Вторник, 30 апреля, 2024

Басқада

Биік тұлғалы ғалым

Магистрлік диссертацияның жетекшісі магистранттың оқу процесінде тек академиялық бағыт-бағдар беріп қана қоймай, сонымен қатар кәсіби дамуын қамтамасыз етуде негізгі рөл атқарады. Мен өз басым көрнекті оқытушы, ғалым, заң ғылымдарының докторы, профессор Ибраева Алуа Саламатовнаның жетекшілігімен жұмыс істеу құрметіне ие болдым.
Профессор Ибраева Алуа Саламатовна құқықтық білім, құқықтық мәдениет, құқықтық сана, құқықтық тәрбие, Қазақстанның конституциялық дамуы, көші-қон құқығы, адам құқықтары, бала құқықтары және құқық қорғау органдарының қызметін қамтитын ғылыми қызығушылықтар саласына маманданған. А.С.Ибраеваның зерттеулері ғылыми салалардың кең ауқымын қамтиды, бірақ олардың барлығын ғылыми қызметтің негізі болып табылатын мемлекет және құқықтың жалпы теориясы біріктіреді.
Профессор Алуа Ибраева заң факультетінде бакалавриат, магистратура және докторантурада мемлекеттік және орыс тілдерінде сабақ береді. Ол Тәуелсіз Қазақстандағы құқықтық мәдениет пен құқықтық сананың қалыптасуын зерттеген алғашқы ғалымдардың бірі. Оның жұмысы елдегі құқықтық жүйенің дамуын түсіну және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету үшін өте маңызды.
Алуа Ибраева көп жылғы зерттеулеріне сүйене отырып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқу үдерісіне «Құқықтық мәдениет және құқықтық тәрбие» арнайы курсын әзірлеп, сәтті енгізді. Сонымен қатар, Алуа Ибраева 18 заң ғылымдарының кандидатын және алты PhD докторын дайындады. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Ғайрат Сапарғалиевпен бірге қазақ тілінде «Мемлекет және құқық теориясы» атты оқу құралын дайындады. Бұл оқу құралы үш рет қайта басылып, қазіргі таңда Қазақстандағы заң университеттерінің барлық студенттері пайдалануда. Алуа Саламатовна сонымен қатар «Мемлекет және құқық теориясы» пәні бойынша оқу құралының авторы болып табылады.
200-ден астам ғылыми еңбек жазған, оның ішінде 10 монография, 30-дан астам оқулық және орыс және қазақ тілдерінде бес заң терминологиялық сөздігі бар. Сонымен қатар, оның шетелдік басылымдарда 30-дан астам мақаласы жарияланған. 2011-2012 жылдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ұсынған жалпы білім беретін мектептердің 10-11 сыныптарына арналған «Құқықтану» оқулығын дайындаған авторлар тобын басқарды. 2013-2015 жылдары Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептеріне арналған «Адам. Қоғам. Құқық» оқулығын дайындаған авторлар ұжымының мүшесі болды. Жоғары да аталған екі оқу құралы да қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр тілдерінде жарық көрді.
Scopus индексі бар журналдарда 11 ғылыми жарияланымы бар. Үлкен кәсіби шеберлікпен студенттердің, магистранттардың, докторанттардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына жүйелі жетекшілік жасайды. А.С.Ибраева жас ғалымдарға деген ілтипатты көзқарасымен ерекшеленетін, ғылымда қажетті нұсқауларды табуға көмектесетін, олардың кәсіби және ғылыми өсуінің қалыптасуына үлкен ықпал ететін ғылыми кадрларды тәрбиелеуге көп уақыт пен күшін жұмсап келеді.
Қазіргі уақытта Ибраева Алуа Саламатовна оқу ісіне белсене араласып, жетекші газеттер мен журналдарда өзекті тақырыптарға сұхбаттары мен мақалаларын белсенді түрде жариялауда. Заңгер ғалым ретінде заңгерлік қоғамда және әріптестері мен студенттері арасында үлкен құрмет пен жоғары беделге ие.

Заң факультетінің 1 курс магистранты А.С.Қобландина
Жетекшісі: з.ғ.к., доцент-Д.А.Турсынкулова

Жаңалықтар | Новости