Алматы облысында кәсіпкерлерлік жолды бастаушы мен стартап-жобалар авторларын қолдауға бағытталған «Арманнан Іске» акселерациялық бағдарламасы өтеді. Бағдарламаны «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ ұйымдастырады.
Бағдарлама өз кәсібін ашуды, бизнес идеясын дамытуды немесе жалдамалы жұмыстан кәсіпкерлікке ауысуды жоспарлап жүрген Алматы облысының тұрғындарына арналған. Жоба Алматы облысымен қатар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында да жүзеге асырылады.
Алматы облысында бағдарламаға 30-дан 55 жасқа дейінгі бастаушы кәсіпкерлер мен стартап құрылтайшылары қатыса алады. Негізгі мақсатты аудиторияға менеджмент, қаржы, өндіріс, инженерия, IT, білім беру, медицина және басқа да кәсіби салаларда 5 жылдан 10 жылға дейін еңбек өтілі бар мамандар жатады.
Акселерация аясында қатысушылар алты апта бойы онлайн форматта білім алады. Бағдарлама кәсіпкерліктің бастапқы кезеңінде туындайтын негізгі мәселелерді қамтиды. Атап айтқанда, қаржылық жоспарлау, бухгалтерлік есеп, салық салу, бизнесті жүргізудің құқықтық негіздері, сату, маркетинг, команда басқару, IT құралдары және инвестиция мәселелері қарастырылады.
Бағдарламада қатысушылардың өз жобаларымен практикалық жұмыс жүргізуіне ерекше көңіл бөлінеді. Бизнес-тәлімгерлермен жеке кеңес беру үшін барлығы бес кездесу өткізу жоспарланған. Кездесулер онлайн немесе офлайн форматта ұйымдастырылады.
Сонымен қатар бағдарлама аясында жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарына бару және нақты бизнес-кейстерді талдау қарастырылған. Алматы облысының кәсіпкерлері үшін бұл бизнесті ұйымдастыру мен дамытудағы практикалық тәсілдермен танысуға, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметтің әртүрлі үлгілері туралы түсінік алуға мүмкіндік береді. Бағдарламаның қорытынды кезеңі Demo Day форматында өтеді. Бұл шарада қатысушылар өздерінің бизнес-жобаларын таныстырады.
Бағдарламаның бағыттарының бірі — қатысушыларды кәсіпкерлікті қолдаудың қолданыстағы құралдарымен таныстыру. Атап айтқанда, кепілдік беру тетіктері мен жеңілдетілген қаржыландыру мәселелеріне назар аударылады.
Акселерацияны сәтті аяқтаған қатысушылар белгіленген талаптарға сәйкес жеңілдетілген қаржыландыруға үміткер бола алады. «Даму» қоры несие сомасының 90 пайызына дейін кепілдік бере алады. Бұл ретте кәсіпкердің жобаға кемінде 15 пайыз көлемінде өз қаражатын қатыстыруы қажет. Меншікті қаражаттың бар екендігін өтінім беру кезінде немесе бағдарлама талаптарына сәйкес акселерациядан өту барысында растауға болады.
Қатысушыларға қойылатын негізгі талаптардың бірі — кәсіби мансаптан кәсіпкерлікке ауысу. Сонымен қатар Бірінші кредиттік бюроның деректері бойынша кредиттік рейтингтің кемінде 650 балл болуы, жеке жылжымайтын мүліктің болуы және жобаға кемінде 15 пайыз көлемінде өз қаражатын қатыстыру мүмкіндігі талап етіледі.
Бағдарламаға қатысу үшін жеке куәлік, ал бар болған жағдайда жеке кәсіпкер немесе ЖШС тіркелгенін растайтын құжат қажет. Сонымен бірге салықтар бойынша анықтама, кредиттік бюродан алынған есеп, түйіндеме және жобаның саласы туралы мәліметтер ұсынылады.
Алматы облысының тұрғындары үшін акселерация бағдарламасы бизнесті бастау және жүргізу бойынша білім алудың, консультациялық қолдау алудың және кәсіпкерлікті қаржыландырудың қолжетімді құралдарымен танысудың бір мүмкіндігі болмақ.

