Суббота, 18 мая, 2024

Басқада

spot_img

Білегіңе сенбе, біліміңе сен!

Білімді шәкірт тәрбиелеу, білікті маман қалыптастыру – ұстаздың басты міндеті. Жоғары оқу орындарын әлемге танытатын, абыройын арттыратын – мықты түлектер.

Қазір нарықта әр сала мамандарын дайындап жатқан білім ордалары өте көп. Бұл бәсекелестік ортаны шетелдің көп жылдық тарихы бар жоғары оқу орындары да толықтырып отыр. Бүгінгідей дүниежүзін ғаламтор біріктіріп тұрған заманда жастардың әлем халқы мойындаған, көпшіліктің сұранысына ие болған танымал оқу орындарын таңдауына мүмкіндік мол. Тіл үйренген, болашағын халықаралық мамандықтармен байланыстырған балалардың көпшілігі осы мүмкіндікті пайдаланып, шекара асып, шетелдерде білімін жетілдіріп жүр.

Біздің еліміздің жоғары оқу орындары да жұмыс сапасын жақсартып, білім беру стандарттарын халықаралық талаптарға сай жаңғырып, жастардың сұранысына сай білім ошағын қалыптастыруға ден қойып отыр. Соның ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің отандық жоғары оқу орындарының ішінде орны бөлек. Тарихы тереңнен бастау алатын қара шаңырақ жыл сайын әлемдік рейтингтерге қатысып, өзінің үздік университет екенін дәлелдеп келеді. Осы рейтингтер нәтижесіне үңілген жастар да ҚазҰУ-дың әлемдік білім беру саласындағы беделінің биік екенін аңғарса керек.

Әрине, кез келген университет неше түрлі жарнама жасап, өз студенттерін көбейтуге талаптанатыны талассыз. Осындай жарнамаларда университеттің материалдық мүмкіндігі, заманауи құрылғылардың қарастырылуы, болашақ кепілдіктер көрсетіліп жатады. Ал шындап келгенде университеттің беделін көтеретін, атын шығаратын – өмірде өз орнын тапқан, мамандығының мақтанышы болып жүрген шәкірттер. Олар білім ордасындағы білікті ғалымдардың еңбегінің еш кетпегенін, білім бағдарламасының сауаттылыққа құрылғанын өз істерімен дәлелдейді. Сонымен бірге оқу орнының ерекшелігі оқытушылар құрамымен ғана емес, жастарға жасалған жағдаймен, жатақхана мәселесінің оң шешіліп, кітапхана қорының молдығымен, студенттерді жақсы іске біріктіретін тәрбиелік шаралардың тиімділігімен де өлшенеді. Бұл ретте ҚазҰУ-дың принципі әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген қағидасымен өзектес. Тәрбие, шәкірттерге қамқорлық мәселесі – университет үшін басты орында.

Міне, білім ордасында қысқы сессия да жақындап қалды. Соған орай Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасы мәжіліс өткізіп, шәкірттердің сынаққа дайындық мәселелесін талқылады. Кафедра меңгерушісі з.ғ.д., профессор Гүлдана Қуаналиева мен профессорлық-оқытушылық құрам студенттерге құқық көмек беріп, жол көрсетуге әрқашан әзір.

Гүлдана Қуаналиева,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының меңгерушісі з.ғ.д., профессор

Жаңалықтар | Новости