Пятница, 12 июля, 2024

Instagram@nurlyolke

Басқада

spot_img

Аида Мұхтарқызы, нутрициолог, жоғарғы санатты дәрігер: «Превентивті медицинаны Қазақстанға ең алғаш әкелген дәрігердің бірімін»

Өзіңіз жайлы айтып беріңізші. Еліміздегі көптеген белгілі жандардың жеке нутрициологы деп естідім. Онлайн дәрігер болу оңай ма? Бұл жолға қалай келдіңіз?

 16 жылдық жалпы тәжірибесі бар жоғары санатты дәрігермін. Health coach, тамақтану сарапшысы, аnti-age expert-пін. Осыған дейін ауруханаларда, стационарда терапевт мамандығы бойынша жұмыс істегенмін. Емханада жалпы тәжірбиелік дәрігер ретінде, кейін педиатор мамандығымен мемлекеттік мекемелерде жұмыс жасадым. Қазіргі уақытта өзімнің кабинетім, жеке кеңсем бар. Сол жерде онлайн да, оффлайн да науқастарды қабылдап, қызмет көрсетемін. Бұл жүйеге ковид індеті кезінде өткен едім. Өйткені сол кездегі жағдай соған мәжбүрледі. Онлайн 24/7 жұмыс істеу оңай емес. Кейде түннің ортасында хабарласатын, жазатын науқастар болады. Сондықтан мүмкіндігінше науқастарды бетпе бет қабылдап та, кейде қашықтан да кеңес беріп жұмыс істеп жатырмыз. Дәрігер болу үлкен жауапкершілік. Ал әлеуметтік желі арқылы халыққа қызмет ету тіпті үлкен күш жігерді қажет етеді. Шыны керек уақыттың өзі қазіргі таңда әлеуметтік желінің ықпалын күшейтті. Барлық қызмет, жүйе онлайн қызметке көшіп жатқанда, жоқ болмайды деп қарап отыруға болмайды. Уақыт талабына бағынуымыз керек. Сұраныс қалай күшейсе, соған сай қызмет ету міндетіміз. Сондықтан мүмкіндігінше науқастарға бетпе бет те, қашықтан да қызмет етуге тырысып жатырмыз. Әлеуметтік желідегі қызметіме көмекшілерім көмектеседі. Барынша дәрігерлік миссиямды адал атқаруға міндеттімін және әрбір науқастың көңілін табуға тырысып жүрмін.    

Қазір желіде өзін коуч, ментор санағандар көп. Кейде халық оларды сынға да алып жатады. Сіздің осы дәрежеге жету жолыңыз жайлы айтып берсеңіз.

— Аллаға шүкір осыған дейін халықтың хейтіне яғни әлеуметтік желіде сынына ілігіп көрген жоқпын. Бұл осы өз жұмысыма асқан жауапкершілікпен қарағанымнан деп білемін. Жалпы ментор болуға дәрігерлердің өздері ұсыныс жасап, осы жылы бастаған болатынмын. Өйткені көп дәрігерлердің менің тәжірибемнен алатыны көп болды. Менен ем алған науқастарымның жақсы нәтижесі басқа дәрігерлердің қызығушылығын оятты. Алматыда тұрсам да еліміздің түкпір түкпірінен іздеп келушілер көп болды. Тіпті шекараның арғы бетінен де қызметіме арнайы жүгінетін жандар жетерлік. Егер оларға ойларынан шығатындай қызмет ұсынбасам олар мені арнайы іздеп келмес еді. Американың бірнеше штатынан, Дубайдан, Түркиядан, Грециядан келетін науқастар да бар. Оның барлығы емдеу процесіндегі оң нәтиженің арқасы деп білемін. Соны көріп отырған дәрігерлер кейін тәжірибеммен бөлісуде сұрай бастады. Биылдан бастап оларға арнайы сабақ өтіп, тәжірибемнің қыр сырымен бөлісе бастадым. Бұл қажеттіліктен туған әрекет болып отыр.

— Алған білімдеріңіз жайлы да айтып өтіңізші.

