Четверг, 28 марта, 2024

Басқада

НАУҚАНШЫЛДЫҚҚА ҰЛАСЫП КЕТПЕСІН

Қанат МОЛДАБЕРГЕНОВ,
Қонаев қалалық Ауған соғысы ардагерлер одағының төрағасы

Көптің көңілін алаңдатқан сайлау дұрыс өтіп, күдік-күмән сейілді. Қасым – Жомарт Тоқаев екінші рет ел Президенті болып сайланды. Ұлықтау рәсімінде Мемлекет басшысы: «Табыстарды және олқылықтарды ажырататын бұл – уақыт және тарих. Уақыт – ең әділ қазы, ал тарих – бәріне таразы. Сондықтан саяси науқаншылдыққа жол бермеуіміз қажет. Біз болашақта әділетті мемлекет боламыз десек, өткенге әділдікпен қарап, одан тағылым ала білуіміз керек. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирену – өсетін елдің белгісі» — деді. Ойға түйер ұлағатты сөз. Ендігі кезекте не істеу керек?
Меніңше әділетті Қазақстанның қоғамында өмір сүреміз десек, ең бірінші сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласында қабылданып жатқан шешімдер мен іс-қимылдардың нәтижесін үнемі тұрақты бақылауда ұстау керек. Бұл бастамалар тамыр-таныстық пен рушылдықты түбегейлі жойып, «парасыз қоғам» құруға ықпал ететініне сенімдімін. Бұған конституциялық реформа аясында қабылданған нормалар кепілдік береді. Мемлекет басшысының тағы бір жақсы бастамасы – сы-байлас жемқорлықпен күрес бағытындағы іс-шаралар.
Ұлықтау рәсімінде Президент Қ. Тоқаев: «Біз әділдікті қалпына келтіріп, елден заңсыз шығарылған барлық активті қайтаруға тиіспіз. Бұл үшін Үкімет заңсыз шығарылған капиталды қайтару үшін қажетті рәсімдерді реттейтін заң жобасын әзірлейді. Сонымен қатар заң жобасы әділетсіз баюға және активтерді заңсыз шығаруға ықпал ететін себептер мен шарттарды жоюға бағытталады. Қайтарылған барлық қаражат азаматтардың игілігіне жұмсалуға тиіс. Бұл қаржыны жоғары технологиялы өндіріс орындарын ашуға, мектептер мен ауруханалар салуға, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға пайдалану керек» деді.
Жемқорлықпен аяусыз күрес жүргізілсе, қоғамымыз тазарады. Қарапайым халықтың Мемлекет басшысынан күтетіні де осы. Тек айтылған тапсырмалар науқаншылдыққа ұласып кетпесе болғаны.

Жаңалықтар | Новости