Бейсенбі, Сәуір 28, 2022

ШЫНДЫҚТЫ ЖАЛАУ ЕТКЕН ҚАЛАМГЕР – 65 ЖАСТА

Басқада

Кейбір зерттеушілер журналистика мамандығына ешкім де кездейсоқ келе алмайтынын, адам журналист болып қалыптаспайтынын, керісінше, журналист болып туатынын алға тартады. Өйткені, қалам алып, жазу үшін адамда тумысынан табиғи бейімділік болу керек. Бұл сала тамыр-таныстықты, бармақ басты, көз қысты теріс әрекетті әсте кешірмейді. Жүрегіңмен жаза алмасаң, журналистикада орын жоқ. Әлдекімнің нұсқауы да, ақылы да жүрмейді. Журналист жақсылықтарға қуанып, жетістіктерді жұртшылыққа паш етеді. Әділетсіздіктен қорғайды. Біреу осылай деді екен деп ешкімді қараламайды. Алла Тағала журналистерге  осындай ізгі миссияны орындауды жазған. Бұл – саналы ғұмырларын журналистика саласына арнап келе жатқан кәсіби журналист ағалардың жүрекжарды сөздері.

Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы Тұғыл ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектептің жетінші класында оқып жүргенде республикалық «Қазақстан пионері» газетінде алғаш жарық көрген мақаласы  Зарыққан Әбілқасымұлының «журналист болсам» деген арманына қанат бітірді.  Балалар газетінде ондаған мақаласы шығып үлгерген ол орта мектепті бітіргесін жоғарғы оқу орнына түсу мақсатында Алматыға келгенде «Қазақстан пионері» газетінің редакторы, ақын Фариза Оңғарсынова Зарыққанның талабына оң болсын айтып, ақ жол тілеп, батасын береді. Алайда, талапкердің сол жылы жолы болмай, сынақтан сүрінді. Кеңес Одағының Қарулы Күштері қатарында әскери борышын өтеп келгеннен кейінгі әрекеті де сәтсіз болды. «Қайтсем де журналист боламын» деген алға қойған мақсатынан бас тартпаған жас жігіттің тек үшінші талпынысында жолы оңғарылып, С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің студенті атанады.

Жоғарғы оқу орнын бітіріп, арманға айналған мамандығына қол жеткізген жас маман 1984 жылы Алматы облысы Балқаш аудандық «Балқаш еңбеккері» газетінде әдеби қызметкер болып еңбек жолын бастап, журналистиканың қыр-сырына терең бойлай түседі. Ол кезде журналистика өкілдері сауаттылыққа керемет мән беретін. Қате жібермеу  олардың өмірлік ұстанымы, басты кредосы болатын. Сондай-ақ, кәсіби журналистер қандай жағдайда болсын, өзгелерден өзінің білім деңгейі, мәдениеттілігі мен адамгершілік қасиеттері жағынан ерекшеленіп тұратын. Ақжарқын жас жігіттің жазу қарымын байқаған тәжірибесі толысқан журналист ағалары ақыл-кеңестерімен бөлісіп, білмегенін үйреткен.  Зарыққан аға өзінің қарапайымдылығы, кішіпейілділігі, өз ісіне адал берілгендігі, тапсырманы бар жауапкершілігімен орындайтындығының арқасында осы газетте бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары лауазым баспалдақтарымен біртіндеп көтеріле берді.

Ол уақыттарда аудандық газет аптасына үш рет шығатын. Жұмыс процесінің бәрі күрделі, баспаханада әріп қолмен терілетін өз қиындығы бар еді. Газеттің сапалы әрі уақытында шығуына, редакциядағы сан-салалы жұмыстың барлығына тікелей жауапты болғандықтан Зарыққанның таң атқанша көз ілмей, баспаханада жүретін  кездері де аз болмайтын.

Өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін Зарыққан Әбілқасымұлы ешқашан мансап қуып жарамсақтанбады, ешкімнің артынан сөз айтпады, шен-шекпен дәметпеді. Сонысымен де жүрген ортасына қадыры артты. Күш-жігерін, жүрек жалыны мен қуат қызуын өзінен бұрын өзгенің елге танылуына, жансарайына үңілуге, жолын ашуға арнады. Білгенін өзінен кейінгі ізбасарлар жас әріптестеріне ерінбей үйретіп, олардың алғашқы адымдарын саралап, баулып отырғаннан әлі күнге шаршаған емес. Жанашырлықпен қамқорлық жасап, қолдан келген көмегінен аянып  қалмай, қолдау көрсетіп,  білікті маман атануларына өзіндік үлесін қосып келеді. Соның бір дәлелі ретінде бүгінгі таңда «Балқаш еңбеккері» газетінің бас редакторы қызметін атқарып жүрген Күмісбек Ербай Зәкеңнің тәлім-тәрбиесін алып, ағалық қамқорлығын көрген рухани шәкірттерінің бірі екендігін айтсақ та болар.

Зарыққан Әбілқасымұлы отбасы жағдайымен 2005 жылы Өскемен қаласына қоныс аударғанда Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінің ұжымы  қуана құшақ жая қарсы алды. Одан кейін Кеңес дәуірінде қазақ тілінде шығатын қалалық газеті болмаған Өскемен қаласында «Өскемен» газеті ашылғанда жауапты хатшы қызметіне шақырылды. «Қалкен ТВ-6» телекомпаниясында жұмыс істегенде ұйымдастырушылық қабілетімен жарқырап көрінеді. Еңбекқорлығы мен қарапайымдылығы, көзге көрініп қалуға тырыспайтындығы, жасаған жақсылығын міндетсінбейтіндігі, өзін-өзі дәріптеп, мақтанбайтындығы секілді туабітті қасиеттері «Қалкен ТВ-6» телекомпаниясының басшылығы тарапынан жоғары бағаланып, оны алдымен редактор, сосын бас редактор қызметіне дейін көтереді. Ол бұл қызметте іскерлік қабілетін жан-жақты көрсете білді.

Сол кездері теледидар арқылы Шығыс Қазақстан өңіріне танымал болған Зәкеңді қазақ тілінде жаңадан ашылған облыстық «Менің өлкем» газетінің басшылығы өздеріне бағыт-бағдар беріп, мол тәжірибесін мерзімді басылымды дамыту  жолына жұмсауына ұсыныс білдіреді. Бұл салада аса қажет маман саналатын Зарыққан Әбілқасымұлы олардың ұсынысын қабыл алып, өзінің алымды да шалымды іс-қимылы арқылы газет  беделінің өсіп, таралымының көбеюіне  сүбелі үлес қосады.

2013 жылы Қапшағай қалалық «Нұрлы өлке» газетінің сол кездегі бас редакторы болған Алтынбай Сиқымбектің шақыртуымен Қапшағайға қоныс аударып, осы газеттің бас редакторының орынбасары қызметін тындырымды да, жауапты  атқарып, қызметтестері арасында сый-құрметке бөленіп, 2020 жылы құрметті еңбек демалысына шықты.

Зарыққан Әбілқасымұлы Шығыс Қазақстанның тумасы болса да, өзі алғаш еңбек жолын бастап, шаңырақ көтеріп, 20 жылдан астам ғұмыр кешкен Балқаш ауданы оқырмандарының олжасын мазмұны бай, тағылымы зор шығармаларымен толықтырды. Ол «Тектілердің тұяғы», «Іле-Балқаштың тұңғыш болысы», «Балқаштаң абыз ақсақалы», «Ақкөл көтерілісінің ақиқаты», «Балқашым-байтақ мекенім», «Дінмұхамед Қонаев және Балқаш елі» кітаптарында белгілі тұлғалардың өміріндегі беймәлім деректер мен тың тарихи хикаяттарды мұрағат деректеріне сүйене отырып, сұлу сөзбен кестелей білді. Оқырмандар тарапынан жоғары бағаға ие болған аталмыш шығармалары ұрпақтар сабақтастығы жолында рухани қазынаға қосылған айтулы үлес деуге болады.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Қазақ журналистикасының қайраткері» медалінің иегері Зарыққан Есілбаевтың  сіңірген өлшеусіз еңбегін балқаштықтар да елеусіз қалдырмай, 2018 жылы ауданның 90 жылдық мерейтойына орай, «Балқаш ауданының Құрметті азаматы» атағымен марапаттады.

