Суббота, 27 июля, 2024

Instagram@nurlyolke

Басқада

spot_img

«Балдәурен» лагері – демалыстың қызықты мекені

Жеткіншектердің бос уақытын тиімді пайдаланып, жазғы демалыстарын көңілді өткізулеріне қолайлы жағдай туғызу мақсатында Қонаев қалалық орта мектеп-гимназиясында жылдағы үрдіспен мектеп жанындағы «Балдәурен» жазғы тынығу лагері жұмыс істеуде. Халықаралық балалар күнімен тұспа-тұс  жалауын көтерген лагерде 50 бала демалыстарын қызықты  өткізіп жатыр.

Мектепішілік лагерлерді тағылымды тәлім-тәрбие түрлерін ұйымдастыратын өнеге ордасы десек, қателесе қоймаспыз. Мұнда келген әрбір демалушыға Айгүл Исмайлова, Зәуре Нұрсолтанова, Жібек Түймебаева, Жансая Нарымбаева, Ернар Әлімханов,  Арай Еменақынова сынды тәрбиешілер жақсылыққа, адамгершілікке, ұйымшылдыққа тәрбиелей отырып, оқушылардың жазғы демалыс уақытын тиімді пайдалана білуге үйретуде.

Балалардың мүмкіндіктерін дұрыс арнаға жіберуде лагерьдің алатын орны бөлек. Баланың жас ерекшелігіне қарай қызықты іс-шаралар ұйымдастыру маңызды. Осы орайда бекітілген жоспарға сай жеткіншектерді сергітіп, ой-санасын дамыту бағытындағы және рухани серпіліске жетелейтін түрлі іс-шаралар  күнделікті өтуде.   Сонымен бірге демалушылар үстел үсті ойындарын ойнап, сурет салу және тағы басқа байқаулар мен іс-шаралар, психологиялық тренингтер, музыкалық сайыстарға және спорттық жарыстарға  қатысады. Мұндай шаралардың олардың  бойларында бұғып жатқан қабілеттерінің ашылуына септігін тигізетіні анық. Лагерьде әр нәрсеге қабілетті балалар бас қосады. Олар бір-бріне білмегенін үйретіп, әңгімелесіп, сөйлесу қабілеттерін де дамытады. Топпен жұмыс істеуге, көпшіліктің ортасында өзін көрсетуге бейімделеді. Бұл тұрғыда  өз істеріне жауапкершілікпен қарайтын тәрбиешілер болашағынан зор үміт күттіретін ұл-қыздардың ой-танымын кеңейту мен қабілет-қарымы шыңдалуына септігін тигізуде. 

Биыл қазақ балалар әдебиетінің озық туындысы саналатын «Мені атым Қожа» повесінің авторы Бердібек Соқпақпаевтың туғанына биыл  100 жыл толып отыр. Демалушы оқушыларды балалар жазушысының осы шығармасының желісінде түсірілген, адалдық, мейірімділік, достық секілді  киелі ұғымдарды дәріптейтін  фильмді қаладағы «Шағала» кинотеатрынан тамашалауларына мүмкіндік жасадық.

Тәрбие мазмұны ұйымдастырушының шеберлігімен ұштасқанда қандай шара болсын, баланың ішкі жан-дүниесін жаңартып, рухани азық болып, жарқын құбылыстарға жетекші болатыны анық. Сондықтан қоршаған ортаны аялап, әрдайым тазалыққа үйір болуға үйрету мақсатында демалушы оқушыларды қалалық саябаққа саяхатқа алып бардық.

Осылайша, бір-біріне ұқсамайтын лагердің қызықты күндері тынығушыларға ұмытылмас әсер сыйлауда. Тәрбиешілердің лагерде тынығып жатқан әр үйдің еркелерінің көңілдерінен шығу жолында еткен еселі еңбектеріне ата-аналар да дән риза. Демалушы оқушылар да  лагерде алған әсерлерін шаттана жеткізіп, тәрбиешілерге шексіз алғыстарын білдіруде.

Оқушылардың жазғы демалыстарын көңілді де тиімді өткізулері олардың  алдағы оқу жылындағы сапалы білім кепілі болатыны даусыз. Осы орайда Қонаев қалалық орта мектеп-гимназиядағы «Балдәурен» мектепішілік лагерінде демалыстарын көңілді өткізген балалардың да үздік оқып, білім биігін бағындыратындарына сенеміз.

Арайлым НАЗАРХАНОВА,
ОМГ жанындағы «Балдәурен» лагерінің 1-ауысым жетекшісі

Жаңалықтар | Новости

Instagram@nurlyolke