Четверг, 23 мая, 2024

Басқада

spot_img

Тәуелсіздік жылдарындағы азалы күндер

Абай облысында ірі орман өртіне байланысты 12 маусымда еліміз бойынша Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.

Аза тұту күнінде Мемлекеттік Ту төмен түсіріліп, салтанатты іс-шаралар, телеарналардағы ойын-сауық бағдарламалар тоқтатылады. Телеарна, радио және баспасөзде жарнама тоқтатылады. Жер-жерде азаға байланысты гүл шоқтары қойылып, бір минуттық еске алу шарасы өткізіледі.

1991 жылдан бері Қазақстанда аза тұту күні осымен 12-рет жарияланып отыр.

►  Шахтадағы трагедия. 2006 жыл, 22 қыркүйек

Қарағанды облысындағы Ленин атындағы шахтада метан жарылып, 41 адам қаза тапты, 7 адам жараланды. Жарылысқа техникалық қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы себеп болған.

►  Метан жарылысы. 2008 жыл, 14-16 қаңтар

Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі «Абай» шахтасында метан жарылып, 30 адам қаза болды, 14 адам ауыр жараланды.  14-16 қаңтарда аза тұту күндері өтті.

►  Қызылағаш оқиғасы. 2010 жыл, 16 наурыз

11 наурызда Қызылағаш су қоймасындағы бөген бұзылып, жақын маңдағы Қызылағаш ауылын су шайып кетті. Салдарынан 45 адам қаза тапты, 370 үй қирап қалды. Бес күннен кейін, 16 наурызда елде жалпыұлттық аза тұту күні болды.

►  Арқанкергендегі қантөгіс. 2012 жыл, 5 маусым

Ұлттық қауіпсіздік комитеті 30 мамыр күні «Шығыс» аймақтық шекара қызметі Үшарал отрядының «Сары бөктер» заставасында 12 шекарашының, бір қорықшының мәйіті табылғанын және заставадағы «Арқанкерген» посты өртенгенін хабарлаған еді. 1 маусымда 14 шекарашы мен бір қорықшы өлгені анықталған.  5 маусым президент үкімімен ұлттық аза тұту күні деп жарияланды. Қылмыс жасады деп айыпталған шекарашы Владислав Челах сол жылдың 11 желтоқсанында өмір бойы бас бостандығынан айырылды.

►  Шымкенттегі ұшақ апаты. 2012 жыл, 27 желтоқсан

Желтоқсанның 25-і күні кешке Шымкент маңында Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің ұшағы құлап, борттағы 27 адамның бәрі қаза тапқан еді. Олардың ішінде 7 адам – экипаж мүшесі, 20-сы – шекарашы. Қаза тапқандар арасында шекара қызметінің директоры Тұрғанбек Стамбеков те бар. 27 желтоқсан ұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

►  Жолаушылар ұшағының Алматыдағы апаты. 2013 жыл, 31 қаңтар

2013 жылы 29 қаңтарда Алматы маңындағы Қызылту ауылына жақын жерде Көкшетау-Алматы бағытында ұшып келе жатқан «Scat» компаниясының Challenger-200 ұшағы апатқа ұшырап, 5 экипаж мүшесі мен 16 жолаушы түгел қаза болған еді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев 21 адамның құрбан болуына байланысты 31 қаңтарды қаралы күн деп жариялады.

►  Ақтөбедегі терракт. 2016 жыл, 9 маусым

9 маусым – Қазақстанда Ақтөбедегі қарулы топ шабуылынан қаза тапқан бейбіт тұрғындар мен әскерилерді ұлттық аза тұту күні. 5 маусымда Ақтөбеде радикал топ өкілдері екі қару-жарақ дүкенін тонап, әскери бөлімге шабуылдаған. Шабуыл мен атыстан барлығы 21 адам мерт болды. Олардың 13-і – шабуыл жасағандар, 8-і – бейбіт тұрғын, оның 3-і – әскерилер.

►  Bek Air ұшағының апаты. 2019 жыл, 28 желтоқсан

27 желтоқсан күні сағат 07:22-де Bek Air әуекомпаниясының рейсі Алматы әуежайынан көтерілер кезде биіктікке ие бола алмай, бетон қоршауды бұзып өтіп, екі қабатты үйге соғылды. Салдарынан 12 адам қаза тапты.

► Коронавирус пандемиясы. 2020 жыл, 13 шілде

2020 жылы 13 шілде Жалпыұлттық аза тұту күні ел бойынша Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 12.00-де коронавирус пандемиясының құрбаны болған азаматтарды еске алуға бір минут үнсіздік жарияланады.

► Оқ-дәрілердің жарылуы. 2021 жыл, 29 тамыз

2021 жылдың 26 ​​тамызы күні кешке Жамбыл облысындағы инженерлік оқ-дәрілер сақталған әскери бөлімнің аумағында жарылыс болды. 13 адам қаза тауып, 90 адам жарақат алды. 29 тамызда ұлттық аза тұту жарияланды.

► Қаңтар оқиғасы. 2022 жыл, 10 қаңтар

2022 жылдың 10 қаңтарында қаңтар оқиғасына байланысты жалпыұлттық аза тұту жарияланды. Жалпы 238 адам қаза тапты, оның ішінде 19 тәртіп сақшысы бар.

►  Абай облысындағы өрт. 2023 жыл, 12 маусым

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 12 маусымды Абай облысындағы өртте қаза тапқандарды еске алу үшін жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. 14 адам өрт сөндіру кезінде қаза тапты. Мемлекет басшысының Жарлығымен Абай облысындағы өртте ерлігі мен жанқиярлығы үшін қаза тапқан 14 адам марапатталды.

Жаңалықтар | Новости