстық Қоғамдық кеңес отырысы өтті. Шараға облыстық Қоғамдық кеңестің мүшелері, облыстық басқармалардың басшылары қатысты. Отырыс аясында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар кеңінен талқыланды.

Сондай-ақ Қонаев қаласында «Кинорум» жобасы өтті. Жоба аясында жастарға қазақ тарихын салт-дәстүрін, ақын-жазушыларын, батырларын насихаттау мақсатында тегін кино көрсетілімдер жасалды.

Атап айтсақ, волонтерлік бағыт бойынша 113 акция, жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаларды, жобаларды ақпараттық түсіндіру бойынша 67 шара ұйымдастырылды.Оның ішінде «Ардагерлерді ардақтайық» атты қайырымдылық шарасы болса, табиғатты аялауға шақырған экологиялық акциялар да өткен.

Алматы облысында алғаш рет «АВТО-ВОЛОНТЕР» клубы ашылды. Құрылтайшысы — жастар ресурстық орталығы мен өңірдің белсенді жастары. Жаңадан іске қосылған ұйым жұмысы қасиетті Рамазан айымен тұспа тұс келіп, көптеген игі шараға мұрындық болды. Сондықтан еріктілер өңірдегі мұқтаж жанұяларға ауызашар берді. Азық-түлік толы дорбалар әрбір үйге жеткізіліп, қайырымдылық шарасы аясында Қонаев қаласындағы 70 отбасы мүшелері қамтылды. Игі бастама жергілікті кәсіпкерлердің қаржылай қолдауы аясында жүзеге асты.

Сонымен қатар, 2023 жылы бірқатар жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жастарды әлеуметтендіру және қолдау мақсатындағы «Кеңес орталығы» жобасы мемлекеттік бағдарламалар мен мемлекет тарапынан ұсынылған өзге де қолдаулар туралы ақпараттандырылатын платформаға айналады деп күтілуде.

 «Jana qadam»«Ақпаратты Қазақстан», «САМҒАУ», «Жас кәсіпкер», «Менің болашақ мамандығым» жобалары жастарды бизнес дағдыларына үйрету, кәсіпкерлікті дамытуға, талантты жастарды қолдау, өмірлік дұрыс бағыт-бағдар беруге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жастар арасында еріктілік қызметті дамыту, экологиялық мәдениетті нығайту және «Жас саясаткер мектебі» жобаларын жүзеге асыру қарастырылған. Бұл жобалардың барлығы жергілікті жастарды біріктіріп, қоғамды түрлі бағытта жетілдіруде орны ерек болды.

Еркенұр Қонысбай

Жаңалықтар | Новости