Пятница, 20 сентября, 2024

Instagram@nurlyolke

Басқада

spot_img

ШЕҢГЕЛДІДЕГІ ШЕБЕР ҚОЛӨНЕРШІ

ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫ, ШЕҢГЕЛДІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ КҮЛИНҰР БІЛӘЛДІҢ ҚОЛӨНЕРІ МЕН ӨМІР ЖОЛЫ – ЕҢБЕК ПЕН ТАБАНДЫЛЫҚТЫҢ АЙҚЫН КӨРІНІСІ. ОНЫҢ ЕРЕКШЕ ШЕБЕРЛІГІ МЕН ЕҢБЕКҚОРЛЫҒЫ ЖАЙЛЫ ӘҢГІМЕ БІЗДІҢ ОҚЫРМАНДАРЫМЫЗДА ҮЛКЕН ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ТУДЫРАДЫ ДЕГЕН СЕНІМДЕМІЗ.

1966 жылы Қытайда дүниеге келген Күлинұр бала кезінен тігін мен кесте тігуді үйренген. Ол үшін бұл тек хобби емес, өмірінің ажырамас бөлігі. 2011 жылы отбасымен бірге Қазақстанға қоныс аударып, Шеңгелді ауылына тұрақтады. Жаңа орта, жаңа мүмкіндіктер оның өнеріне жаңа серпін берді.
Бес баланың анасы бола тұра, Күлинұр қолөнермен айналысуын тоқтатпаған. Көрпе, откиіз, тұскиіз сияқты ұлттық бұйымдарды тігуді ол үлкен шеберлікпен орындайды. Оның қолынан шыққан әрбір бұйым ерекше әсемдік пен жоғары сапасымен ерекшеленеді. Бұл оның өнерге деген махаббатының және талантының нәтижесі.
Күлинұр Біләлдің еңбегі биылғы жылы үлкен қолдау тапты. «Алматы облысы әкімдігінің ауыл шаруашылық басқармасы» мемлекеттік мекемесінен субсидия алып, «Қонаев» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы тігін фабрикасын ашу мүмкіндігіне ие болды. Алынған қаражатқа Қытайдың Шанхай қаласынан сапалы көрпе қабу, жүн түту және кесте тігуге арналған үш станок сатып алған екен.


Алайда, өкінішке орай, станоктарды орналастыруға қажетті ғимарат салуға субсидия жеткіліксіз болғандықтан, станоктар қазіргі уақытта Алматыда складта бос тұрған көрінеді. Бұл мәселені шешу үшін Күлинұр әкімдіктен трасса бойынан 10 соток жер сұрап отыр. Ол осы жерге тігін фабрикасының ғимаратын салып, станоктарын іске қосу арқылы өз кәсібін дамытуды көздейді. Жер алу мүмкіндігі туындаса, ол ғимарат салуға қажетті қаражатты қарызға алудан да тартынбайды. Оның мақсаты – көрпе қаптау, қыз жасауын дайындау, түрлі ою-өрнекті бұйымдар шығару арқылы ұлттық қолөнерді дамыту.
Күлинұрдың айтуынша, ол кредит алу туралы шешім қабылдап, өз үйін кепілге қойып, 8 миллион теңге көлемінде қаражат алған. Себебі, ол өз күшіне сенімді және бұл ақшаны толығымен қайтаруға дайын екенін айтты. Бұл жерге фабрика және дүкен салуды жоспарлап отыр, сол арқылы өнімдерін тікелей тұтынушыларға сату оңай болар еді дейді ол.
Қазіргі уақытта Күлинұр үйде тандыр нан пісіріп, оны сату арқылы күн көрісін қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар, көрпе-жастықтарға тапсырыстар қабылдап, өз өнерін жалғастыруда.
Қазақтың қолөнері тарихы терең және ұлттық мәдениеттің маңызды бөлігі болып табылады. Күлинұр Біләлдің еңбегі осы бай мұраны сақтап қалуға және оны болашақ ұрпаққа жеткізуге бағытталған. Оның қолынан шыққан әрбір бұйым қазақ халқының бай мәдениетін бейнелейді және ұлттық бірегейлікті сақтауға көмектеседі.
Айта кетсек, Қазақстанда шағын және орта бизнесті (ШОБ) қолдау бағытында мемлекет ауқымды шаралар қабылдауда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл саланың ел экономикасындағы маңыз-дылығын бірнеше рет атап өтіп, нақты қолдау тетіктерін іске асыруды тапсырды.
2024 жылы шағын және орта бизнесті қолдау үшін мемлекет 60 мыңға жуық жобаны қолдауды жоспарлап отыр. Бұл бағдарламалар несиелік пайыздық мөл-шерлемелерді субсидиялауды және қарыздарға кепілдік беруді қамтиды. «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары шеңберінде 2023 жылы шамамен 12 мың жобаға қолдау көрсетілді.
Президент Тоқаев шағын бизнестің экономикалық өсудің маңызды құрамдас бөлігі екенін атап өтті. Ол кәсіпкерлерді тексеру процедураларын жеңілдетіп, реттеушілік саясатын жаңартуды тапсырды. Сонымен қатар, жаңа экономикалық саясат аясында жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру және мемлекеттік капитализмнен бас тарту қажеттілігін ерекше атап өтті.
Осындай ауқымды мемлекеттік қолдау Күлинұр Біләл секілді талантты қолөнершілерге өз істерін дамытуға және ұлттық мәдениетті сақтап қалуға мүмкіндік береді. Атадан мал қалғанша, тал қалсын дегендей, Күлинұрдың еңбегі тек қана өз кәсібін дамытумен шектелмей, қазақтың бай мәдениетін, ұлттық өнерін сақтап, келер ұрпаққа жеткізуге бағытталған. Оның еңбекқорлығы мен табандылығы көптеген адамдарға үлгі болары сөзсіз. Кү-линұрдың арманы орындалып, қолөнер арқылы қазақ мәдениетін насихаттауға әрі ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға өз үлесін қосады деп сенеміз.

Назерке ИНАҚЫН

Жаңалықтар | Новости

Instagram@nurlyolke