Суббота, 25 мая, 2024

Басқада

spot_img

   «МУЗЕЙ  ТҮНІ-2024»

ҚР Мемлекеттік Орталық музейі 2024 жылдың 17 мамыры күні сағат 18.00 — 23.00 аралығында Халықаралық музейлер күніне арнап «МУЗЕЙ ТҮНІ-2024» акциясын өткізеді. Бұл жылғы шара музейдің білім саласында алар орнын, өскелең ұрпақты тарих пен дәстүрді дәріптеу арқылы тәрбиелеу және ұлттық мәдениетті насихаттаудағы музейдің өлшеусіз үлесін айқындау үшін «БІЛІМ БЕРУ ЖӘНЕ ЗЕРТТЕУДЕГІ МУЗЕЙЛЕР» тақырыбында өтпек. Таңдалып алынған тақырып музейдің негізгі қызметінен бөлек тәрбие және білім беру саласын да қамтитын серпінді ғылым-білім орталығы екенін көрсетеді.

«МУЗЕЙ ТҮНІ-2024» акциясының демеушілері мен серіктестері: LUXE TABLEWARE   — Truffle Bee эксклюзивті дистрибьюторы,  компании «CITIX» и «Барни», AlmaLife.kz, «DARU UNIVERSITY», Қазақстан Жазушылар одағы, ҚР Ұлттық кітапханасы, «Мектеп», «Arman-PV», «Көкжиек-Горизонт» баспалары.

17 мамыр күні ҚР Мемлекеттік орталық музейі тарихты, дәстүрлі мәдениет пен өнерді зерттеуге арналған білім беру және ғылыми зерттеу бағдарламаларын таныстырады. Білім беру, шығармашылық, зияткерлік стартаптар мен музейлік кластерлер және түрлі workshop үлгілері оқу-ағарту платформасы есебінде қолданылмақ. Сондай-ақ, мереке қонақтары Орталық музей қорындағы бағалы коллекциялардан тұратын жаңа көрмелермен таныса алады (ашылуы 19.00).

«ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ ЕСІМДЕРІ» — қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнері, білім беру саласы мен ғылымына өлшеусіз үлес қосқан ұлы тұлғаларға арналған көрме. Мұнда А. Құнанбайұлы, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынұлы, М.Тынышбаев, Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, Х.Арғынбаев, К.Әкішев, Ө.Жәнібеков, Б.Қожамқұлованың мұраларымен танысуға болады.

Дәл осы күні қазақ бейнелеу өнерінің бастауында тұрған ұлы суретшілер Ә.Қастеевтің 120 жылдық, Ү.Әжиевтің 100 жылдық, Н.Нұрмұхамедовтың 100 жылдық, С.Қожықовтың 100 жылдық, Г.Исмаилованың 95 жылдық мерейтойларына арналған «ҚЫЛҚАЛАМ ШЕБЕРЛЕРІ» көрмесінің ашылу салтанаты өтеді.

Мереке қонақтары «Дәстүрдің бет-бейнесі: Қазақстанның этникалық симфониясы» көрмесі арқылы  Нағима Ибрашева, Ләйла Жарқын, Әсем Сүлейменова, Алтынай Байжанова, Динара Закарадзе сынды жаңа заман суретшілерінің шығармашылығымен таныса алады.

ҚР Орталық музейі «Музей түні» мерекесінің шеңберінде «МУЗЕЙГЕ СЫЙЛЫҚ -ҰРПАҚҚА МҰРА» акциясын жариялап, азаматтардан музейлік құны бар заттар мен отбасылық жәдігерлерді музей қорына тапсыруды сұрайды. Осы күні әнші А.Нұрмағанбетованың, күйші Қ.Жантілеуовтің, жазушы А.Мекебаевтың және т.б тұлғалардың жеке қорындағы құндылықтар Орталық музей  қорына қабылданады.

 «БІЛІМ БЕРУ ЖӘНЕ ЗЕРТТЕУДЕГІ МУЗЕЙЛЕР» тақырыбында өтетін жарқын, әрі әралуан бағдарлама музейдегі бұл түннің ерекшелігін айқындайды. Музей қонақтарына ұсынылатын жобалар мен бағдарламалар реті төмендегідей:

Сағат 16.00. Қазақстандық суретшілер мен Ә.Қастеев атындағы Өнер және дизайн мектебінің және «Ұмай» көркемсурет студиясы шәкірттерінің қатысуымен өтетін «Музей – тарих пен материалдық мәдениеттің сақтаушысы» музейлік пленэрі. (М.Нысанбаев, Л.Дроздова, М.Қаңтарбаев, Д.Гаитова, А.Бейшекеев, М. Ықыласова, М.Құлдыбаев, Р.Искаков, М.Гречкина, И.Гущин, А.Кашабаев).

Қонақтарға «БІЛІМ БЕРУ ЖӘНЕ ЗЕРТТЕУДЕГІ МУЗЕЙЛЕР»» тарихи-танымдық маршрут ұсынылады. Шара барысында «Музейдің таңғажайып әлемі» саяхаты (балалар жүргізетін экскурсия), Қазақстан тарихы бойынша квесттер, «Мен қазақтың тарихын білемін» және «Ұлы Жібек жолының тарихы» викториналары ұйымдастырылады.

