Суббота, 20 апреля, 2024

Басқада

Қаламгердің мерейтойына арналған кеш

  Өткен  жұма күні қалалық кітапханада қалалық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі мен қалалық кітапхананың ұйымдастыруымен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Үздік өлкетанушы, «Жетісу» газетінің қоғамдық тілшісі, 10-нан астам кітаптың авторы,  Қапшағай қаласының Құрметті азаматы Жұмахан Қожамқұловтың 60 жасқа толған мерейтойына арналған  «Тарихқа қалам тербеген» атты бенефис кеші болып өтті.

Іс-шараға Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қаратал ауданының Құрметті азаматы, қаламгер, Үздік өлкетанушы Қараша Қараманов, қалалық Аналар кеңесінің төрағасы Дәметкен Таласбекқызы, Шеңгелді ауылдық Ақсақалдар алқасының төрағасы, Шеңгелді ауылының Құрметті азаматы, жеке кәсіпкер Ғабит Жылқыбаев,Ауған соғысы ардагерлер одағының  төрағасы  Қанат  Молдабергенов, «Жалайыр» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Қуаныш Патшабай, Шеңгелді ауылдық округінің әкімі Серік Шенкебаев, Шеңгелді және Қосқұдық ауылындағы Ақсақалдар алқаларының өкілдері Қартбаба Момбетов пен Бейсенбай Қашақбаев, Шеңгелді ауылындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлзара Керімбаева, Қапшағай қалалық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Амангелді Керімбаев,  ақын, Қазақстан Жазушылар мен Журналистер одағының мүшесі, Қапшағай қаласының Құрметті азаматы Алтыншаш Жақиянова, ақын-сазгер, Әлем Халықтары  Жазушылары одағының мүшесі, Назгүл Нұрсейітова, қалалық және ауылдық мектептердің тарих пәні мұғалімдері қатысты.

Бенефистің негізгі бөлімі сұрақ-жауап ретінде өтті. Жұмахан Нұрлыбайұлы шығармашылығы, Қытайға және басқа елдерге барған іс-сапарлары, тарихи тұлғалар туралы туындылары жайлы және бастан өткізген қызықты сәттерінен сыр шертті.

Шара барысында  қалалық кітапхана директоры Назым Кенжебекова қала әкімінің Құттықтау хатын табыс етіп, Жұмахан Нұрлыбайұлына шапан жапты. Сонымен бірге облыстық тіл басқармасының басшысы мен Көксу ауданының құрметті азаматы Бәзілұлы Сайлаубайдың Құттықтау хаттары табысталды.

Одан кейін жиналған қауым жазушының өмірі мен  шығармашылығы туралы «Қаламгер өнегесі» атты бейнебаян тамашалады.

Қонақтар атынан сөз алған Қаратал ауданының Құрметті азаматы, қаламгер, Үздік өлкетанушы Қараша Қараманов Жұмахан Нұрлыбайұлымен таныстығын айтса, Шеңгелді ауылдық Ақсақалдар алқасының төрағасы, Шеңгелді ауылының Құрметті азаматы, жеке кәсіпкер Ғабит Ақтайұлы  Шеңгелді ауылының мектебіне Қадырғали Жалайырдың есімінің берілуі мен  сол мектептен мұражайдың және  «Бөлек би» қорының ашылуына қосқан үлесі туралы айта кетті.

Келесі кезекте Шеңгелді ауылдық округінің әкімі Серік Жамалбайұлыжазушыға деген ізгі ниетін білдіріп, Алғыс хат табыс етсе, ақын, Қазақстан Жазушылар мен Журналистер одағының мүшесі, Қапшағай қаласының Құрметті азаматы Алтыншаш Жақиянова  арнауын оқып берді.

Сондай-ақ, Арна ауылдық клубының әншісі Бұқас Амалият халық әндері «Жанерке» және «Еркемай» әндерін орындады.

Бенефис соңында қаламгер кеш қонақтарына алғысын білдіріп, өзінің туындыларын тарих пәнінің мұғалімдеріне және кеш қонақтарына өз қолтаңбасымен тарту етті.

Кеш Қапшағай қалалық кітапханасы жанынан құрылған «Масат» клубының  мүшесі Әлімжан Айғанымның  «Жалайыр» әнімен қорытындыланды.

Аида ИМАНБАЕВА,

 қалалық кітапхананың

оқырмандарға қызмет көрсету

 бөлімінің меңгерушісі

Жаңалықтар | Новости