Вторник, 30 апреля, 2024

Басқада

Философиялық ізденіске қызығушылар көп

 Жақында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де жас ғалымдардың білімін насихаттайтын дәстүрлі «Фараби әлемі» халықаралық конференциясы болып өтті. Ғылым мен білімнің қара шаңырағына алыс-жақын шетел студенттерімен қатар, өз еліміздің білікті жоғары оқу орындарынан жас ғалымдар, магистрант, докторант, студенттер келіп қатысты.  Философия кафедрасы «Жаңа Қазақстан жастарының құндылықтары туралы философиялық дискурс» деп аталатын секция бойынша жұмыс жүргізді.

Философияның қазіргі замандағы мәселелерін барынша талқылауға тырысқан жас ғалымдардың саны көп болды. Барлығы 65 жұмыс жинақталып, 30 дан астам баяндамашылар өз жұмыстарын қазылар алқасының алдында қорғап шықты. Халықаралық конференция жұмысында философия кафедрасының доценті, философия ғылымдарының кандидаты Аташ Берік Мұратұлы модераторлық қызмет атқарып, жас ғалымдардың жұмыстарын таныстырып, жан-жақты бағыт беріп отырды. Конференция өзінің, студенттерді оқу-танымдық қызмет пен ғылыми зерттеу жұмыстарына ынталандыру, студенттер мен ғалымдарды заманауи ғылыми мәселелерді шешуге тарту, дарынды, талантты студенттерге қолдау көрсету және шығармашылық қабілеттерін ашу, жас ғалымдардың зияткерлік әлеуетін қалыптастыру деген секілді негізгі мақсатына жетті.

Конференция жұмысында байқалған тағы бір жетістік, әлеуметтік-философиялық мәселелердің тек философия мамандығындағы студенттерді қызықтырып қана қоймайтындығында, бұл тақырыптардың басқа мамандық иелері үшін де өте маңызды екендігінде болды. Бұған куә, заң мамандығы, химия, медицина, физика т.б. мамандық студенттерінің философиялық мәселелерді жан-жақты зерттеп, сараптама жасаған жұмыстары. Мысалы,  Химия мамандығының 2-курс студенті А.Р. Мустафаның «Қазақстанның ақпараттық қоғамы және оған жаһандық экспансияның әсері (мәдениет, дін, діл, медианарық)», Медбикелік іс мамандығының 2-курс студенттері Д.А. Мадиева мен А.А.Тұрсынбайдың «Молодежь и социальная ответственность: роль общественного активизма в формировании ценностей» тақырыбындағы жұмыстары, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы студенті Пиялы Нұрайымның  «Ұлттық мәдениет: ат спорты мен ұлттық код түркітілдес халықтарының мәдениеті» тақырыбындағы жұмыстары жас ғалымдар арасында қызу пікірталас тудырған ерекше жұмыстар болды.

Сонымен қатар, қазіргі қоғамның өзекті мәселелерін қозғаған студенттер жұмысы да ерекше көзге түсті. «Қазіргі бала тәрбиесіндегі қателіктер. Қазақ тәрбиесінің философиясы» деген тақырыптағы философия мамандығының 2-курс студенті Әшімбаева Диананың ғылыми жұмысы да ұзақ талқылауға ұласты. Саналы ұрпақ — ұлт болашағы! Қазақ халқы әрқашанда бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлгенін ата-бабамыздың нақыл сөздерінен, жазған еңбектерінен, берген өсиетінен байқаймыз. Баланың бойына ерте жастан ұлттық құндылықтарымызды, ұлттық болмыс-бітімізді, тектілігімізді, қадір қасиетімізді сіңіріп өсірген халқымыз әрқашанда баланың тәрбиесі ұлттың тәрбиесі екенін біліп, дұрыс тәрбиені басты мұрасы ретінде қараған. Алайда қазіргі отбасындағы тәрбие ата-бабамыздың тәрбиесінен қалыс қалып, көпген ата-атаналар күйбең тіршілікке түсіп үйдегі баланың тәрбиесіне дұрыс қарамай кеткені бәрімізге айқын дүние деп мақаласын бастаған жас ғалым, қазіргі қазақ отбасындағы тәрбие беру олқылықтарын көрсете отырып, отбасылық құндылықтарды дәріптеу қажет екендігіне баса назар аударды.

Қазақ қоғамындағы әдет-ғұрып пен салт-дәстүрдің жаңарған нұсқасын зерттеген философия мамандығының 3-курс студенті М.М. Ақанованың «Қазіргі Қазақстан қоғамындағы әдет-ғұрып пен салт-дәстүрдің квазиформаттары» тақырыбындағы зерттеу жұмысын да ерекше бағалауға болады. Зерттеу мақаласында қазіргі қазақ ұлтына жат, әрі өзекті болып отырған салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптар сыни тұрғыда зерттелген. Студент байырғы қазақ халқының болмысымен салыстыра отырып, қазіргі қоғам санасындағы қалыпты мәдениеттің тетіктерін саралаған. Бұрмаланған салт – дәстүрді айқындап, себебін ажыратып көрсетті.

Шет мемлекеттен келген студенттердің де таңдаған тақырыптары жас ғалымдар арасында қызу талқыға түсті. Ташкент Фармацевтикалық институтының 2-курс студенті К.В. Микаелянның «Права женщин как исследование гендерной идентичности в философии» атты ғылыми жұмысы қазіргі қоғам үшін аса өзекті.

Конференция соңында философия кафедрасының профессор-оқытушыларынан құралған қазылар алқасының шешімімен, өзекті тақырыптарды зерттеп, саралай білген жас ғалымдарға жүлделі орындар берілді. Әлеуметтік философиядағы өркениет ұғымын философиялық тұрғыдан саралаған философия мамандығының 3-курс студенті Орынбасарова Анель халықаралық конференцияның жүлделі бірінші орнын жеңіп алды. Сонымен бірге үздік деп танылған басқа да жұмыстарға жүлделі 2-ші, 3-ші орындар тағайындалып түрлі сыйлықтар табысталды.

«Фараби әлемі» — жастарға ғылыми ізденіс барысында нақты бағыт-бағдар беретін баспалдақ екендігіне тағы бір мәрте көзіміз жетті. Жаңа Қазақстанның ғылымын дамытушы жас ғалымдардың көкірек көздері ояу, қадамдары нық, алар асулары биік болсын деген тілек білдірдік!

Гүлнар Мәлікқызы,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті

Жаңалықтар | Новости