Мен негізі Астана медициналық академиясында жеті жыл білім алдым. Екі жыл интернатурдан да сол жақтан өттім. Одан соң үш жыл превентивті білімді Мәскеуден алдым. Калифорниядағы натуропатия академиясын тәмамдадым. Қазіргі уақытта анти-эйдж эксперттерді дайындайтын  академияны биыл бітіріп жатырмын. Одан бөлек арасында өзімнің медициналық кваликациямды арттыру үшін оқып отырамын. Диагностик дәрігер ретінде диагноз қоятын аппараттарды танып білу үшін білімімді арттырдым. Қазір магистрлік білім алу үстіндемін. Жалпы білім алу жолында уақытымды да, ақшамды да аяған емеспін. Бір уақытта бірнеше оқуды оқып, білім алу әдетіме айналған. Жалпы кейбір вирустар да, аурулар да түрлі әсерлерден асқынып, түрленіп, бейімделіп жатады. Тіпті кейбір ауру түрлері жасарып жатады. Сондықтан біздің мамандығымызда үнемі ізденіп, біліктілікті арттырып отыру маңызды. Сондықтан әлі де болса ізденіп, оқи беремін деген ойдамын.   

Жақында “Сенің саулығын — сенің миллиондарың” атты кітабыңыздың тұсаукесері өтті. Бұл кітаптың маңыздылығы неде?

 Бұл кітап ең алдымен оқырмандарға денсаулығын бірінші орынға қоюды үйретеді. Қазіргі уақытта өкінішке қарай ақша табуды бірінші орынға қойып, өз денсаулығын соңғы орынға қоятындар көп. Осы мәселені қоғамда көтеріп, кітабым арқылы денсаулықтың маңызды екенін адамдардың есіне салғым келді. Жеке қабылдауыма мықты бизнесмен немесе небір мықты мамандар келеді, ал анализін қарасаң денсаулығы өте төмен. Кейбіріне қарап қауіпті аурулардың алдын алуға тезірек кірісу керек екенін түсінесің. Тіпті кейбірі онкологиялық ауруымен келеді. Соларды көріп ішің ашиды. Олардың денсаулығын қалыпқа келтіру өте қиын екені көрініп тұрады. Сондықтан ең алдымен адамдар денсаулығына көңіл бөлсе деймін. Содан кейін ғана артылған энергиясын ақша табу, білім алу, кәсіп ашуға жұмсаса дұрыс болар еді. Бәрібір ол тапқан ақшасын кейін денсаулығына құйғанымен ол денсаулықты қалыпқа келтіру өте қиын. Ағзасының әрбір құртылған жасушасының саулығын қалпына келтіру оңай емес. Осы кітап адамдарға денінің саулығын өз қалпында ұстауына мотивация болса екен деймін. Әрбір адам әрбір жасушасының саулығына мән беруі маңызды екенін ұқса, қорғауға тырысса керемет болар еді. Егер сіздің он екі мүшеңіз сау болса, тамақ ішіп, оның дәмін сезе алсаңыз, ауаны емін еркін жұта алсаңыз, дәретіңізді өз күшіңізбен емін еркін шығара алсаңыз сіз миллионерсіз дегенді кітабым арқылы ұқтырғым келді. Алланың берген осы бір миллиондарға тең денсаулығын күтсе деген тілегімнен туындаған кітап. Адамдардың күнделікті жасайтын қарапайым әдеттері денсаулығына оң әсерін тигізсе деймін. Негізі “бірінші байлық денсаулық” деген керемет сөз бар халқымызда. Әйтсе де осы сөзге көп мән бермей кеттік.

Нутрициолог ретінде халқымыздың тамақтану мәдениеті туралы не айтар едіңіз?

