Пятница, 21 июня, 2024

Instagram@nurlyolke

Басқада

spot_img

Депутат Нартай Аралбайұлы БҚО шалғай ауылдарындағы өзекті мәселені көтерді

Депутат Нартай Аралбайұлы Мәжілісте Батыс Қазақстан облысындағы шалғай ауылдардағы жол мәселесін көтерді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

«Бұл депутаттық сауалымның артында мыңдаған адамның таусылған төзімі, үзілуге аз қалған үміті жатыр. Олар Батыс Қазақстан облысының ең шалғай ауылдарында тұрады. Бөкей Орда ауданы мен Жәнібек ауданындағы жұрт көз ашқалы түзу трасса, жөнделген жол көрген жоқ. Қазір де жұрт облыс орталығы Оралға дейін көлікпен 7-8 сағат жүруге мәжбүр, жаңбыр жауса батпаққа батқан бұқара 14-15 сағат жол жүреді, көбісі күрежолдың бойында қонып қалады», — дейді Нартай Аралбайұлы.

Оның сөзінше, арнайы техниканың өзі көктем мен күздегі балшықтан өте алмайды.

«Салдарынан ауыр науқасқа шалдыққан адамдар мен сәбилердің қалай қиналатынын айтпай-ақ білерсіздер. Жергілікті жұртқа үміт берген жаңалық 2018 жылы айтылып еді. Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы, Жәнібек және Қазталов аудандарын жалғайтын жол салу жөнінде Үкіметке тапсырма берілді. «2019 жылы «Қазталов — Жәнібек — Ресей Федерациясы» шекарасына дейінгі 142 шақырым жол және 103 шақырымдық «Бисен — Өнеге — Сайхын» жолы, барлығы 245 шақырым жол учаскелерінің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, 2021 жылы жол құрылысы аяқталады делінген. Бірақ арада 4 жыл өтті, Республикалық маңызы бар 245 шақырым күре жолдың тек 124,6 шақырымы ғана жасалды. Қалғаны шұрқ-тесік, батпақ боп жатыр. Жүру мүмкін емес. Ел мұңын талай айтты, ғаламторға жүздеген сурет пен бейнежазба жүктелді.

2022 жылдың сәуірінде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкімет пен Батыс Қазақстан облысының әкімдігіне өңірдегі жол мәселесін тез арада шешуді тапсырды және 2021 жылы аяқталуы тиіс болған Қазталов, Жәнібек, Бөкей орда аудандарын облыс орталығы Оралмен байланыстыратын күрежолға әлі асфальт төселмегенін шегелеп айтып, «тиісті жұмыстардың белгіленген мерзімде орындалмауына кінәлілер жазалануға тиіс» деді. Осы сыннан кейін сол кездегі Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев қызметінен босатылды», — дейді депутат.

Нартай Аралбайұлының айтуынша, мәселе мынада: жалпы ұзындығы 245 шақырым болатын «Қазталов -Жәнібек — Ресей Федерациясы» шекарасына дейінгі және «Бисен — Өнеге — Сайхын» жолдарының жалпы құны 80,13 миллиард теңге. Бүгінге дейін оның 49 проценті игерілген. Қалған 120,4 шақырымды төсеп бітуге биыл 30,2 миллиард теңге бөлінген.

«Ақша бар, бірақ БҚО қиыршық тас пен битум жоқ. Оны көрші облыстар мен көрші елден тасымалдау керек. Жол құрылысын аяқтау үшін биыл 1931 тонна қиыршық тас керек, оны әкелуге 28 мың вагон қажет. Бірақ биылғы жылға тек 7 жарым мың вагон қарастырылған. Бұл өз кезегінде жолға қажетті материалдың жетіспеушілігіне, жол құрылысы мерзімінің ұзаруына және жоба құнының өсуіне әкеледі. Бұл ретте үстіміздегі жылдың наурыз айында тек 1000 вагон берілген, оның 382-сі жекеменшік, 618-і «ҚазТемірТранс» АҚ-на тиесілі. Жекеменшік вагонды жалға алудың құны әлдеқайда қымбат екенін де ескеру керек. Келесі мәселе битум жетіспеушілігі. 2022 жылы битум болмауынан, облыстағы нысандардың жартысына жуығы тамыз айынан бастап жұмыссыз қалған», — дейді депутат Мәжілісте.

Осыған байланысты Нартай Аралбайұлы бірнеше ұсыныс айтты:

жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес битум бағасын бекіту мүмкіндігін қарастыру, яғни мерзімдік баға өсуіне тиым салу;
битумның таралуын мердігерлік ұйымдар үшін ашық ету және оларға қол жетімді битумның көлемі мен оның қозғалыс жолы айқын болуы үшін делдал-трейдерлерсіз зауыттармен тікелей келісімшарттар жасауға мүмкіндік беру;
Облыстың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін Ресей Федерациясынан битум тасымалдайтын, БҚО-ң аумағында орналасқан бір трейдерді анықтау қажет. Себебі, Ақтөбе, Қызылорда, Атырау, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарына 1 трейдер ғана битум жеткізеді. Бұл мәселе облыстық маңызы бар «Чапай — Жаңақала — Сайқын» жолдарының да құрылысын кешеуілдетіп тұр.
Ай сайын БҚО-ғы жол құрылысына қажетті қиыршық тас жеткізу үшін 1500 темір жол вагонын беру қажет.
«Президентіміз шегелеп тапсырғандай Қазталов, Жәнібек, Бөкей Орда аудандарын облыс орталығы Оралмен байланыстыратын тас жолдың құрылысы тез аяқталса бұл отандық туризмнің дамуына да ерекше екпін берер еді. Өйткені тақтайдай тас жол төселсе халық күй қағаны Құрманғазының, Дина Нұрпейісованың, батыр, ақын Махамбет Өтемісұлының, Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметованың, ақын Тайыр Жароков сынды ұлылардың туған жерін көруге ағылып келер еді.

Осындай ұлылар туған жердегі жұрт қазір жолға шықса батпаққа жығылып құлап жатыр. Одан бөлек Бөкей Орда ауданында 1841 жылы қазақ балалары үшін ашылған тұңғыш мектеп бар, Жәңгір ханның ордасы бар, уағында баспахана болған, дәріхана болған ағаш ғимараттар бар. Осы тарихи жәдігерлердің бәрін отандастарымыз бен алыс-жақын шетелден келген азаматтар көретін еді тас жолдың құрылысы аяқталса», — дейді депутат. 

Жаңалықтар | Новости

Instagram@nurlyolke