Четверг, 23 мая, 2024

Басқада

spot_img

Алматылық хирургтер ер адамның аяғын сақтап қалды


Оңтүстік астанадағы Орталық қалалық клиникалық ауруханаға аса ауыр халде 68 жастағы ер адам жеткізілді. Тексере келе дәрігерлер атеросклероз салдарынан оның аяғындағы күретамырлары зақымданғанын, сандағы күретамырда қан айналысы бұзылғанын анықтады. Сонымен қатар, аяқ тіндеріне мүлде қан бармай қалғандықтан башпайлары жансызданып, гангрена пайда болған пациентке аяқтың 4-деңгейлі ишемиясы деген диагноз қойылды.
Әдетте, мұндай жағдайлардың 35 процентінде аяқты жамбастан төмен кесіп тастауға тура келсе, 18% жағдайда соңы адам өлімімен аяқталады. Аяғы кесілген пациенттердің 9-21%-і өмірмен қош айтысса, 45%-ы орта есеппен бес-ақ жыл өмір сүреді. Қалған пациенттер өмір бойы мүгедек арбаға таңылады.
Орталық қалалық клиникалық аурухана дәрігерлері инновациялық ота жасап, эндоваскулярлы катетерлік әдіспен перифериялық күретамырлардағы түйіншектерді алып тастады. Операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражаты есебінен жасалды.
Жүрек-қан тамырлары ауруларын инновациялық емдеу тәсілі рентгенді ота залында науқасты ұйықтатпай, жергілікті жансыздандыру арқылы жүргізіледі.
«Бір сағатқа созылған операция сәтті аяқталды. Біз HawkOne аппаратының көмегімен эндоваскулярлы атерэктомия деп аталатын ота жасадық. Бұл операциядан кейін пациент тез айығады, ұзақ уақыт бойы стационарда жатып емделу қажет болмайды. Әлбетте, жаңа құралдар мен қондырғылар жұмысты жеңілдетіп жатыр. Біздің аурухана да заман көшінен қалмай дамып келеді. Бұл адам өмірін сақтап қалу мүмкіндігін арттырып, қан тамырындағы көптеген патологияларды емдеуге көмектеседі», — дейді қан-тамыр хирургі Сұлтан Илиев.
Тамыр іші атерэктомиясы магистральды қан тамырлары атеросклерозбен зақымданған науқастарды емдеудегі ең тиімді тәсілдердің бірі. Ол эндоваскулярлық әдістерді тамырдың тарылған әрі қатты зақымданған тұстарында да пайдалануға мүмкіндік береді.

Жаңалықтар | Новости