Пятница, 20 сентября, 2024

Instagram@nurlyolke

Басқада

spot_img

Қонаевтағы автобекет жеке меншікке өткен: әкім мәселені зерттеуді тапсырды

Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов автобекет пен теміржол стансасының жұмысымен танысты.

Қаладағы автобекет ғимараты бірнеше жыл бұрын жеке меншікке өтіп кеткен. Қазір бұл нысанда вокзалдан бөлек, мемлекеттік мекемелер орналасқан. Шаһар басшысы тиісті мамандарға ғимараттың қалайша жеке меншікке өтіп кеткенін, нысаналы мақсатта пайдаланып, я пайдаланылмай жатқанын тексеруді тапсырды.

Әкім вокзал аумағының антисанитариялық жағдайына да назар аударды. Қоқыс жәшіктері толып, жақын маңдағы «Алматы-Қонаев» пойызы қатынайтын стансадағы аялдамалардың әйнегі сынған. Асхат Бердіханов абаттандыру ережесін бұзған азаматтарды тез анықтау үшін бейнебақылау камераларын орнатуды тапсырды.

Содан соң ол теміржол стансасына барды. Бұл нысан «Қазақстан теміржолы» АҚ-ның иелігінде.

Компания өкілінің сөзінше, бүгінде Қонаевта жаңа станса салуға халықтан сұраныс жоқ. Себебі, «Алматы-Өскемен», «Қонаев-Қарағанды» күре жолдары арқылы көлікпен қатынайтындар көп. Сондай-ақ тұрғындар ел ішінде пойызбен жүру үшін көбіне Алматыға барады.

Шаһар басшысы қандай жағдай болмасын, станса өз деңгейінде қызмет ету керек екенін түртіп айтты.

«Тұрғындар түнде жарық жоқ екеніне үнемі шағымданады. Жолаушылар пойыздан түскенде қауіпсіздік үшін алаңдамауы тиіс. Бұл проблема жақын арада шешілсін. Бейнебақылау камераларын орнатып, ғимараттың жан-жағын қоқыстан тазалау қажет», – деді Асхат Бердіханов.

Сонымен қатар әкім жеке кәсіпкердің мәселесін тыңдау үшін Сейфуллин көшесінің бойында орналасқан дүкенге барды. Ол абаттандыру жобасына сәйкес, дүкен аумағында тұрақ болмайтынына шағымданған кәсіпкерге жобаның жүзеге асуы жайында түсіндірді.

Жаңалықтар | Новости

Instagram@nurlyolke