«Архивке бір кірген адам одан қайтып шыға алмайды. Асыл қазынасын жоғалтқандай айналсоқтап қайта-қайта айналып келе береді,-деп архив жайында толғана, тамсана сыр шертетін  Зәкең – мұрағат материалдарын пайдаланып жазған бірнеше кітаптың авторы. Оның мұрағаттағы сарғайған құжаттарды парақтап, деректер жинау әуестігі студенттік кезеңінен бастау алыпты. «Ұлы Отан соғысы кезіндегі аласапыран уақытта анасы Бибігүлсімнің көз жазып қалған қос қызы Жамал мен Қайынжамалды іздеп, сарғайған сағынышын басуға көмегімді тигізсем»  деген мақсатпен Зайсан қалалық архивінен әпкелері жөнінде деректер іздестіре бастайды. Үш жылғы ізденіс ақыры өз нәтижесін беріп,  1983 жылы республикалық «Лениншіл жас» газетіне жазған «Қайдасың Қайнижамал?» мақаласы көршілес Самар ауданында ғұмыр кешсе де, ол жайында 40 жыл бойы  бейхабар болып келген анасы мен қыздарының табысуына себепкер болады. Бұл жайлы ол «Журналист болғандығымның бір пайдасы сағыныштан сарғайған анамның тағдыр тауқыметін тартқан әпкелеріммен  қауышуларына себепкер болды» деп, ағынан жарылған болатын. Оның мұрағаттағы тарихи мәліметтерді жинауға  деген әуестігін оятқан  осы оқиға екен.

Журналистика мамандығы табандылық пен мінезділікті талап етсе, Зарыққан ағаның бойында журналистке тән күш-қайрат, батылдық, қайтпас-қайсар мінез бар. Ол – жетістікке жету жолындағы кедергі болатынын да, жеке басына қауіп төнетінін де, отбасының қиын жағдайға тап болатынын да біле тұра  журналист ретінде шындықты бүкпесіз жазатын мінезді журналист ретінде әріптестерінің жадында сақталып қалды. Өзіндік менін жоғалпаған мінезді  журналистің қаламгерлігімен қатар, қоғамдағы кейбір кереғар көріністерді сынап, өзекті мәселелерді үнемі көтеріп, оларды шешу жолдары жайлы өткір пікірлер білдіріп отыратын қайраткерлігін, соның салдарынан өмірдің тұщысымен бірге ащы дәмін татып, басынан біраз қуғын-сүргінді өткергені – бөлек әңгіме арқауы.  

            «Қарапайымдылық – моральдық сұлулықтың басты шарты» деп, Лев Толстой айтқандай, қарапайымдылықты ту еткен қаламгер Зарыққан Әбілқасымұлы – бүгінгі күні зайыбы Әлия Әділқызы екеуі көздерінің ағы мен қарасындай болған қос перзенті Қанат пен Қарлығаштан Айзере, Жанел, Айша есімді үш немере сүйіп отырған бақытты ата-әже.

Бүгінгі күні қаршадайынан қолына қалам ұстап, оны 40 жылға жуық өміріне айнымас серік еткен, еліміздің ақпарат әлеміне өзіндік қолтаңбасымен қосылған Зарыққан ақсақал 65 жасқа толып отыр.  Жүзі жарқын, тілегі түзу, көңілінің шуағы бәріне жететін жоқты талмай іздеп, мол қазынаны тауып жүрген қаламгерді мерейтойымен құттықтай отырып, зор денсаулық, шығармашылық шабыт тілейміз.

Айжарық БАҚТЫБАЙҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

- Advertisement -spot_img
- Advertisement -spot_img

Жаңалықтар