Суббота, 27 июля, 2024

Instagram@nurlyolke

Басқада

spot_img

ЖЫР-ТЕРМЕ МЕКТЕБІ ШЕҢГЕЛДІ АУЫЛЫНДА АШЫЛДЫ

Биылғы жылы Алматы облысында жас ұрпаққа ұлттық тәлім-тәрбие беру мақсатында барлық аудандарда жыр-терме мектептері ашылып, өз жұмыстарына кірісіп кетті. Дүйсенбі күні осындай игілікті іс Шеңгелді ауылының мәдениет үйінде Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы жыр-терме мектебінің тұсауы кесілді.

Салтанатты шараға Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мәдени іс – шаралар мониторинг және жоспарлау бөлімінің басшысы Айдос Момынқұлов, облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Ерұлан Жебегенов, Қонаев қалалық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Бибігүл Кенжеханова, «Жастар» сыйлығының иегері, мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері жыршы-термеші Өмірқұл Айниязов, Қазақстанның мәдениет қайраткері, «Жыраулар сөзі – тарихтың көзі» кітабының авторы, профессор Әбіш Әділбек және  бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Мәдени шараға қатысушылар алдымен мәдениет үйі мен Қадырғали Жалаири атындағы № 6 орта мектебінің ұйымдастырған қолөнер үйірмелерінің көрмелерімен танысты. Одан кейін Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы жыр-терме мектебінің тұсауынҚонаев қалалық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Бибігүл Кенжеханова мен Қазақстанның мәдениет қайраткері Әбіш Әділбек кесіп, ізгі тілектерін білдірді.

Жыр-терме мектебінің атын иеленген Бақтыбай Жолбарысұлы 1842 жылы Алматы облысы, Ескелді ауданы Өтенай ауылының Балдырған жайлауында дүниеге келген. Жеті жасында жетім қалып, бірнеше жыл Балқаш, Сексеуіл, Шұрық жақтағы нағашыларының қолында болады. Кейін еліне қайтып келіп, бай ағайындарының малын бағады. Жиын – тойларда өлең құрастырып ақындығын танытады. Ақыры өнері жалшылықтан құтқарып, өлеңнің соңына біржолата түседі.  Әсіресе атақты Тезек төремен айтысы Бақтыбайдың ақындық даңқын бүкіл Жетісу өңіріне әйгілі етеді. Бақтыбайдың жекелеген толғау,  айтыс өнері оны биікке көтерді. Мәйке қызбен, Арыстан, Жүсіпбек, Әсет, Бейімбет, Қыпшақбай, тағы басқа ақындармен айтысы суырып салма шеберліктің, тапқырлық пен батылдықтың айқын үлгісі. Бақтыбайдың шығармалары 1987 жылы «Жел қобыз» деген атпен жеке кітап болып шықты.

Өнер ошағының ашылу салтанатына арнайы келген жыршы-термешілер Өмірқұл Айниязов пен Әбіш Әділбек әуелете ән шырқады. Сондай-ақ, Шеңгелді мәдениет үйінің музыкалық жетекшісі Бибінұр Құламханова Сүгірдің термесін, мәдениет үйінің жанынан құрылған «Асыл әжелер» ансамблі Майлықожаның термесін көрермендерге тарту етті.

Мәдениет үйіне жиналған барша қауым Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы жыр-терме мектебініңөнер ошағынан жыр-термешілердің көптеп түлеп ұшуына тілектестігін білдіріп тарқасты. 

Заңғар АЛТАЙ

Жаңалықтар | Новости

Instagram@nurlyolke