Вторник, 7 мая, 2024

Басқада

Қонаевта «Еріктілер аллеясы» ашылды

23-сәуір күні Алматы облысы орталығы Қонаев қаласында «Таза Қазақстан» эконауқанының аясындағы «Жасыл аймақ» апталығына облыстың 200-ге жуық жастары қатысып, қалалық жағажай маңында жаңа ашылған «Еріктілер аллеясына» көшеттер отырғызу жұмыстарын жүргізді. Бұл аллея елімізде қатары күн санап көбейіп келе жатқан волонтерлердің еңбегінің символы ретінде қала тұрғындары мен қонақтарының көзін қуантатын тағы бір көрікті орын болмақ.

Аллеяның ашылуына Алматы облысы Туризм басқармасы басшысы Қуаныш Мирамбекұлы, облыстық Экология департаменті басшысының орынбасары Бахытжан Молдахметов қатысты.

Қуаныш Мирамбекұлы өз сөзінде: ««Таза Қазақстан» акциясының үшінші апталығы өтіп жатыр. «Жасыл аймақ» өте керемет акция деп сенемін. Туризм басқармасынан туристер келгенде жап-жасыл аймағымызды көрсететін, тазалығымызды көрсететін уақыт келіп жетті. Жыл сайын осы акция жалғасын тапса, оған біз де атсалысып жүретінімізге сенімдімін»,-деді. Сондай-ақ, ол жиналған жастардың ел болашағы екенін және олардың отырғызған әрбір ағаштары естелік болып қалатыны туралы айтты.

Бахытжан Молдахметов те жастарға өз алғысын айта отырып, мұндай акцияның бүкіл Қазақстанда болуы керектігін, оның халық үшін маңызын баяндады. Және жастарға тек қоғамдық орындарды ғана емес, сондай-ақ жеке үйлерін, тұратын көшелерін таза ұстау мәселесі жайында да сөз қозғады. «Әрқашан біздің облысымыз көркейіп, көгеріп тұрады деп ойлаймын. Атсалысып жатқандарыңызға көптен көп рахмет!»,- деп сөзін аяқтады.

Аталмыш іс-шараға Қонаев қаласы мектеп оқушылары мен колледж студенттері, жас мамандар, облыстың өзге аудандарының жастар орталығының мүшелері белсене атсалысты. Қонаев қаласындағы бұл тазалық акциясына арнайы келген Талғар ауданы «Жастар ресурстық орталығының» жетекшісі Абатайқызы Мөлдір: «Бұл акцияға қатысқанымызға қуаныштымыз. Қазір мұндай шаралар әр ауданда өтіп жатыр. Жастар белсенділік танытуда. Қазақта «Тазалық табалдырықтан басталады» деген сөз бар. Сондықтан әрбір жас тазалықты өзінен бастаса екен деймін»,- деп өз ойымен бөлісті.

Қонаев қаласындағы №3 орта мектептің педагог-ұйымдастырушысы Эльмира Мейрамбекқызы «Жасыл аймақ» акциясы негізінде 10 оқушыны бүгінді іске жұмылдырып, өз қаламыздың көркеюіне үлес қосуға әкеліп отырмыз. Әрине, Президенттің бұл бастамасын қолдаймыз. Осындай игі істер көп бола берсін!»,-деді.

Қонаев қаласының көпсалалы колледжі оқытушылары Сейсенбаева Гүлназ бен Наумов Сергей 25 студентін осы шараға қатыстыруға әкелгендерін айтты. «Осы қаланың гүлденуіне септігімізді тигізгіміз келеді. Мемлекет басшысының бұл шешімі жалпы Қазақстанның көркеюіне, табиғаттың тазаруына мұрындық болып отыр»,- дейді Гүлназ Досымбайқызы.

Іле ауданының «Жастар ресурсы» орталығының маманы Орынбасар Мадияр да өз сөзінде «Таза Қазақстанның» маңыздылығына тоқтады: «Бұл – жалпы Алматы облысы жастарының басын біріктіріп, бір іске жұмылдырып отырған акция. Алдағы уақытта әрбір табиғатқа жаныашыр адам тазалық әдебін ұстанып, қоршаған ортаны қорғауды, аялауды өз ауласынан бастаса, нұр үстіне нұр болар еді».

«Жасыл аймақ» бойынша Алматы облысындағы 15 еріктілер ұйымның өкілдерінің қатысумен қалалық жағажай тұсындағы ашылған аллеяға 150 ағаш отырғызылса, осы күні №3 орта мектеп ауласына 50, «Агрофит» ЖШС аумағына 50 ағаш егілді.

Естеріңізге сала кетсек, Алматы облысында «Жасыл аймақ» апталығының бірінші күнінде 4353 түп ағаш отырғызылған болатын. Жалпы облыс бойынша 7 күнде 30 616 түп ағаш отырғызу көзделіп отыр.

Назерке Инақынова

Жаңалықтар | Новости