Көктем келісімен дала төсінде тіршілік қайта жанданып, еңбек дүбірі күшейе түседі. Биыл да Қонаев қаласына қарасты Шеңгелді ауылдық округінде көктемгі дала жұмыстары ұйымдасқан түрде басталып, егіс науқаны қарқын алып отыр. Шаруалар жер өңдеп, тұқым себу ісін қолға алған.
Қаладағы ауыл шаруашылығы бөлімі ұсынған мәліметке сүйенсек, биыл округ бойынша 13 500 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Оның ішінде дәнді және бұршақ дақылдары 4259 гектарды қамтиды. Майлы дақылдар 300 гектарға орналастырылады. Сонымен қатар бақша дақылдары 556 гектарға, картоп 150 гектарға, көкөністер 529 гектарға жоспарланған. Қант қызылшасы 240 гектар алқапқа себіледі. Мал азықтық дақылдардың үлесі 7521 гектарды құрайды.
Су ресурстарын үнемдеу бағытында да нақты жұмыстар қолға алынған. Биыл 14 шаруа қожалығы 2325 гектар алқапта су үнемдеу технологияларын пайдалануды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, орман тұқымбағын салу көзделген. Онда 1000 гектар аумақта тамшылатып суару тәсілі енгізіледі.
Көктемгі науқанның барысы техникаға да тікелей байланысты. Қазір Шеңгелді массивінде 181 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы тіркелген. Өткен жылы шаруалар 263 млн теңгеге 10 техника сатып алған. Қалалық әкімдіктің мәліметінше, биыл олардың саны тағы 12 бірлікке көбеймек.
Егіс жұмыстары барысында тыңайтқышпен қамтамасыз ету де қатар жүргізілуде. Биыл 2900 тонна минералды тыңайтқыш алу үшін 40 келісімшарт жасалған. Қазіргі таңда оның 1500 тоннасы жеткізілді. Бұл бағытта мемлекет тарапынан субсидия қарастырылған.
Арзандатылған дизель отынына сұраныс та бар. Шаруалар 373 тонна отын алуға өтінім берген. Бұл дала жұмыстарын уақытылы жүргізуге мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қолдау шараларының бірі – «Кең дала 2» бағдарламасы. Аталған бағдарлама аясында 245,1 млн теңгеге екі өтінім мақұлданған. Несие жылдық 5 пайызбен ұсынылады. Қаржыландыру «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы жүзеге асырылады.
Көктемгі науқан – уақытпен санасуды талап ететін кезең. Шеңгелділік шаруалар әр күнді тиімді пайдаланып, егіс жұмыстарын дер кезінде аяқтауға күш салып отыр. Биылғы еңбек нәтижесі күзгі жиын-терімде белгілі болмақ.
Ерлік Кебекбай

