Воскресенье, 23 июня, 2024

Instagram@nurlyolke

Басқада

spot_img

“Халық” қоры қордаланған мәселелердің шешілуіне ықпал етті

2016 жылы құрылған «Халық» қайырымдылық қоры елде төтенше жағдай болғанда, әлеуметтік мәселелерді шешуде және халықтың мұқтаж топтарын қолдап, қорғауда біраз жұмыс атқарып келеді. Жуырда ғана аталмыш қор Маңғыстау облысының бірнеше ауылындағы су тапшылығы мәселесін шешіп келді. «Халық» қайырымдылық қорының осы және өзге де жұмыстарымен тереңірек танысу мақсатында қор директоры Шункеев Сағынбекпен сұхбаттастық.

  • «Халық» қайырымдылық қорының мақсаты қандай?
  • Қордың мақсаты – әлеуметтік маңызды міндеттерді шешуде оң өзгерістерге ықпал ету, білім беру, спорт және мәдениетті дамыту арқылы әлеуметтік көмек пен білімге тең қол жеткізу үшін жағдай жасау. Біздің қор қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартатын, экономикалық және жеке дамуға мүмкіндік беретін жүйелі, тиімді жобаларды іске асырып келеді.

Қордың негізі қаланғалы бері өзіндік құндылықтары қалыптасты. Біз әлеуметтік инфрақұрылымды немесе адами капиталды дамытатын тиімді әрі ұзақ мерзімді жобалармен жүйелі жұмыс істейміз. Мемлекеттік органдармен серіктестік орнатып, нәтижесі пайдалы болуын қадағалаймыз. Жобаларға бөлінген қаражаттың нақты, тиімді жұмсалуына мән береміз. Халық жоба нәтижелерін көріп-білуіне, онымен таныс болуына зер саламыз. Әркез халықтың әлеуметтік мұң-мұқтажын шешіп, төтенше жағдай кездерінде жылдам әрі пайдалы әрекет етуге барымызды саламыз. Осындай мақсат-мүдде мен құндылықтарды негізге алғаннан болар, жоспарлаған барлық жобамыз жүйелі түрде жүзеге асып жатыр.

  • Қордың атқарған жұмыстарын бірі білсе, бірі білмеуі мүмкін. Бұған дейін жасаған жұмыстарыңызға аз-кем тоқталсаңыз?
  • Қор құрылғалы бері 10 мың ауыл баласын футбол жабдықтарымен қамтамасыз етті, 280 орындық балабақша салды.

Cоvіd-19 кезінде жалпы сомасы 5,1 миллиард теңгеге қажетті медициналық жабдықтарды сатып алып, халыққа қолдау білдірді.

«Халық» қайырымдылық қоры биыл су тасқыны кезіндеалғашқылардың бірі болып қатты зардап шеккен 4 аймаққа қаржылай қолдау білдірді. Сонымен қатар Атырау облысы Құлсары қаласы халқына қол ұшын созды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бизнес өкілдеріне үндеуін назардан тыс қалдырмай, баспанасынан айырылғандардың тұрғын үйін қалпына келтіру үшін жүргізілетін құрылыс-монтаждау жұмыстарына немесе жаңа үй сатып алуға 31,4 миллиард теңге қаражат аударды.

  • Биыл қор басқа аймақтарға қарағанда Маңғыстау өңіріне көбірек көңіл бөліп жатқан сияқты. Мұның себебі неде?
  • Қордың басты қағидаларының бірі – жүйелі әрі ұзақ уақытқа жұмыс істеу. Сондықтан бір өңірді басты назарға алсақ, оның көптеген әлеуметтік мәселесін бірден шешіп бергенді жөн санаймыз. Осылайша елдімекендердегі балалар алаңдары, су тапшылығы сынды жиі кездесетін проблемаларды біржақты етуге тырысамыз.

Президент 2023 жылы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында еліміздегі маңызды проблемалардың бірі су тапшылығы екенін баса айтты. Сол жылы “Халық” қайырымдылық қоры Маңғыстау облысының әкімдігімен бірқатар өзекті мәселе  бойынша меморандум жасады. Аталған меморандумға сәйкес, қор Бейнеу астық терминалының жұмысын қалпына келтіру жобасын қаржыландыруды қолға алды. Ал ауыз су – Маңғыстау өңіріндегі ең өзекті мәселе. “Халық” қайырымдылық қоры облыстағы Ақшүкір мен Саин Шапағатов ауылдарына 25 мың адамды қамтитын су тұщыту қондырғысын орнатты. Қондырғы тәулігіне 4000 метр куб суды тазартады.

Сондай-ақ 35 млн теңге бюджетке жасыл желектерді суару үшін Жаңаөзен қаласының тұрғын алабында қуаттылығы аз тұщыландыру қондырғысы салынды.

Сонымен қатар қор Жаңаөзен қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін қаржыландыруды өзіне алды. 2023 жылы тұрғындарға бюджеті 400 миллион теңгеден асатын 20 аула, 20 воркаут және 6 футбол алаңын сыйға тартты. Балаларға арналған бұл орындарға өте сапалы жабдықтар алдық. Өйткені балалардың денсаулығы, алаңдарды алаңсыз қолданғанын басты назарда ұстаймыз. Қор жалпы бұл жобаларға 3 млрд 550 млн теңге бөлді.

  • ҚР бойынша 2024-2025 жылға жоспарлаған қандай жобаларыңыз бар?
  • Алға қойған мақсатымыз – қолға алған жобаларды жалғастыру және ауылдардағы спорттың дамуына үлес қосу. Сонымен қоса Маңғыстау облысында Бейнеу астық терминалының жұмысын қайта бастау да жоспарымызда тұр. Іске асырылатын тағы бір жоба – Жаңаөзен қаласында жалпы ауданы 3 069,7 м2 құрайтын дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу. Бұған бөлінген қаражат – бір миллиард теңге.
  • Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!

Жаңалықтар | Новости

Instagram@nurlyolke