Суббота, 4 мая, 2024

Басқада

Алматы облысында тамағына сүйек тұрып қалған нәресте құтқарылды

Алматы облыстық балалар клиникалық ауруханасына 1 жастағы бала тамағына бөгде зат тұрып қалуынан түскен. Анасының айтуынша, бала үйінде тамақ ішіп отырған кезінде, тамағына сүйек тұрып қалған. Нәресте қабылдау бөлімінде бір топ дәрігердің қарауында болып, консультациядан кейін диагностикалық бронхоскопия жасау туралы шешім қабылданыпты.

«ТМККК шеңберінде қажетті медициналық көмек көрсетілді. Операция алдындағы дайындықтан кейін диагностикалық бронхоскопия жасалды, онда сүйек бөлігі анықталды. Бөтен денені көмейден, дауыс байламдарының астынан аман-есен алып тастады. Жақында науқас аман-есен үйіне шығарылды. Баланың жоғарғы тыныс жолдарында бөгде зат болған кезде өте ауыр көрінеді. Мұндай науқастар ауруханаға жиі түседі», — дейді облыстық балалар клиникалық ауруханасы директорының орынбасары Асқар Қалиев.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің айтуынша, мұндай жағдайлар өңірде жиі кездеседі. Сондықтан мамандар ата-аналарға балаларға мұқият қарауға, қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Айта кетерлігі, елімізде балалар МӘМС шеңберінде тегін емделеді. Олар 15 жеңілдік санатындағы топ қатарына кіреді. Яғни, жарнаны олар үшін мемлекет төлейді.

Жаңалықтар | Новости