  • Осы түні «Барни» компаниясы сағат 18.00-ден 22.00-ге дейін балаларды аю Барнимен бірге тарих әлеміне қызықты онлайн саяхат жасауға шақырады.
  • Қазақстан тарихы жайлы музейдің ғылыми қызметкерлері өткізетін ИНТЕРАКТИВТІ ТАҚЫРЫПТЫҚ ЭКСПОЗИЦИЯЛАР мен ОҚЫТУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫ (18.00-23.00):  «Көне заман көлеңкелерінің құпиялары», «Археологтың дала қосыны – археологтың пазлын құрастыр»; «Әлем халықтарының музыкалық аспаптары» (Қазақстан, Қытай, Моңғолия); «Каллиграфия – ғылым мен өнер түрінде»; «Алыс-жақын шетелдің ақша түрлері». Музейдің реставрация орталығының қызметкерлері қонақтарға музей заттарын, кескіндемелерді, керамика мен металлды, ағаш пен матаны, киізден жасалған бұйымдардың қалпына келтіруден ашық шеберлік дәрістерін өткізеді.
  • «МУЗЕЙЛІК ҒЫЛЫМИ ТӘЖІРИБЕЛЕР» КЛАСТЕРІ. Аталған шара аясында мектеп оқушылары, ЖОО және колледж студенттері «Инновациялық музей – болашақтың музейі» ғылыми-шығармашылық еңбектері мен бейнероликтерін  таныстырады.  
  • Ерекше жандарға арналған «Тактильдік жәдігерлер: қазақ халқының мәдениетімен танысу» жаңа инклюзивтік жобасының таныстырылу рәсімі. Жоба Qazaq-Оner Ұлттық қауымдастығының, Aigul Line брендінің негізін қалаушы әрі президенті А.Жансерікованың, О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік және қолданбалы өнер колледжі мен «Бақыт» сәндік және қолданбалы өнер орталығының қолдауымен жүзеге асырылады.
  • Көрермен назарына ұсынылатын «ОН САУСАҒЫНАН ӨНЕР ТАМҒАН» танымдық кластерінің аясында сәндік-қолданбалы өнер шеберлері, суретшілер мен изостудиялар, мектептер кескіндеме, қолөнер, шығармашылық пен каллиграфия бойынша шеберлік сабақтарын өткізеді. (қатысушылар: О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік және қолданбалы өнер колледжі, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының колледжі, Абай атындағы ҚҰПУ, тігін машиналарының үйі, ҚХР Бас консулдығы мен Иран Ислам Республикасының Бас консулдығы, SANAT изостудиясы, Ажар Төлебаеваның ByART, «Творческое яблоко», Ә.Қастеев атындағы Өнер және дизайн мектебі, «Ұмай» көркемсурет студиясы, Толғынай өткізетін құрақ көрпе дәрісі, Оқушылар сарайы т.б).
  • Шара аясында «Әлеуметтік мәдениеттік коммуникация жүйесіндегі музейдің орны. Ұлттық мәдениетті насихаттау» OPEN SPACE форматындағы пікір алмасу алаңы жұмыс істейді (сағат 19.30, 4 зал). Бұл ортада креативті индустрия өкілдері, тарихшылар, суретшілер, мәдениеттанушылар, дипломаттар, бизнесмендер, журналистер өзара әріптестік және мәдениет пен өнерді насихаттаудағы маңызды мәселелерді талқылайды. DARU университеті «Музейдегі AI: технология мен өнердегі революция» шарасының аясында музей экспонаттарына жан бітіру үшін жасанды интеллектті пайдалана отырып алдыңғы қатарлы озық технологиялардың әлеуетін көрсетпек.

DARU сағат 20.30 – 22.00 аралығында (музейдің 4-ші залы) жасанды интеллект саласындағы танымал сарапшылардың қатысуымен екі бірдей семинар ұйымдастырады. Бағдарламада:

1. AI сарапшысы Айдын Муатханның «Тұлғаны дамытуда жасанды интеллектті пайдалану» тақырыбындағы семинары. Қатысушылар AI құралдарының өзін-өзі дамыту мен оқуды қалай игергенімен таныса алады.

2. Нейродизайнер және нейрондық желілер саласындағы зерттеуші Риз Есентаев «Дизайн үшін нейрондық желілерді пайдалану» тақырыбында сессия өткізеді. Бұл семинар жасанды интеллекттің заманауи дизайн мен бейнелеу өнеріндегі әлеуетін көрсетпек.

  • Түнгі уақытта қонақтар назарына «Кездесу орны — музей» қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі және үздік дизайнерлер мен колледж студенттері ұсынған дефиле-таныстырылымы ұсынылады (қатысушылар: дизайнер, суретші Айжан Абдубаит, Алматы сән және қызмет көрсету саласы колледжі, «Сымбат» сән және дизайн академиясы, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының колледжі).
  • Кеш барысында өтетін концерттік бағдарлама қонақтар алдында ҚР Халық артистері, мемлекеттік оркестрлер, музыкалық және шығармашылық ұжымдар мен ансамбльдер (Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы, «Қазақстан камератасы», Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық халық аспаптары оркестрі, Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрадалық-цирк колледжі, П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы, К.Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған Республикалық мектеп, Алматы қалалық белсенді ұзақ өмір орталығы) мен  қазақ, күрд, ұйғыр, кәріс ұлттық-мәдени – этноорталықтары мен «Родина» хоры  т.б өнер көрсетеді.

Кештің жүргізушілері: CHRIS BLACK, DJ KAMAL

Өтетін күні мен уақыты: 17 мамыр,  сағат 18.00 — 23.00 аралығы.

Ресми ашылу салтанаты: 18.00. Кірутегін.

17 мамырда сағат 18.00-ден 23.00-ге дейін музейге кіру тегін, «Антропология» және «Ашық қор. Қазақстанның археологиялық алтыны» залдары — ақылы.

18 мамыр – Ашық есік күні, сағат 18.00-ден 21.00-ге дейін кіру – тегін; «Антропология» және «Ашық қор. Қазақстанның археологиялық алтыны» залдары — ақылы.

19 мамыр – Ашық есік күні, сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін барлық залдарға кіру — тегін.

Жаңалықтар | Новости