Суббота, 27 апреля, 2024

Басқада

Заң ғылымының патриархы

Тағдырында талай белестерден, қиындықтардан өткен Салық Зиманов қазақ елінен шыққан тұңғыш заң ғылымдарының докторы, заң саласында, еліміздің көптеген басқа салаларында да елі үшін аянбай еңбек еткен ірі азамат. Сонау екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында майданға аттанып, полковник шенімен оралған тұлғаның батырлығын айқын көруге болады. Содан кейін еліміздің заң саласында қызмет етіп, халқы үшін аянбастан еңбек етті. ҚазҰУ-нің заң факультетінің тұңғыш деканы болып қызмет атқарды. Елімізге айтулы егемендік туралы декларацияның, ата заңымыздың жасалуында төрағалық қызметтер атқарып, заңи оқиғалардың айналасында жүрді. Елімізде қандайда бір маңызды заңи оқиға болса сол оқиғалардың ішінде Салық Зимановтың аты аталатын. Ел ішіндегі заң саласында елеулі іргетастық қызмет етіп қана қоймай, жастарды тәрбиелеуге, білім беруге, ғылым саласына да өз үлесін қосқан. «Қазақтың ата заңдары» еңбегінде ежелгі қазақ хандығында сот жүйесін, қазақ елінде болған құқық жүйесінің маңызы мен мазмұнына терең талдау жасаған. Бұл еңбек халық арасында үлкен беделге ие болды десекте болады. Заң ғылымдарының Қазақстан Республикасында дамуында осы тұлғаның орны ерек десек болады. Екі жүз елуден астам ғылыми еңбектері бар тұлғаның ғылымға деген сүйіспеншілігін, еліне деген еңбегін байқаймыз. Қазақ елінде ғылымның кенже қалған тұсында ғылымның дамуы қажеттігі туралы екпінді сөздер айтып, ғылымға аса үлкен ден қойған. Қазақтың ата заңдарын зерттеп, билер соты туралы, сот туралы айрықша пікірлер білдірген. Елін сүйген азаматтың ерен еңбегі бағаланып «Парасат» орденімен марапатталып, Қазақстан мемлекеттік сыйлығы лауреатын алған. Өзінің жолдастары да осындай үлкен еңбекқорлығын бағалап өз араларында заң ғылымының патриархы деп атаған. Осындай ірі тұлғалар қазақ елі үшін мақтаныш, ал өскелең ұрпаққа үлгі болып қала бермек.

ҚазҰУ-і заң факультетінің 1 курс магистранты Турарбек Мадияр
з.ғ.к. Сманова Акмарал Бахтияровна

Жаңалықтар | Новости