Шыны керек кейде халқымыз балабақшада үйретілуі тиіс қарапайым ережелерді ескермей жатады. Қарапайым қол жуу, тамақты алаңдамай яғни кітап оқып немесе гаджет көрмей ішіп жеу секілді ережелерді ескере бермейді. Тамақты тіпті дұрыс шайнамайды. Екі үш рет шайнап жұта салады. Оның барлығы асқазанға ауырлық түсіреді. Оның жұмысын бұзып, ауру туындауына ықпал етеді. Мен осындай қарапайым әдістерді қайтадан жаңғырту арқылы әр адамның физиологиялық саулығын қалпына келтіруге тырысып жүрмін. Дамыған заманда көп жақсы әдеттерімізден айрылып қалып отырмыз. Сондықтан қазір адамдардың денсаулығында кінәрат көп. Қарапайым тамақ ішер алдындағы қолын жумай жеу, іште паразиттердің көбеюіне алып келеді. Тамақ ішіп отырған кезде телефон қарап отырғандықтан біз тамақты дұрыс қорыта алмаймыз. Телефонды дастархан үстіне қойып тамақ ішкенде оның сыртындағы қаншама инфекциялардың ішке кету қаупі зор. Мәскеуде осыны әріптестерімізбен бірге зерттегенде телефонның сыртындағы қаншама инфекцияны микроскоппен әріптестерімізбен бірге көрген едік. Телефонды ұстап әжетханаға да кіреді, көпшілік орын автобуста да ұстап тұрады, көшеде де қолынан түспейді сосын тамақ ішіп отырғанда дастархан үстіне қойып бірге тамақ ішеді. Мұның барлығы тамақ ішкенде гигеналық талаптардың бұзылуына алып келеді. Сондықтан гаджетсіз тамақ ішуді халыққа насихаттағым келеді. Бізде тамақтануға арнайы бір дәстүр, тамақтану мәдениеті ретінде қарамайды. Қарны ашқан кезде кез келген жерде тік тұрған күйі жей салады. Көшеде кетіп бара жатып іше салады. Әсіресе қазіргі жастар. Ертеңгі күні олардың денсаулығы қалай болмақ?! Бұрын біздің ата бабамыздың тамақ ішер алдында қолын жууы, тамақтан соң бата жасауы, отбасы мүшелерінің бірге отырып тамақтануы, бәрі ас ішіп болғанша ешкімнің дастархан басынан тұрмауы секілді әдет ғұрыптарының барлығында береке бар. Осындай қазақи құндылықтарымызды қайта жаңғыртуымыз керек. Негізі ата бабамыз өте мықты нутрициолог болған. Олар тамақтану мәдениетін өте керемет сақтаған, өте сауатты тамақтанған. Қазір осыны ұмытып бара жатқанымыз өкінішті.

Парақшаңыздан зерттеп жүрген салаңыз туралы мол ақпарат кезіктірдік. Халық көбінесе қандай мәселелермен мазалайды?

— Парақшамда барынша халыққа пайдалы дүниелерді беруге тырысам. Әзіл, бос сөз емес парақшама кірген адам өзіне қажетті дүние тапса екен деймін. Халықтың салауатты өмір салтын ұстанып, әр қазақтың денінің саулығына үлес қосқым келеді. Сол мақсатым парақшамда көрініп те тұрады. Халық көбінесе асқазан ішек жолдарындағы мәселелерге шағымданып жатады. Менде ағза тазалау деген үлкен мега жоба болған. Бұл халықтың сұранысына ие болған жоба еді. Біз табиғи жолмен адамдардың асқазан ішек жолдарындағы бұзылысты қалпына келтіруге тырыстық. Өттегі тастардан отасыз арылу жолдарын үйретіп, қаншама адам отасыз емделіп кетті. Қазіргі уақытта халқымызда тері аурулары да өте көп. Экзема, аллергиялық дерматит, псариоз секілді аурулар жиі кездесіп жатады. Жылдар бойына қышынып, ұйықтай алмай жүрген, аяқкиім кие алмай жүрген талай жан ауруынан айықты. Сондай ақ жүкті бола алмай жүрген талай әйелдер балалы болды. Ішектерінен құрттарын түсіріп, ішектердің ашып, түйіліп ауруларынан айықты. Айта берсек мақтанатын нәтижелер көп. Әлеуметтік желіде халықтың алғысы, пікірі де жетерлік. Еуропадан, шекараның арғы бетінен алып жатқан үздіксіз білімім халықтың денсаулығына қызмет етуге, олардан алғыс алуға ықпал етіп жатқанына қуанамын. Дұрыс тамақтану, салауатты өмір салтын ұстану, уақытылы ұйықтау секілді қарапайым әдеттерді сақтау арқылы біз көп ауруларды жеңе аламыз. Жалпы дәстүрлі медицинада неге нәтиже бірден білінбейді? Деннің саулығымен кешенді жұмыс істеудің маңызы зор. Ағзамыз біртұтас жүйе болғандықтан оған кешенді көмек қажет. Ал дәстүрлі медицинада асқазаның ауырса гастроэнтрологқа бар, бүйрегіңіз ауырса нефрологқа бар деп әр ағзаны бөлек қарастырады. Ал ағзамыз біртұтас жүйе, мәселен өтке неге тас жиналады? Оны көп дәрігерлер отамен алып таста деп жатады. Ал өт қабын алып тастағанмен кейін оның жолына тас жиналатын болады, бауырда мәселе басталады. Аурулардың түп негізі неден пайда болып жатыр соған мән бермейді. Егер аурудың түп негізін тауып емдесек ол ауруды түбірімен емдер едік. Дәстүрлі медицинаның олқылығы осы жерде. Мен алдыма келген науқастың өтінде тас бар ма, демек асқазанда мәселе болуы мүмкін. Су дұрыс ішпей немесе стрес болуы мүмкін. Оны емдеу үшін осының барлығын анықтап, аурудың шығу себебімен күресу арқылы, оны түбірімен жоюға тырысамыз. Алдағы уақытта адамдардың барлығы осы жолмен емделуге көшеді деп ойлаймын. Осы орайда өзім осы превентивті медицинаны Қазақстанға ең алғаш әкелген дәрігердің бірімін деп айта аламын.

