Пятница, 26 апреля, 2024

Басқада

МИНИСТР ЖАУАП БЕРДІ

ҚР Әділет министрі Қанат МУСИН Қонаев қаласындағы орта мектеп-гимназиясында халықпен кездесу өткізді. Ол өз сөзінде әділет саласында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, осы орайда көпшіліктің ой-пікірін біліп, ұсынысын тыңдау мақсатында көпшілікпен жүздесіп отырғанын жеткізді.

Қанат Сергейұлы 1 қаңтардан конституциялық сот жұмысын бастайтынын, бұл мүлдем жаңа құрылым екенін, оған қарапайым азаматтар жүгінетінін, сот ісінде нормативтік-құқықтық актілер дұрыс қолданылмаған жағдайда осы жаңа жүйе бойынша шағымдануға болатынын айтты.

Министр «Нотариат туралы» Заңға қатысты енгізілген түзетулерге де тоқталды. Жылжымайтын мүлікті ресімдеу жеңілдетілгенін, енді нотариус арқылы екі-ақ сағатта үйді өз атына аударуға болатынын тілге тиек етті. Өз сөзінде министр АХАЖ саласындағы рәсімді жеңілдету аясында некені тіркеу мерзімі 15 күнге дейін қысқартылғанын атап өтті. «Электрондық үкімет» және  «eGovmobile» порталы арқылы туу туралы, неке туралы және қайтыс болғаны туралы куәлікті электронды түрде алуға мүмкіндік барын, мәселен, баланың туу туралы куәлігі ешбір мекемеге бармастан автоматты түрде жасалатынын, ол үшін ұялы телефонға смс-хабарлама келетінін, куәлік жасату әке-шешсінің ЖСН номері арқылы жүзеге асатынын түсіндіріп берді.

Қанат Сергейұлы Әділет министрлігінің 119 нөмірлі тәулік бойғы құқықтық ақпараттық қызметі жұмыс істейтінін, ол халыққа барлық құқықтық мәселелер бойынша тегін кеңес беретінін айта кетті.

Өз кезегінде тұрғындар министрге сауалдарын жолдап, тиісті жауап алды. Халықпен жүздесуден кейін Қанат Мусин облыс тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Жаңалықтар | Новости