Пятница, 26 апреля, 2024

Басқада

АТА ЖҰРТТЫ АҢСАП КЕЛГЕН АҒАЙЫН

Қонаев қаласының кітапханасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Алматы облысының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен «Ата жұртты аңсау» тақырыбындағы дөңгелек үстел болып өтті.

Басқосуға Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасарының штаттан тыс кеңесшісі, республикалық «Жебеу» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әділбекұлы Омарәли,  «ЖАН-ЕЛ» ЖШС-нің төрағасы,  жеке кәсіпкер Райыс Арипжанұлы, Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі және «Кәкей» кәсіптік үйірмелер орталығының жетекшісі Қырғауыл Какейқызы,Жамбыл ауданы «Қайырымды-қандастар» қорының жетекшісі Бахаргүл Табысқызы, Алматы облысы бойынша«Қандастар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қоғамдық келісім КММ-сі басшысының кеңесшісі Құрметбек Сансызбайұлы,жеке кәсіпкер Азангүл Әлболсын және аудан, қалалардан ұстаздар мен дәрігерлер, кәсіпкерлер. БАҚ өкілдері қатысты.

Кездесудің басты мақсаты тәуелсіздік алған жылдардан осы уақытқа дейінгі облыс аумағына қоныстанып, ел тірлігіне етене араласып, әр салаларда еңбек етіп жүрген,1991 жылы Тәуелсіздігімізбен бірге атажұртқа көш басын бұрып, аңсап келген бауырларымыздың басын қосуға арналды.

-Тәуелсіздіктің – Көшкеруені «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асып, республикамызға 1,5 млн., оның ішінде Алматы облысында 300 мыңғажуық қандастарымыз келіп тұрақты қоныстанғанын барлықтарыңыз жақсы білесіздер. Облыс аумағына қоныс аударған қандастарымызды қолдау бойынша іс-шаралардың жоспары бекітіліп, тиісті басқармалар мен аудан, қала әкімдерімен жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Алматы облысы әкімдігі  мен «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған, — деді басқосуды кіріспе сөзбен ашқан Алматы облысының «Қоғамдық келісім» КММ директоры  Марат Илипов.

Алматы облысы бойынша«Қандастар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қоғамдық келісім КММ-сі басшысының кеңесшісі Құрметбек Сансызбайұлы баяндама жасап, біраз мәселелрге тоқталып өтті.

Қазақстан тәуел­сіз­дігін алған алғашқы жылдың өзінде-ақ атажұртты аңса­ған алыс шеттегі ағайынның көш басын елге қарай бұруы табиғи заңдылық­тан туында­ған әрекет еді.  Сол жылдары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті       Н. Назарбаев тарих­тың қи­лы кезеңдерінде тағдыр тау­қыметін арқалап, тарыдай шашырап кеткен алыстағы ағайындарды атамекеніне оралуға шақырды.

Көштің алғашқы легімен ғұлама ғалым, діни ағартушы ұстаз Халифа Алтай, әлемге танылған таэквондо шебері Мұстафа Өзтүрік, Монғолия елінен Сағат Заханқызы және Аятхан Тұрысбекұлы  сынды азаматтар тарихи отандарына атбасын бұрды.

Қандастарымыздың тығыз қоныстанған аймақтарына Қарасай, Еңбекшіқазақ, Талғар аудандары жатады. Олардың 96341-і Өзбекстаннан, 92465-і Қытай елінен, 20300-і Моңғолия елінен келгенбауырларымыз.

Өзгеден көмек сұрап, қол қусырып қарап отырмай өз кәсіптерін ашып, бала-шағаларына үлгі көрсетіп, ел-жұртының  алғысына бөленіп жүрген «ЖАН-ЕЛ» ЖШС-нің төрағасы, жеке кәсіпкер Райыс Арипжанұлын, Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, осы одақтың Алматы облыстық бөлімінің жетекшісі, ұлттық ою өрнектің қыр-сырын халыққа танытып, өз қолдарымен термелеп тоқып шығаруды үйретіп қана қоймай, әдістемелік, шеберлік үлгісін, қажетті құралдарымен қоса насихаттап, республикалық деңгейде өткен ұлттық өнердің бірнеше мәрте жеңімпазы атанған  Есік қаласындағы «Кәкей» атты кәсіптік үйірмелер орталығының жетекшісі Қырғауыл Какейқызын ерекше атап өткен жөн.

Еліміздің тәуелсіздігін нығайту жолында тарихи себептермен туған топырағынан көз жазып, әлемнің әр тарапына бытырап кеткен бауырларымыз бен олардың ұрпақтары, егемен ел болып, көк байрағы желбіреген өз Отанына оралулары өте маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2019 жылы  «Қоғамдық пікірге қозғау салған отандастар мәселесін қолдан саясаттандыруға болмайды. Шетелдегі қандастарымызды Атамекенге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің парызымыз» деген болатын.

Дөңгелек үстелде өрбіген әңгімеде Қазақстан Республикасы азаматтығын рәсімдеу, берілетін жеңілдіктер, қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасын енгізу, ықтиар хат рәсімдеу, қандас мәртебесін алу, білім гранты, квоталар туралы ақпарат, уақытша тіркеуге  тұрғызу бойынша кеңестер беріліп, қолданыстағы заңнамаға сәйкес көмектер көрсетілсе деген тілектер мен ұсыныстар айтылды.

Зарыққан ӘБІЛҚАСЫМҰЛЫ

Жаңалықтар | Новости