Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов қалада спорт инфрақұрылымын дамыту аясында салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс барысымен танысты.
Жоба бойынша жалпы ауданы шамамен 2 мың шаршы метр болатын кешен салу көзделген. Оның құрамында ауданы 103,58 шаршы метр тренажер залы және пауэрлифтингпен айналысуға арналған арнайы аймақ, 605,43 шаршы метрлік спорт залы, сондай-ақ бокс пен күреске арналған жаттығу залдары қарастырылған. Бұдан бөлек, кешенде қажетті қосалқы және қызметтік бөлмелер болады.
Кешен жеке инвестициялар есебінен салынуда. Жобаның алдын ала құны – 1,601 млрд теңге. Құрылысқа бөлінген жер учаскесінің аумағы – 0,92 гектар.
Құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарланып отыр.

