Суббота, 27 июля, 2024

Instagram@nurlyolke

Басқада

spot_img

Шардаралық полицейлер өртеніп жатқан пәтерден мүгедек әйелді аман алып шықты

Күндізгі сағат 10:00 шамасында Шардара қаласының орталығында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің пәтері отқа оранды. Оқыс жайтты аталмыш Әл-фараби учаскесінде қызмет бабымен жүрген полицейлер Ерсұлтан Қуаныш, Абылайхан Кеңес және Ержан Күнжігітов байқап қалады.
Содан уақыт жоғалтпай, яғни өрт сөндірушілер келгенше пәтер тұрғынына өз беттерінше көмек көрсетеді. Полицейлер өртеніп жатқан пәтерге жақындағанда, алдарынан орта жастағы әйел көмек сұрап шығады. Абыржыған тұрғынның айтуынша, пәтердің ішінде мүгедек анасы қалып кеткен. Қою түтін болып басталған өрт, бір сәтте алапат алауға айнала бастайды.
Орын алған тілсіз жаудың бетін қайтару үшін полиция қызметкерлері өздерінің өміріне қауіп төніп тұрғанына қарамастан, бастарын тәуекел тікті. Тәртіп сақшылары 1-қабаттағы өртке оранған пәтердің есігінен кіре алмайтын болғандықтан, артқы қосалқы есік арқылы ғана құтқаруға болатынын топшылайды. Содан қосымша есікті сындырып, пәтерге енеді. Алдымен пәтердің электр жарығын ажыратады. Кірген бойда дәлізден көк түтінге тұншығып, өз еркімен қозғалуға шамасы жоқ мүмкіндігі шектеулі егде жастағы әйелді табады. Оны тез арада сыртқа арқалап алып шығады. Артынша өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері жетіп, өртті ауыздықтады. Ал жедел жәрдем қызметкерлері өрттен зардап шеккен әйелді тексеріп, алғашқы көмегін көрсетті.
Тексеру кезінде өрт пәтердің ас бөлмесінен шыққаны анықталды. Бүгінде тілсіз жаудың нақты неден шыққанын анықтау шаралары жүргізілуде.
Осылайша өрт болған көпқабатты тұрғын үйдің басқа да тұрғындары апатты жағдайдан аман қалғанына қуанып, полицейлерге шынайы алғысын білдіріп, еңбектеріне табыс тіледі. Бұл оқиға полиция қызметкерлерінің тұрғындарға кез-келген қиын сәтте көмекке келе алатын кәсіби дайындықтарын тағы бір айғақтағандай болды.
Өз кезегінде дер кезінде көмекке келген полицейлер: «Тұрғындарды түрлі апаттардан құтқарып қалу, оларды қорғау, қызмет ету — біздің азаматтық парызымыз. Бұл біздің жұмысымыз!»-деп атап өтті.

Түркістан облысы ПД бапсасөз қызметі

Жаңалықтар | Новости

Instagram@nurlyolke