фото: tengrinews.kz
13 қаңтар күні кешке үш адамды кепілге алған Ақтөбе тұрғыны бұған дейін де құқық қорғау органдарының назарына іліккен, деп хабарлайды Halyqstan телеграм желісінде.
Редакцияға белгілі болғандай, 1986 жылы туған азамат Б. өткен жылы азаматша М.-ны балағаттағаны үшін 5 тәулікке қамауға алынған. Әйел Б.-ның өзіне бағыттаған бейәдеп сөздерін бейнежазбаға түсіріп, арыз жазған. Сотта ол Б.-дан өзін қорғауды сұраған.
Б.-ның деструктивті ағымдарға қатысы жоқ екені анықталды, бірақ оның мінезі өте шатақ екені белгілі. Ол бірнеше рет 40 жастағы досы, азаматша М.-мен жанжалға түскен. Соңғы жанжалында Б. әйелдің отбасын кепілге алған.
Редакцияның мәліметінше, Б. азаматша М.-мен бірге тұрған. Сол себепті ол әйелдің ата-анасының үйіне еш қиындықсыз кірген. Айта кетсек, есепші болып жұмыс істейтін М. ата-анасымен бірге тұрмаған. Оқиға болған күні ол тек қонаққа келген.
Б. үйге кірген соң, әйелдің 74 жастағы өгей әкесін (зейнеткер, құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкері) және 67 жастағы анасын (мейірбике) суық қарумен жарақаттаған. Кейбір деректерге сүйенсек, бұл пышақ емес, балта болған.
Әйелдің ата-анасына шабуыл жасағаннан кейін, Б. азаматша М.-мен бірге басқа бөлмеге кіріп, оны пышақпен жарақаттап, соққыға жыққан.
Бұл қатыгездікке не түрткі болғаны полиция қызметкерлері тарапынан хабарланбады. Құқық қорғау органдары оқиғаға қатысты түсініктеме беруден бас тартты.
Абырой болғанда, оқиға кезінде үйде әйелдің 17 жастағы кәмелетке толмаған ұлы болмаған. Ол үйге оралған кезде қан іздерін байқап, дереу туыстарынан көмек сұраған. Туыстары полицияға хабарласқан.
Құқық қорғау органдары Б.-мен үш сағат бойы келіссөздер жүргізді. Бірақ ол ешқандай талап қоймағандықтан және кепілге алынғандарды босатпағандықтан, үйді шабуылдау туралы шешім қабылданды.
Кепілге алынған үш адам да ауруханаға жеткізілді. Өкінішке қарай, әйелдің анасы ауруханаға барар жолда көз жұмды, ал өгей әкесі ота кезінде 40 минуттан кейін қайтыс болды. Азаматша М. аман қалып, қажетті медициналық және психологиялық көмек алуда.
Қаза болғандарды жерлеу рәсімі бейсенбі күні өтеді. Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қайтыс болғандардың жерлеуін ұйымдастыруға көмек көрсетуді тапсырды.
Аталған оқиға бойынша кепілге алу (ҚР ҚК 261-бабы) және кісі өлтіру (ҚР ҚК 99-бабы) баптарымен қылмыстық істер қозғалды.