Вторник, 21 мая, 2024

Басқада

spot_img

Ерлі зайыптылы жандар мүмкіндігі шектеулі балалар мен аналарын қуантты

Елімізде соңғы жылдары аутизм диагнозы қойылған балалар мен түрлі сырқатқа шалдығуы салдарынан үйінен шыға алмайтын кішкентайлар көбейіп барады. Шыны керек, олардың көбеюі, қоғамның оларға да назар аударып, жүріп тұруына, қоғамға бейімделіп білім алып, қажетті ем-дом алуына ыңғайлы жағдай жасалуы қажет екенін аңғартуда. Мемлекет тарапынан бұл бағытта жұмыстар жасалып, инклюзивті білім мен медициналық қызметтің қолжетімді болуын қамтамасыз етуге тырысуда. Одан бөлек онсыз да тағдыр сынына ұшыраған жеткіншектерге қоғамның мейірімділігі, адамдардың жылы қарым қатынасы, тіпті балаларының қасынан күні түні шыға алмайтын аналарына да басқалардың назар аударып, көңіл күй сыйлауы қажет-ақ! Өйткені денсаулығында кәніраты бар баланы бағып қағу мұндай балалардың анасына да оңай емес.

Соны түсінген ерлі-зайыптылы кәсіпкерлер, «Аманат» партиясының мүшесі Тлеуберді Нұрмуханбет пен жұбайы Ботагоз Бекимова жақында игі іске мұрындық болып алматылық отыз шақты мүмкіндігі шектеулі балалар мен олардың  аналарына мерекелік көңіл-күй сыйлап, түрлі сый сияпат жасады.

Шыны керек, мүмкіндігі шектеулі жандарға қоғам тарапынан енді көңіл бөлініп, кейбір қоғамдық орындарда арнайы пандустар пайда бола бастады. Бұрын жүріп тұруға жағдай жасалмағандықан олар көбінесе үйден де шыға бермейтін. Ал қазір барлық мәдени және қоғамдық орындарда пандустар пайда болған. Бір сәт сергігісі келген аналар балаларын арбамен алып шығып, әлгіндей орындарға апарып жатады. Алайда олардың барлығында ондай мүмкіндік бола бермейді. Сондықтан ерлі-зайыптылы жандардың ұйымдастырған шарасына ризашылықтарын білдіріп, тіпті жылап қалған аналардың болуы олар үшін мұндай шаралардың қаншалықты маңызды екенін аңғартады. Солардың бірі Гүлмира апай «ой бір керемет шара болды. Басқа уақытта балаларымен фотосессия жасау олардың ойына кіріп шыға да бермейді, ал бұл шарада фотосессия жасауға мүмкіндік берілуі кәдімгідей қуантты. Талай ана бір сәт сергіп, баласын арбадан түсіріп алып жұмсақ дивандарда түрлі суреттерге түсіп қуанғаннан бір жылап бір күліп жүрді. Балалар да аналары да мәз болды. Туған баласының ауру болуы аналарға оңай емес. Ал Ботакөз ханым ұйымдастырған шарада аналарға да ерекше көңіл бөлініп, түрлі ойындар ұйымдастырылды. Мәз болған аналардың көңіл-күйін айтып жеткізу оңай емес. Біздің тұратын аумағымызда бес қабатты үйде тұтас мүмкіндігі шектеулі балалар тұрады. Олардың жартысы ғана арбаға отыра алады. Көбісі тек төсекте жататын, отыра да алмайтын балалар. Олардың бәрінің аналары жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ. Тіпті үйден шыға алмайды. Тек сол балаларының күтімімен отырады. Осыдан-ақ бұл аналардың қоғамның жанашыр көңіліне зәру екенін аңғаруға болады. Ботакөз ханым мен жолдасы Тілеуберді мырза ұйымдастырған шарада тіпті кейбір аналар жылап қалды. Бұрын Республика сарайында концерттерге шақырып тұратын. Пандемиядан соң көп нәрсе ұмытылып қалды. Сондықтан 8 наурыз аналар мерекесі немесе 2 сәуір аутист балаларға арналған күн деп те атаулы күнге орайластырмай жай ғана көктемнің әдемі күнінде аналардың көңілін аулауға тырысқан ерлі-зайыптылы кәсіпкерлерге ерекше риза болдық. Менің де балам бірінші топтағы мүгедек. Біздің жағдайымызды басына түскен адам ғана түсінеді. Бұрын көшеге шықсақ барлық адамның назары ауатындықтан ыңғайсызданатынмын. Қазіh Алланың берген сынағы ретінде қабылдап көндіккенмін. Дегенмен әлгінде шаралар ерекше қуантады» дейді.

Шараға қатысқан ананың мақтауынан соң Ботакөз ханымның өзіне де хабарластық. «Басты мақсатымыз мүмкіндігі шектеулі балалар мен олардың аналарына бір сәттік болса да қуаныш сыйлау болды. Шараға 60-70 адам қатысты. Рас, осыған дейін де жолдасым екеуіміз мұндай қайырымдылық шараларының талайын ұйымдастырып жүрміз. Бірақ көп айтқымыз келмейтін. Қазір басқаларға да мұндай мәселенің өзекті екенін, қайырымды жандар арқылы бұл әлемнің нұрлана түсетінін, мейірімді қоғамда бәрі бақытты екеніне назарын аударту үшін жариялап отырмыз. Жолдасым негізі «Аманат» партиясының мүшесі болғандықтан, партия атынан да осындай шараларға үнемі ұйытқы болып жүреді. Бұл жолы маған демеушілік жасап, аналарға сыйлықты алуға көмектесті, ал шараның ұйымдастырылуын өзім мойныма алдым. Қоғамымыздағы мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесіне көз жұмып қарамай ең болмаса жылы қабағамызды аямасақ екен» дейді.

Негізі дамыған елдерде  қайырымдылық мәдениеті қалыптасқан. Тұрақты түрде табысының белгілі бір бөлігін қайырымдылыққа жұмсап, қайырымдылық қорлары арқылы тұрақты шаралар ұйымдастырып жатады. Біздің халқымыздың да қайырымдылық, жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпай қамқорлық көрсетіп, жағдайы төменге қарайласу бұрыннан қанында бар қасиеттер. Тек осы қасиеттер кәсіпкерлер арасында жаппай үрдіске айналып, түрлі шаралар ұйымдастырылып отырса талай жанның қуанышына сеп болар еді…

Қуаныш ЕРМЕКОВА

Жаңалықтар | Новости