Пятница, 26 апреля, 2024

Басқада

«Елімізде бір жылда 9 бала өз әкесінің қолынан қаза тапты» – омбудсмен

Ер адам бірінші баласын өлтірген соң, әйеліне өлтірілген ұлының жантүршігерлік суреттерін жіберген.

Алматы қаласындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Халида Әжіғұлова ер адамдар арасында өз баласын өлтіру дерегі көбейіп келе жатқанын айтып дабыл қақты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Парламенттің жаңа шақырылымы депутаттарының алдында сөз сөйлеген омбудсмен тек бір жылдың ішінде елімізде 9 бала өз әкесінің қолынан асқан айуандықпен мерт болғанын айтады. 

«Тек соңғы жылдың өзінде ерекше қатыгездікпен және асқан арсыздықпен бес қылмыскер өз балаларын пышақтап өлтіріп, басын кесіп, дарға асып тастаған. Бір жылда барлығы 9 бала солай мерт болды. Көп жағдайда қанішер әкелер әйелдеріне немесе бұрынғы әйелдеріне ерегісіп істеген. Соның бәрі ұзақ жылға созылған отбасылық зорлық-зомбылықтың салдарынан болып жатады, ал отбасылық жанжалға полиция әдетте көз жұмып қарайды», — дейді Халида Әжіғұлова.

Мәселен, Маңғыстау облысында әкелердің өз балаларын өлтіруіне қатысты екі оқиға тіркелді. Біреуінде ер адам үш баласын асып өлтіріп, артынша өзі асылып қалса, 2023 жылдың наурызында тағы бір «әке» үш кішкентай баласын бөлшектеп өлтірді.

«Деструктивті исламдық ағымның жақтаушысы делінетін ер адам алдын ала жалға алған пәтерінде үш кішкентай баласын қанға бөктірген. Ерлі-зайыптылар ажырасып кеткен. Балалары Атырауда анасымен бірге тұрған, демалыста әкесі балаларын Ақтауға алып кеткені белігілі болды. Балаларды өлтірмес бұрын ол бір шөлмек арақ пен үш балмұздақ сатып алған. Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, ер адам бірінші баласын өлтірген соң, әйеліне өлтірілген ұлының жантүршігерлік суреттерін жіберген. Тағы екі баласы ол кезде тірі болған, алайда артынша оларды да жер жастандырған», — дейді Х. Әжіғұлова.

Сондай-ақ 2023 жылдың наурызында Қарағанды ​​облысында әкесі екі жасар ұлын анасы жұмыста болған кезде өлтіріп тастаған. Ер адам сәбиге 18 рет пышақ жарақатын салған.

«Бізде мұндай асқан қатыгездікпен жасалған бала өлімі бұрын-соңды бұлайша көп болмаған еді! Бұдан да сорақы жағдай – Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу қадамдары саналы түрде толықтай тұншықтырылды», — дейді омбудсмен.

Оның айтуынша, мұндай қылмыстардың өршуіне Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураның да кінәсі бар. Өйткені 2017 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекеті қылмыссыздандырылды.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмысқа жатпайтын болғандықтан, отбасындағы тирандар мен психопаттар тіптен есінен танды десе болады. Бұрын олар ең болмағанда ұрып-соққаны үшін қылмыстық жазадан қорқатын болса, енді әйелдері мен балаларын іс жүзінде еш жаза алмастан соққыға жығудан сескенбейтін болды. 2018 жылдан бастап біз тұрмыстық ауыр және аса ауыр қылмыстардың тұрақты өскенін байқап отырмыз. Өйткені агрессорларды енді тежейтін ештеңе жоқ. Олар балалары мен әйелін ұрып-соғуды жеткіліксіз көріп, енді айдың-күннің аманында асып, шауып өлтіре беретін болды», — дейді балалар омбудсмені.

Халида Әжіғұлова жаңа шақырылымның депутаттарын тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң жобасына бастамашылық жасап, оны тезірек қабылдауға шақырды.

«Әйтпесе, еліміз көп ұзамай зорлық-зомбылыққа ұшырағандардың қанына тұншығады десем артық айтпаймын. Зорлаушылар мен кісі өлтірушілердің еліне айналмасын десек, жәбірленуші тарап қылмыскерді өзі жазалап қылмысқа бармасын десек, тиісті заңды қабылдауымыз керек. Заң азаматтарды құқықтық тұрғыдан қорғаудың бірден-бір жолы болады», — деп түйіндеді ол.

Жаңалықтар | Новости