Облыс орталығындағы Д. Қонаев атындағы №1 орта мектепте дарынды балаларды қолдауға бағытталған, білім мен логиканың мерекесі – «Бастау» республикалық математикалық олимпиадасының қалалық кезеңі өтті. Мақсаты – оқушылардың математика пәніне деген қызығушылығын арттыру, дарындылықты анықтау және қолдау, бәсекеге қабілетті, білімді тұлға қалыптастыру. Бұл – бастауыш сынып оқушыларының логикалық ойлау қабілетін, математикалық сауаттылығын, алғырлығы мен жылдамдығын дамытуға арналған маңызды білім сайысы.
Білім бәйгесінің ашылу рәсімінде облыстық әдістемелік орталығының әдіскері Гүлзада Жангазиева сөз алып, олимпиаданың мақсат-міндетіне тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Бүгін білімге құштар, талапты да талантты балаларды біріктірген «Бастау» олимпиадасында бас қосып отырмыз. Жас өрендер, бұл – алғашқы жеңістеріңе бастайтын жол. Әр тапсырмада білімдеріңді, тапқырлықтарыңды, батылдықтарыңды көрсетіңдер. Ең бастысы, өздеріңе сеніңдер, білім алудан ләззат алыңдар! Барлық қатысушыға шығармашылық шабыт, жарқын жеңіс, сәттілік тілеймін, – деп сөзін аяқтады білім саласының білікті маманы.
Білім сайысының «Әу, баста!», «Асық», «Математикалық бәйге» деп аталатын әр кезеңінде оқушылардың білім деңгейі мен ойлау шапшаңдығы сынға түсті.
«Әу, баста!» атты алғашқы кезеңде командалар бірлесе отырып, 15 минут ішінде математикалық 5 есеп шығарды. Әр дұрыс жауап 10 ұпаймен бағаланды. «Асық» деген екінші бөлімде командалар логикалық ойлау және жылдамдық қабілеттерін көрсетті. Әр командаға 5 логикалық тапсырманың әрбірін орындауға 1 минут уақыт берілді. Дұрыс жауап үшін 10 ұпай берілді. Соңғы кезең «Математикалық бәйге» деп аталды. Бұл турда әр қатысушы өзінің математикалық білімін дәлелдеді. Әр оқушыға 10 сұрақ қойылды. Жауап беру уақыты 30 секунд болды. Әрбір дұрыс жауап 5 ұпаймен бағаланды.
Осылайша әрбір қатысушы өз мүмкіндігін көрсете білген білім бәйгесі мәресіне жетіп, қазақ сыныптары бойынша бірінші орынды орта мектеп-гимназиясы жеңіп алса, орыс сыныптарында бірінші орынды №2 орта мектеп иеленіп, облыстық кезеңге жолдама алды.
Шолпан Көпірбай

