ЭКОЛОГИЯНЫ СӨЗБЕН ЕМЕС, ІСПЕН ЖАҚСАРТУ

Экологиялық мәдениет қалыптастыру, тұрмыстық қалдықтарға екінші өмір беру, аулаларды көгалдандыру және ауыл тұрғындарына нақты экологиялық шешімдерді көрсету. Алматы облысында Бесағаш ауылында осы бағыттарды қамтитын бірнеше экологиялық жоба жүзеге асырылуда.

«ВЕРТИКАЛДЫ ЭКО-АУЛА»: ШАҒЫН АУМАҚТАҒЫ ҮЛКЕН ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ШЕШІМ
Қазақстандағы өзекті мәселелердің бірі – ірі қалалар маңындағы ауылдардың әлеуметтік-экологиялық жағдайы. Қалаға жақын қоныстанған мыңдаған отбасы бүгінде шағын жер телімдерінде өмір сүруге мәжбүр. Бұрын мал ұстап, бақша егіп, жерден несібесін тапқан тұрғындардың 6 сотық ауласы көбіне үй мен көлік қоюға ғана жетеді. Құнарлы жерлердің орнын бетон мен асфальт басып, адамдардың жермен байланысы әлсіреп барады.
«Вертикалды эко-аула» жобасы осы мәселені шешудің балама жолын ұсынады. Оның мақсаты – шағын аумақты тиімді пайдаланып, ауланы экологиялық таза өнім өндіретін, тұрмыстық шығынды азайтатын және қосымша табыс әкелетін микроэкожүйеге айналдыру.
Жобаның негізгі жаңалығы – дәстүрлі көлденең бау-бақша өсіру тәсілін вертикалды форматқа бейімдеу. Яғни өнім өсіру үшін міндетті түрде үлкен жер телімі қажет емес. Шағын аулада да жемісті қабырғалар, жидекті қоршаулар, шпалерлік және вертикалды бақтар ұйымдастыруға болады.
Жоба аясында демонстрациялық алаң құрылып, тұрғындарға практикалық сабақтар өткізіледі. Қатысушылар вертикалды көгалдандыру, тамшылатып суару, гидропоника, контейнерлік егіншілік, жеміс-көкөністі өңдеу және шағын кәсіпкерлік дағдыларын меңгереді.
Әсіресе үй шаруасына байланысты тұрақты жұмысқа шыға алмайтын әйелдер үшін бұл бастама қосымша табыс табуға және экономикалық белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар аумақты көгалдандыру жергілікті экологиялық жағдайды жақсартуға, ал органикалық қалдықтарды компостқа айналдыру топырақ құнарлылығын арттыруға және тұрмыстық қалдық көлемін азайтуға ықпал етеді.
Жобаның түпкі идеясы – жер аз болса, мүмкіндік те аз деген түсінікті өзгерту. Шағын аула да өнім өндіретін, табыс әкелетін әрі экологиялық ортаны жақсартатын кеңістікке айнала алады.

«АУЫЛҒА 40 ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ШЕШІМ»: ЭКОЛОГИЯЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚТЫ ТӘЖІРИБЕ АРҚЫЛЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУ
Бұл жобаның негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарына қоршаған ортаны қорғаудың қолжетімді әрі тиімді жолдарын көрсету.
Жоба аясында ауылдық жерлердегі өзекті экологиялық мәселелер мен оларды шешу тәсілдері туралы 40 тақырыпқа 40 бейнеролик әзірленеді. Әр материал белгілі бір проблеманы көтеріп қана қоймай, оның шешімін тәжірибе жүзінде көрсетуді көздейді.
Тақырыптар ауқымы кең: ауланы көгалдандыру, құрғақшылыққа төзімді өсімдіктерді таңдау, суды үнемдеу, топырақ құнарлылығын сақтау, компост дайындау, ауыспалы жайылымды ұйымдастыру, биоалуантүрлілікті қорғау және ауыл шаруашылығында экологиялық тәсілдерді қолдану.
Жобаның ерекшелігі – экологиялық кеңестерді құрғақ теория түрінде емес, нақты тәжірибесі бар адамдардың қатысуымен ұсыну. Көрермен мәселені көріп қана қоймай, оны өз ауласында немесе шаруашылығында қайталап қолдана алатын нақты шешімдермен танысады.

«ЕКІНШІ ӨМІР»: ТҰРМЫСТЫҚ ҚАЛДЫҚ – ЖАҢА МҮМКІНДІК
Тұрмыстық қалдықтар мәселесі бүгінде қалалар мен ауылдардың ортақ экологиялық проблемасына айналды. Қайта пайдалануға немесе өңдеуге жарамды көптеген заттар әлі де қоқысқа тасталады.
«Екінші өмір» жобасының негізгі идеясы – қалдыққа тек жойылуы тиіс қажетсіз зат ретінде қарамау. Керісінше, оларды қайта пайдалану, жарамдылық мерзімін ұзарту және жаңа ресурс ретінде қарастыру мәдениетін қалыптастыру.
Бұл бағыттың маңызы тек қоршаған ортаны қорғаумен шектелмейді. Қалдықты азайту – табиғи ресурстарды үнемдеу, тұтыну мәдениетін өзгерту және жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашу деген сөз.

«ҚЫЗДАР БАҒЫ»: ТАБИҒАТ ПЕН ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТЫ ҰШТАСТЫРУ
«Қыздар бағы» – экологиялық идеяны ұлттық мәдениетпен және қоғамдық құндылықтармен байланыстыратын ерекше жоба.

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke