Суббота, 25 мая, 2024

Басқада

spot_img

Алматы қаласының медицина ұйымдарын қаржыландыруға 300 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған

Алматы қаласындағы емханаларда учаскелік дәрігерлерге ғана емес, кеңейтілген практика медбикелеріне де қабылдауға жазылуға болады. Бұл кезекті едәуір қысқартуға септігін тигізіп отыр. Ал қалалық шұғыл медициналық көмек ауруханасы мамандары мидағы патологиялық өзгерістерді жасанды интеллектінің көмегімен жедел анықтауға машықтанған. Алматы қаласының медициналық ұйымдары Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басшысына өз жұмыстарын көрсетіп, өзекті мәселер туралы баяндады және озық тәжірибелермен бөлісті.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Басқарма төрағасы Сәбит Ахметов денсаулық сақтау саласына қандай жүйелі шешімдер қажеттігін дәрігерлердің өз аузынан естіп, клиникалардың жұмысымен танысу мақсатында Алматыдағы медицина ұйымдарын аралады.
Кейде медициналық көмектің бір түрі мен қаржыландыру механизмі туралы алуан түрлі жағдайлар қалыптасады. Атап айтқанда, тіркелген халық саны әлдеқайда аз клиникалар өз қызметін дамытып отырса, ірі емханалар қаражаттың жетіспеушілігіне, кадр тапшылығы мен жабдықтың жоқтығына, клиниканың өндірістік қуатының толық пайдаланылмай отырғанын алға тартады. Десе де, мемлекеттік медицина ұйымдары жергілікті билік тарапынан қымбат құрал-жабдықтармен жабдықталады, күрделі жөндеу, мамандарды оқыту, баспанамен қамту сынды жұмыстар да мемлекет қаржысына жүргізіледі.
Қор басшысы алдымен осы жылдың 7 айында 10 мыңнан астам пациентті емдеп, оның 7 мыңға жуығына ота жасаған №4 қалалық клиникалық ауруханаға барды. Онда Түрксіб және Жетісу аудандарының тұрғындарына, кейбір профильдер бойынша (комбустиология, травматология) қала тұрғындарына шұғыл көмек көрсетіледі. Сонымен бірге еліміздің барлық өңірінен келген пациенттер жоспарлы түрде емделеді.
Бұл – қаладағы күйік бөлімшесі бар жалғыз аурухана. Сондай-ақ, ауыр жарақат алған науқастар да осында емделеді және медициналық оңалтудан өтеді. Дегенмен, бас дәрігер Біржан Досмайыловтың айтуынша, күйік шалған және ауыр жарақатпен түскен пациенттердің еміне төленетін ақы шығынды толық жаппайды. Себебі пациенттер жансақтау бөлімінде ұзақ жататындықтан, ем-дом әлдеқайда қымбатқа түседі.
Мұнда жоғары технологиялық операциялар мен жоспарлы емдеуге жатқызу саны артса, шұғыл медициналық көмекке жүгінетіндер, өлім-жітім көрсеткіші азайып келеді.
№5 қалалық емхана үздік тәжірибелер орталығы және медициналық университеттердің оқу базасы болып саналады. Мұнда қала тұрғындары үшін гепатоорталық, эндоскопиялық бөлімше жұмыс істейді. Десе де, Қор басшысы дәліздерде ығы-жығы халықтың жоқтығына таң қалды. Бас дәрігер Гүлшахира Қамбарованың айтуынша, емханада байланыс орталығының жұмысы дұрыс жолға қойылған. Басым бөлігін егде жастағы байырғы тұрғындар құрайтын контингент алдын-ала телефон арқылы жазылуға дағдыланған. Ең қызығы, мұнда пациенттерді кеңейтілген практикалық медбикелер де қабылдайды, оларға да жеке жазылуға болады. Медбикелер арнайы оқытылып, диспансерлік есепте тұрған және ауруларды басқару бағдарламаларына қатысатын пациенттерге қызмет көрсетеді. Бұл өз кезегінде дәрігердің жүктемесін азайтып, кезек санын қысқартуға мүмкіндік береді.
