Воскресенье, 19 мая, 2024

Басқада

spot_img

«Саламатты Қазақстан» ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетуді көздейді

Бүгінгі күні еліміздің медицина саласы жалпы халыққа, соның ішінде ауыл халқына сапалы медициналық көмек көрсетуді басты мақсат етіп отыр. Өткен жылы айқын басымдықпен Президенттік сайлауда жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Кемелұлының сайлауалды бағдарламаларының бірі де медициналық қызметтің халық үшін қолжетімді болуы болатын. Қазіргі таңда сол сайлауалды бағдарламалардың сапалы жүзеге асып жатқанын көзіміз көріп отыр.

Мәселен дәл қазір «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Алматы облысын аралап, жоғары білікті медициналық көмекке қол жетімсіз аудандарға арнайы ат басын бұрып, шалғайдағы ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетуде. Шыны керек кейбір ауылдарда білікті мамандардың жетіліксіздігінен тұрғындар жылдап белгілі бір мамандарға көріне алмайды, медициналық көмекке де қол жеткізе алмайды. Тіпті бір жері ауырып жүрсе де ауылда маманның жоқтығынан ауруына көңіл бөлмейтін жандар да кездеседі. «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы осы олқылықтың орнын толтыруда.

Шалғай ауыл тұрғындары терапевт, стоматолог, офтальмолог, хирург, уролог, маммолог, педиатр секілді мамандардың көмегіне тегін жүгініп, басқа да  түрлі медициналық қызметтерді тегін алып, және емдеуден өтуде. Медициналық пойыз заманауи диагностикалық және емдік жабдықтармен, ультрадыбыстық, флюорографиялық аппаратпен, шағын операциялық бөлмемен, зертханамен, сымсыз ғаламторға қолжетімді құралдарымен жабдықталған. Яғни ауыл тұрғындары мамандарға көрініп, медициналық тексеруден өтіп қана қоймай, заманауи медициналық қондырғылардан өтіп, өзінің денсаулығы туралы анық ақпаратқа қол жеткізе алады. Тіпті мұнда қан тексеретін зертхана мен лор да,  тіс емдеуге арналған құрылғы да бар. Дәл қазір Алматы облысының әрбір ауданы, ауылдары медициналық пойызды асыға күтіп отыр. Жалпы пойызда түрлі профильдегі 21 дәрігер күнделікті кестеге сай жұмыс істеп, тұрғындарға медициналық және психологиялық кеңес беруде. Медициналық бригадалар диагностикалық процедуралар ғана емес, сондай-ақ шағын амбулаториялық оталар жасайтын 35 маманнан тұрады. Қазір сол мамандардан тегін ота алған халық дән риза.

         Жалпы еліміз бойынша аталмыш медициналық пойыз 75 мыңға жуық ауыл тұрғындарына емдік-кеңес береді деп күтілуде. «Саламатты Қазақстан» пойызы, биылғы жылдың желтоқсан айына дейін бүкіл Қазақстан бойынша 120-дан астам станцияны қамтып, ол бекеттердің тұрғындарына тегін қызмет көрсетеді. Еліміздің медицина ғылымының докторы, профессор Белгібай Шахметов «Өткен жылы «Саламатты Қазақстан» жобасы аясында 150-ге жуық станцияның 80 649 тұрғыны емдік-кеңес беру қызметін тегін алған. Оның 21 867-сі бала болды. Осы көмектің арқасында 5 097 адамға шағын ота жасалып, 26 587 адамға стоматологиялық көмек көрсетілген. 389 388 рет дәрігерлеріміз науқастарды қараған. Бұл шын мәнінде ауыл халқының осындай медициналық қызметке зәру болғанын көрсетеді. Халықтың орташа өмір сүру жасын ұзарту, медициналық қызметті қолжетімді ету, медициналық қызметтің сапасын көтеру секілді мәселелер жыл сайын Президенттің Жолдауынан, мемлекеттік бағдарламалардан жиі көрініс табады. Осы орайда медициналық пойыз арқылы мамандардың ауылдарға іздеп баруы көңіл қуантады. Бұл медициналық қызметтің қолжетімді болуының бір көрсеткіші. Ауыл халқы денсаулығын тексерту үшін жыл сайын аудан орталығына бара бермейді есесіне медициналық пойыз жыл сайын іздеп барады. Бұл керемет емес пе?!» дейді.

Осы орайда атап өтер жайт, биыл бұл пойызға құқықтық кеңес беретін заңгерлер де қосылып отыр. Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасы бойынша азаматтарға тиімді психологиялық, құқықтық әрі медиативтік көмек көрсететін кәсіби және тәжірибелі медиаторлар мен заңгерлер қызметінің қосылуы халықты одан әрі қуантып отыр. Өйткені халық көп жағдайда өзіне тиесілі әлеуметтік жәрдемақыларды да ала алмай жатады. Ал пойызға қосылған заңгерлер азаматтардың әлеуметтік құқықтық тұрғыдан қолдап, зейнетақы-жәрдемақы, әлеуметтік төлем және атаулы әлеуметтік көмек алу мәселелері бойынша тегін кеңес беруде.

Жаңалықтар | Новости