Үй жағдайында артық салмақтан арылуға тырысу, ағза тазалау қаншалықты дұрыс?

— Негізі үй жағдайында дұрыс тамақтану секілді қарапайым әдеттерді қолға алатын болсақ артық салмағымыздан оңай арыла аламыз. Ағза тазалау күнделікті ішіп жейтін тамағымызды талғап ішуден басталады. Адам негізі қоректену үшін тамақ ішеді. Бірақ өкінішке орай көп адам тамақты асқазанды толтыру үшін ішеді. Ағза тазалауды дұрыс тамақтанудан бастасақ, мәселен тамақтың ішіндегі ағзаға шын күш беретінін ғана таңдап пайдалансақ ұтарымыз көп болар еді.  Ал ағзаны қабындыратын, ағзаның энергиясын тауысатын тамақты рационымыздан шығарып тастасақ науқастар салмақ тастап бастайды. Уақытысында ұйықтау мелатонин гармонын қалыпқа келтіру арқылы басқа да гармондардың қалыпқа келтіруге көмектеседі. Бұл кез келген адам жасай алатын, үй жағдайында тиімді қарапайым әдеттер. Осындай қарапайым әдеттердің құндылығын білсе талай адамның денсаулығы қалыпқа келер еді. Ағза тазалау бұл өте жеңіл, әрі тиімді. Одан кейінгі мәселе ағза тазалау жалпы дұрыс өмір сүру салтын қалыптастыру деп айтсақ та болады. Өйткені бұл кез келген адам жасай алатын үйдегі қарапайым әрекеттер.

“Бірінші байлық денсаулық” дегенмен қадіріне жете бермейміз рас. Дәрігер ретінде халыққа берер ең бірінші кеңесіңіз?

— Ауру басталмай тұрып денсаулықты қолға алуды үйренсе екен. Денсаулыққа қатысты дұрыс әдетті қалыптастыратын болсақ біз көп аурудың алдын аламыз. Қарапайым тамақты 30-40 рет шайнау, күніне 2 литр таза су ішу, күніне 10 мың қадам жасау, дұрыс тамақтану қағидаларын әрбір адам сақтаса екен. Денсаулығын күткісі келетін әрбір адам осы әдісті ұстанса миллионға пара пар денсаулығын сақтар еді. Таңғы, түскі, кешкі асымызда ақуыз, пайдалы майлар, клечаткалар болса ағзамызда жетіспеушілік болмас еді. Ал бұл ағзаның толыққанды өмір сүруіне жол ашады. Көп тамақ іше беруге де болмайды. Әсересе балалар мен жасөспірімдер дүкендегі зиянды чипсы секілді зиянды заттарға әуес болмаса екен.

Сұхбаттасқан Қуаныш Әбілдәқызы

Жаңалықтар | Новости

Instagram@nurlyolke