Keruen Medicus клиникасы тұрғындарға бастапқы медициналық санитарлық көмекпен қатар, стационарлық қызметтерді де көрсетеді. Стационардың төсек-орын қоры хирургиялық, урологиялық, гинекологиялық, қалпына келтіру емі және кардиология, неврология, травматология бағыты бойынша медициналық оңалту жүргізуге мүмкіндік береді. Бас дәрігер Маржан Чанканованың айтуынша, мұнда бүйрегін ауыстырған пациенттер динамикалық бақылауға алынады. Олар диспансерлік есепке тұрып, өздерін осы клиникаға тіркеуді сұрайды, дейді ол. Сәбит Ахметов бұл пациенттің еркін таңдау құқығының сақталу көрсеткіші екенін атап өтті.
Ізінше Қор басшысы Қалалық шұғыл медициналық жәрдем ауруханасының жұмысымен танысты. Мекеменің қаржылық жағдайы күрделі. Өйткені Үкімет қаулысына сәйкес, жыл сайын қызметкерлердің жалақысын (дәрігерлерге – 30%, медбикелерге – 20%, кіші медициналық қызметкерлерге – 18%) көтеру қажет, бұл бюджетке үлкен жүктеме түсіреді. Осыған сай аталмыш аурухана дәрігерлер санын біршама қысқартқан. Соған қарамастан, қаражаттың 70%-дан астамы жалақыға жұмсалады.
Пациенттердің көбі мұнда шұғыл түрде түседі және медициналық көмектің толық кешенін қажет етеді. Әсіресе, инсульт соққан пациенттер реанимацияда ұзақ жатады, емдеу барысында қосымша ауруларын емдеу қажет болады және қымбат дәрілер беріледі. Бірақ тарифтің төмендігінен төленетін қаражат емдеуге жұмсалған шығынды толық өтеуге жетпейді. Сондықтан аурухана басшылығы тарифті көтеру мәселесін алға тартты.
Қаржылық қиындықтарға қарамастан, аурухана дәрігерлері жаңа ақпараттық технологияларды зерттеп, жұмыста жасанды интеллект бағдарламаларын қолданып жүр. Мысалы, олар нейрохирургия саласында Сerebra жасанды интеллект элементтері бар ақпараттық жүйені пайдаланады. Ол мидың компьютерлік томография суреттерін жүктеуге және патологиялық өзгерістерді бірден анықтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар бас дәрігер Алмаз Джувашев басшылық ететін жедел медициналық жәрдем ауруханасы Up to Date ақпараттық жүйесіне кіру грантын жеңіп алды. Бұл – дәлелді медицина қағидаттары бойынша қалыптасатын ғаламдық ақпарат базасы. Оны практикалық дәрігерлер клиникалық шешімдер қабылдау үшін және ауыр жағдайларда қолданады. База Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, практик мамандардың бейіндік қауымдастықтарының ұсынымдарын ескере отырып, үнемі жаңартылып отырады. Бұл материалдар дәрігерлерге диагноз қою, қатар жүретін патология болған кезде емдеу тактикасын таңдауға көмектеседі.
Айта кетерлігі, қазір Алматы қаласының медициналық ұйымдарында шығындарды есептеу бойынша пилоттық жоба жүргізіліп жатыр. Мысалы, бұрын дәрі-дәрмектің таратылуын тек бөлімше деңгейінде есептеу мүмкін еді. Қазір медицина қызметкерлері берілген дәрі-дәрмектер туралы мәліметтерді жүйеге енгізе алады. Бұл қаражаттың дұрыс жұмсалуын, төлем үшін қолдалынатын тарифтердің дәлдігін, сондай-ақ медициналық ұйымның әрбір пациентті емдеуге қанша қаражат жұмсайтынын қадағалауға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, Алматы қаласының медициналық ұйымдарын ТМККК және МӘМС есебінен қаржыландыруға 300 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған.

Жаңалықтар | Новости