Четверг, 23 мая, 2024

Басқада

spot_img

Полицейлер 10 миллион теңге шығын келтірген мал ұрлығына қатысы бар адамдар тобын ұстады

«Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасы шеңберінде Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері мен Төлеби ауданының полицейлері бірлесіп, облыс аумағында мал ұрлығымен және ет өнімдерін өткізумен айналысатын адамдар тобының қылмыстық қызметін тоқтатты.
Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Құрманбек Сахов брифингте мәлімдеді.
«Полицейлер жедел-іздестіру арнайы іс-шаралар кешенін өткізу барысында, Қазығұрт, Төлеби аудандарында жасалған мал ұрлығына қатысы бар 6 күдіктіден тұратын мал ұрлаушылар тобын ұстады. Олар Түркістан облысы мен Шымкент қаласының тұрғындары болып шықты.
Анықталғандай, күдіктілер алдын ала сөз байласып, мал иелері мен бақташылардың жоқтығын пайдаланып, жайылымдардан ірі қара малды ұрлап, «Газель» автокөлігіне тиеп әкетіп отырған. Содан кейін олар ұрланған малды Сайрам ауданында өткізіп, тапқан пайданы бөліске салған.
Қазіргі уақытта күдіктілердің мал ұрлығының 5 фактісіне қатысы бары дәлелденді. Барлығы 30-дан астам мал ұрланып, шығын 10 миллион теңгені құрады. Айғақты зат ретінде «Газель» жүк көлігі, ұялы телефондар мен ұрланған 5 бас мал тәркіленді. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Күдіктілердің басқа ұқсас мал ұрлығына қатысы және жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі нақтылануда. Яғни оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда».
Өз кезегінде тәртіп сақшылары мал иелерін қырағы болуға және жайылымдарда малдарын қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Сондай-ақ қора-жайларын нығайтып, тиісті мал жаюды ұйымдастыру жөнінде шаралар қабылдауға шақырады.

Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі

Жаңалықтар | Новости