Среда, 8 мая, 2024

Басқада

АРДАГЕРЛЕР ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТТІ

Су тасқыны елге оңайға тимей тұр. Мал-жан шығынынан бөлек, адамдардың талай жыл еңбектеніп салған үйлері су астында қалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға ел болып көмектесуге шақырған үндеуіне елдің әр түкпірінен қолдау көрсетуде. Кәсіпкерлер ақшалай демеушілік жасаса, мемлекеттік қызметкерлер бір күндік еңбекақысын арнайы есепшоттарға аударуда.

«Көп түкірсе – көл» дегендей, Қонаев қаласының тұрғындары Президент үндеуіне үн қосып, ел басына күн туған қиын сәтте сауапты іске белсене қатысып, бірі ақшалай, бірі заттай, әркім шамасына қарай көмектерін беруде. Қасым-Жомарт Кемелұлының: «Осындай қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару айрықша маңызды. Бір ел, бір халық болып жұмылып, бұл апатты еңсереміз. Бұл біздің қолымыздан келеді» деген сөзі Қонаев қалалық ардагерлер бірлестігі мүшелерін бей-жай қалдырмады. Қонаев қаласы ардагерлері 62 мың, Кербұлақ ауылы ардагерлері 447 мың, Сарбұлақ ауылының ардагерлері 156 мың, Шеңгелді ауылының ардагерлері 95 мың, Қосқұдық ауылының ардагерлері 18 мың теңге, барлығы 778 мың теңге қаражат жинап, «Демеу Қазақстан» корпоративтік қорына аударды.

«Ата-бабаларымыз бізді әрқашан бір-бірімізге көмек беруге, қиын сәтте кімге ауыр тиіп жатса соның жанынан табылуға үйретті. Демеу көрсете білу — қайырымдылық қана емес, үлкен адамгершілік»,-дейді ардагерлер.

Заңғар АЛТАЙ,
Қонаев қаласы

Жаңалықтар | Новости