Понедельник, 24 июня, 2024

Instagram@nurlyolke

Басқада

spot_img

Үлкен Алматы айналма жолының таулардан өтетін бөлігі салына ма?

Үлкен Алматы айналма жолының таулардан өтетін бөлігі салына ма? Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров пікір білдірді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Еске сала кетейік, Алматы облысында жаңа айналма жол 16 маусымда іске қосылған болатын.

«ҮАААЖ — бұл өте ұзақ әңгіме. Бастапқыда Үкіметте толығымен айналма жол салу идеясы болды. Бірақ кейіннен Үкімет шешімді қайта қарады. Кейін жоба бізге осы формада келді — жартылай айналма жол. Мұны Үкімет шешті. Бірақ таулар арқылы өтетін бөлігіне күрделі құрылыс қажет болады», — деді «Аларко-Макйол-СК» мердігерлік консорциумының қауіпсіздік техникасы, экологиялық және әлеуметтік шаралар жөніндегі басшысы Чары Йылдыз.

«Жеке серіктес ретінде біздің міндетіміз — Үкіметтің бізге берген жобасын орындау. Бізге концессия аясында техникалық-экономикалық негіздеме берілді. Ол жобаны жасауға негіз болды. Техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес, бағыт сондай болды. Жобаны өзгертуге құқығымыз жоқ», — деп түсіндірді осыған дейін тасжол құрылысына тікелей қатысқан «BAKAD Investments and Operations» компаниясы.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин «тау арқылы өтетін ҮАААЖ құрылысы жалғаса ма» деген сауалға жауап берді.

«Бұл жерде толық айналма жол қарастырылмаған. Өйткені ҮАААЖ салу кезінде Батыс Еуропа — Батыс Қытай тасжолынан бастап Қорғасқа дейінгі және шығысқа және одан әрі орталыққа шығатын барлық көлік дәліздері қамтылды. Яғни, жолды жалғастыру жоспары жоқ», — деді Абдуллин Tengrinews.kz сауалына жауап беріп.

Алайда ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бұл мүмкін екенін жоққа шығармады.

«Алдағы жоспарларда болуы мүмкін», — деді Қуантыров ҮАААЖ ашылуында.

«Бұл бірінші ірі Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы. Мұнда іске асырушы инвесторлардың өз капиталы да, халықаралық қаржы институттарының қарыз капиталы да тартылған. Жалпы, мұндай жобалар елде үлкен сенім бар екенін көрсетеді. Ірі инфрақұрылымдық жобалар, ұзақ мерзімді перспективада өзін-өзі ақтайды және егер шетелдік инвесторлар осы жобаларға қатысса, онда олар біздің елімізге осындай ұзақ мерзімді перспективалармен келеді. Бұл Алматы облысына ғана емес, бүкіл елде транзиттік, әлеуметтік, экономикалық әлеуетте де оң әсер ететін болады. Бұл жоба басқа да жобаларды қамтиды», — деді Қуантыров.

ҮАААЖ – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трансконтиненталь магистралы. ҮАААЖ – Алматы қаласының айналасындағы 66 шақырым автожол және Батыс Еуропа – Батыс Қытай трансеуразиялық көлік дәлізінің жолы болады деп жоспарланып отыр.

Ол 4 жолақты (ұзындығы 9 шақырым) және 6 жолақты (57 шақырым) қозғалысты қарастырады.

Айта кету керек, Алматы айналма жолы тек жеке инвестиция есебінен салынған. Ақшаны үш банк: Еуразиялық даму банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі және Ислам даму банкі құйған. Қаржының бір бөлігін айналма жол салумен тікелей айналысатын консорциум салған. ҮАААЖ құрылысына барлығы 743 миллион доллар жұмсалған. Консорциум алдағы 15 жылда ҮАААЖ-ын басқарады.

Жаңалықтар | Новости

Instagram@nurlyolke