
10 шілде – Ветеринариялық қызметкер күні– қоғам үшін маңызды саланың мамандарына құрмет көрсетілетін ерекше күн. Ветеринария – тек жануарларды емдеумен шектелмейтін, адам денсаулығын қорғауға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және елдің эпизоотиялық тұрақтылығын сақтауға тікелей үлес қосатын жауапты қызмет.
Осындай абыройлы саланың білікті мамандарының бірі – Қонаев қаласының ветеринариялық бөлімінің басшысы Сарсенғали Дәурен Сарсенғалиұлы. Ол 2011 жылдан бері ветеринария саласында еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда қала аумағындағы ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жұқпалы аурулардың алдын алу және мемлекеттік ветеринариялық қызметтердің сапалы көрсетілуіне жетекшілік етіп отыр.

Дәурен Сарсенғалиұлы Жетісу облысының тумасы. Оның айтуынша, бұл мамандықты таңдауға ветеринария саласының қоғам үшін аса маңызды екені себеп болған.
– «Ветеринария – жануарлардың ғана емес, адамдардың да денсаулығына тікелей әсер ететін сала. Малдың амандығы – сапалы азық-түлік пен халықтың денсаулығының кепілі. Сондықтан бұл мамандықтың жауапкершілігі өте жоғары», – дейді ол.

Қонаев қаласының ветеринариялық қызметінде төрт жылға жуық уақыт еңбек еткен маман осы кезеңде мемлекеттік ветеринариялық қызметтерді ұйымдастыру, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру, профилактикалық іс-шараларды өткізу және ветеринариялық құжаттарды рәсімдеу бағытында мол тәжірибе жинақтаған.
Ветеринар мамандарының жұмысы таңнан басталады. Олар бекітілген жоспар бойынша ауыл шаруашылығы жануарларын вакцинациялап, зертханалық тексерулер үшін қан сынамаларын алып, паразиттерге қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізеді.
Сонымен қатар тұрғындардың өтініштері бойынша жануарларды клиникалық қарап, емдеу жұмыстарын ұйымдастырады. Мемлекеттік қызмет аясында ветеринариялық анықтамалар рәсімделіп, жануарларды есепке алу және бірдейлендіру жұмыстары жүргізіледі.
– «Жануарларға уақытылы сырға тағу, чип енгізу және ақпараттық жүйеге тіркеу – аурулардың алдын алуға әрі олардың қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді», – дейді бөлім басшысы.
Қонаев қаласында эпизоотиялық жағдай тұрақты бақылауда. Жыл сайын жоспарға сәйкес жануарларға вакцина салынып, түрлі жұқпалы ауруларға қарсы диагностикалық зерттеулер жүргізіледі.
Маманның айтуынша, алдын алу шараларының нәтижесінде өңірдегі ветеринариялық жағдай тұрақты сақталып келеді. Мал иелеріне ветеринариялық-санитариялық талаптарды сақтау, жануарларды уақытылы тексертіп, вакцинациялау жөнінде тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Бүгінде ветеринария саласына заманауи цифрлық жүйелер енгізілген. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендірудің ақпараттық жүйесі арқылы әрбір мал тіркеліп, жүргізілген екпелер мен диагностикалық жұмыстар толық бақылауда болады.
Сонымен қатар мал иелеріне арналған TortTulik мобильді қосымшасы іске қосылған. Қосымша арқылы тұрғындар өз малы туралы мәліметтерді көріп, жаңа туған төл туралы ветеринар мамандарға онлайн хабарлай алады.
Мемлекеттік қызметтер де электронды форматқа көшіріліп, жануарлар мен мал өнімдерін тасымалдауға қажетті ветеринариялық анықтамалар арнайы ақпараттық жүйе арқылы рәсімделеді.
Қонаев қаласының ветеринариялық қызметінде еңбек еткен жылдары Дәурен Сарсенғалиұлы бірқатар маңызды жобалардың жүзеге асуына үлес қосты. Оның бастамасымен Қонаев қаласына қарасты Шеңгелді ауылдық округінде мал сою пункті ашылып, тұрғындар үшін ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай қызмет көрсету мүмкіндігі жасалды.
Бұл нысан ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және заң талаптарының сақталуына оң ықпал етті.
Сондай-ақ Қонаев қаласының ветеринариялық қызметі екі жыл қатарынан «Үздік аудан» атанып, атқарылған жұмыстардың тиімділігі жоғары бағаланды. Бұл – сала мамандарының кәсіби еңбегі мен жүйелі жұмысының нақты нәтижесі. Өз тәжіриесінен жас мамандарға да кішігірім кеңес айта кетті:
– «Ветеринар мамандығы үлкен жауапкершілікті, адалдықты және үздіксіз ізденісті талап етеді. Жас мамандар білімдерін үнемі жетілдіріп, тәжірибелі әріптестерінен үйренуден жалықпауы керек. Өз ісін сүйген адам ғана кәсіби биікке көтеріледі», – дейді ол.
Бүгінде ветеринария саласы тек мал дәрігерінің қызметімен шектелмейді. Ол – халық денсаулығы, азық-түлік қауіпсіздігі және елдің биологиялық қорғанысын қамтамасыз ететін стратегиялық бағыттардың бірі.
Ветеринарлардың күнделікті көзге көріне бермейтін еңбегі – қоғамның қауіпсіздігі мен тұрақтылығының маңызды кепілі. Сондықтан бұл сала мамандарының еңбегі әрдайым құрметке лайық.
Шолпан Аралқызы


